Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Саяси қызметшілердің басқарушылық құзыреттерін дамытуға арналған арнайы бағдарлама бар. Бұл "Жаңа формация басшысы" бағдарламасы. Ол бойынша жыл сайын 50 саяси мемлекеттік қызметші оқудан өтеді. Бұл вице-министрлер, әкім орынбасарлары және аудан әкімдері. Сонымен қатар 2023 жылы А корпусының 18 қызметшісі қайта даярлаудан өткен болатын. Биыл бұл жұмыс жалғасады", - деді агенттік өкілі.
Азамат Жолмановтың сөзінше, жыл сайын 25,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өтеді.
Айта кету керек, осыған дейін мемлекеттік қызметке іріктеу тәртібі өзгергенін жазған болатынбыз. Биыл 14 мемлекеттік қызметші Түркияда тағылымдамадан өтті.