"Алматы Барысы" анықталды

853

"Алматы Барысы" анықталды

Қазақ күресінен дәстүрлі "Алматы Барысы" турнирінің чемпионы Түрксіб ауданының балуаны Дәурен Нұралинов атанды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Байрақты бәсекенің ақтық мәресінде ол Медеу ауданынан келген былтырғы чемпион 132 келілік Руслан Абдразақовты жеңді. Жеңімпаздың өзі 122 келі салмақта бәстескенімен, қарсыласын тізе бүктіре алды.

"Мен турнирді ұтқаным үшін қуаныштымын. Жарысқа жақсы дайындалдым, финалда қарсыласым да мықты болды. Русланды жақсы білемін, ол атақты әрі үздік спортшылардың бірі. Енді, алда "Қазақстан Барысы", жеңіске жетемін деген үміттемін", - деді Дәурен Нұралинов.

Ал үшінші орынды Түрксіб ауданының балуаны Жайдар Сайлаубаев пен Елдар Насиев (Алатау ауданы) сарапқа салды. Бұл жекпе-жекте жеңіске Жайдар Сайлаубаев жетті. Ол қола белбеуі мен 100 мың теңгені қанжығасына байлады.

Турнир чемпионына лада приора көлігінің кілті мен алтын белбеу, екінші орын иегеріне 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен күміс белбеуі табысталды. Енді олар "Казақстан Барысы-2018" турнирінде Алматының намысын қорғайтын болады.

Еске сала кетсек, боз кілем бәсекесі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Қаламыздың ең ауқымды спорт шараларының біріне айналған жарысқа аудандық жарыстардан іріктелген үздік палуандар өзара мықтыны анықтады. Күрес алаңында Алматының 8 ауданынан келген 24 балуан өзара бақ сынасты. 

Айтулы доданың салнатты ашылу рәсімінде Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.

"Бүгінде, қазақ күресі еліміздегі спорт түрлерінің халқымызға кеңінен танымал, ел сүйсініп тамашалайтын, нағыз текті күрес түрі. Ал "Алматы Барысы" турнирі - қала тұрғындары мен қонақтарына, жалпы спорт сүйер қауымға тарту етілген ерекше сый, дәстүрлі спорттық мереке", - деп атап өтті Әбіл Дөңбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу