Атырау облысы Жылыой ауданында 6642 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Алайда аудан бойынша соңғы 4-5 жылда "Кәсіпкерлікті қолдау картасы" шеңберінде бірде-бір инвестициялық жоба жүзеге аспапты. Бұл жөнінде аудан әкімі Халел Жамаловтың былтырғы атқарылған жұмыстар жөнінде берген есебінде мәлім болды.
Онда "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасымен Құлсары қаласының 16 жеке кәсіпкері 121 млн 400 мың теңгеге несие алуға қол жеткізді. Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 103 жобаға 57,7 млн.теңге грант берілді. Жергілікті бюджет қаражатымен "Бизнес Аймақ" жобасы арқылы 2020 жылы 3 адам 15,3 млн.теңгеге несие алуға қол жеткізді" деп нақтылады өңір басшысы.
Алайда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мұнайлы ауданда кейәінгі жылдары инвестициялық жобаларды сиреп кеткенін сынға алып, "Өткен жылы аудан бойынша құрылған жұмыс орындарының саны 2019 жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға төмендеп кетіп отыр. Осыған байланысты, жаңа жұмыс орындарын құрып, әр салада жергілікті қамтудың үлес салмағын арттыруға жұмыстану керек", - деген тапсырма берді. Жылыой ауданында мал басы өсуі және одан алынатын мал өнімдерінде былтырғы жылмен салыстырғанда даму динамикасы байқалады,
Бір жақсысы, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша оң қарқын байқалады. Жылыой ауданында қазіргі таңда 241 шаруа қожалығы мен бір жеке серіктестік бар. Шаруашылықтарда статистикалық мәлімет бойынша 18 091 бас мүйізді ірі қара, 74 095 бас қой-ешкі, 9 011 бас жылқы, 8 153 бас түйе малдары есепке алынған.
Аудан бойынша 3 мал сою цехы және 1 мал сою алаңы жұмыс жасайды. Өңдеу бойынша ауданда "Атырау Сауда" ЖШС Израиль мемлекетінен әкелген өнімділігі тәулігіне 500 литр сүт өңдейтін цехі бар. Сонымен қатар "Достан Ата" шаруа қожалығының шағын шұжық цехы жұмыс жасайды. Қуаттылығы жылына 128 тонна әр түрлі шұжық өнімдерін өндіруге есептелген.
"2020 жылы сатып алынған асыл тұқымды аталық малдар үшін 13,4 млн.теңге, асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін 9,7 млн.теңге, ивестициялық субсидияға 283,8 млн.теңге және мал азығы үшін 114,8 млн.теңге, барлығы 421,7 млн.теңге субсидия есептеліп берілді. Оның үстіне, былтыр жылыойлық малшылар "Сыбаға", "Іскер" және "Агробизнес" бағдарламалары бойынша 234,1 млн.теңгеге 24 шаруа қожалығы төрт түлік мал сатып алды", - деді аудан әкімі онлайн есеп беру кезінде.
Құралай Қуатова