Нақты айтқанда, 2019 бен 2021 жылдар аралығында елімізде 150 мыңға жуық жұп бөлек тұру туралы шешім қабылдаған. Үкімет бұған толық емес отбасылардың "Бақытты отбасы" бағдарламасына қосылуы себеп болды,- дейді. Ал былтыр бұл санат "Бақытты отбасыдан" шығарылған соң ажырасулар саны 7,7 пайызға төмендеген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бір жылдары елімізде жеңілдетілген несиеге ілігіп, баспана алу үшін құжат жүзінде ажырасқандар саны күрт артты. Мұны мына статистикадан да байқауға болады. Кейін ел арасында қаңқу сөз көбейген соң Үкімет толық емес отбасыларды "Бақытты отбасы" бағдарламасынан алып тастады. Осылайша, елдегі ажырасулар саны 3500-4000 жұпқа азайды. АХАТ мамандарының айтуынша, ажырасуға басты себеп баспананың жоқтығы екен.
"Бірінші әлеуметтік жағдай, өйткені олар пәтер шешіп тұрады. Ауылдан келе салып пәтер бермейді ешкім оларға. Жалдайды. Жалдағанда оларға ақша төлеу керек. Ол жұмыс істеуі керек. Олардың балалары болады, балаларды орналастыру керек. Біреуін садик, біреуін мектеп. Садикке де ақша төлеуі керек. Жүріп-жүріп шаршайды да ажырасады", -дейді Есіл аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Раушан Зарирова.
Елімізде баспана кезегінде 636 600 адам тұрса, оның 415 700 әлеуметтік осал топтар. Яғни, жетім, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек пен көпбалалы аналар. Оларға мемлекет 2 пайызбен несие алуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда, бағдарламаның миға қонымсыз тұстары көп. Олай дейтініміз, "Отбасы банктің" бұл шарттарына да сай келмейтіндер бар.
2020-2021 жылдары "Бақытты отбасы" аясында 14 938 несие берілген. Бұл өте мардымсыз, дейді сарапшылар. Тіпті, жеңілдетілген несие алатын тізімде болса да, жеңілдіктен қағылып отырғандар да бар.
"Үй тұрғызылып жатқан жоқ ондай бағдарламамен, "Отбасы банкте" ондай бағдарламамен үй берілген жоқ. Бағдарламаның түйткілдерін айтатын болсақ, жетім балада пенсионный отчисления қайдан болады, кредитный история жоқ. Олар Детдомнан шыққан соң ол бағдарламамен қалай үй алады? Мүгедек адамдар да 2 пайыз болсын ондай бағдарламамен үй ала алмайды", - деді "Не молчи сирота" қоғамдық қорының директоры Руслан Тұрысбеков.
Ал депутаттар осы мәселені Парламент қабырғасында көтеріп, тіпті, Смайыловтың атына әлеуметтік осал топтарға алғашқы жарнасыз үй беруді сұрап сауал да жолдады. Үкімет "Бұл мүмкін емес" деген жауап қайырған. Жетімдердің құқығын қорғау үшін құрылған қор да Мәжілістегі жұмыс тобында осал топтарға тегін үй берілуі керек деген бастама көтеріп жатыр. Алайда, біреуге 13 жыл тегін үй берілмей, енді бірінің табысы жоқ боп жатқанда бұл топтағы адамдарға баспана алу тағы да жылдарға ұласқан арман боп қала беретін сияқты...