"Алакөл майдың" артықшылығы мол

Қажет Андас Қажет Андас
6433

Алматы облысында еліміздегі майбұршақтың 95 пайызы өсіріледі.

"Алакөл майдың" артықшылығы мол Фото: etozdorovo.com

Осынау мақтан тұтарлық көрсеткішке шекаралы аймақта қоныстанған алакөлдіктер үлкен үлесін қосып отыр. Олар "МаЖиКо – 2020" инвестициялық кластерлік бағдарламасымен майлы дақыл өсіріп, өңдеудің экономикалық тұрғыда аса тиімді екенін дәлелдеді. Әсіресе, соя өсіру, оны тереңдете қайта өңдеу, соя майы мен жомын сату сынды кластерлік тізбені табыспен құра білді.

Сонымен қатар алакөлдік егіншілердің майбұршаққа қызығушылығына аудан аумағында суармалы жердің 35 мың га-ға жуықтайтыны, тарамдалған магистралды және шаруашылықаралық суару арналары желісінің әлі күнге сақталып қалғаны ықпал етіп отырғаны анық. Сонымен бірге сынақтан өткен технология мен жер қыртысын сапалы өңдейтін және күзгі орақты дер кезінде атқаруға арналған техникалар кешенінің жасақталуы да диқандардың ынтасын арттырды.

Алакөлдегі майбұршақ өсіру осыдан 15 жыл бұрын "Нүсіпов және К" ЖШС-нің 50 га-ға соя себуімен сынақ ретінде басталған. Содан бергі кезеңде жыл сайын артып отырған соялы алқаптардың көлемі былтыр 20 мың гектарға жетсе, биыл 23 мың 682 га-ны құрапты. Қазір аудандағы жекелеген шаруашылықтардың кейбірінің өзі 500 га-ға майбұршақ өсіріп, жинайды. Өткен жылы шаруалар 20 мың гектардан 46 мың тонна бұршақ алса, биылғы жылдың жайлы болуының арқасында түсім 62 мың 933 тоннаға жетті. Орташа есеппен әр га-дан 23 центнерден өнім алған. Май бұршақтың бағасы да шаруаларға аса тиімді болып тұр. Тоннасы 130-140 мың теңгеден. Ең бастысы, өткізілген өнім үшін есеп айырысу үш күнде жүзеге асырылады.

Бұрнағы жылдары жиналған өнімді өткізуде біршама қиындық туындайтын. Майбұршақтың жергілікті жерде өңделмей, солтүстіктегі облыстарға жөнелтілуі диқандардың қалтасына қосымша салмақ салатын. Биыл майлы дақылдарды өткізуде ешқандай қиындық та, кедергі де жоқ. "Алакөл – Нан", "ЭФКО" және "Агример – Авто" сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жиналған өнімді қабылдауға дайын. Ал жаңадан ашылған "Алакөл май" зауыты дақылды алысқа арбаламай-ақ Бескөл стансысында тереңдете қайта өңдеуден өткізеді.

Осыдан біраз бұрын премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қытайға жасаған жұмыс сапарында көрші елдегілердің Жетісу жерінде өсірілетін майлы дақылдарды шикізат түрінде де, қайта өңделген күйінде де сатып алуға дайын екенін біліп қайтқан еді. Сол жолы Панфилов ауданындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы "Құрғақ порт" аумағында дәнді дақылдарды қабылдап, тазалап, кептіріп, сататын кәсіпорынның қазығын қақты.

Енді міне, Алакөлде де "Алакөл май" деп аталатын сондай зауыт іске қосылды. Ол – өңіріміздегі майлы дақылдарды тереңдете өңдеуден өткізетін облыстағы бесінші кәсіпорын. Алдағы уақытта Ислам даму банкінен қарастыралатын миллиардтаған қаражат магистралды және шаруашылықаралық арналарды қайта құрылымдауға жұмсалады. Бұл облыстағы майды дақылдар егістіктерінің аумағы барынша арттырылып, суармалы жердің әр гектарынан алынатын түсімді көбейтеді.

"Алакөл – Нан" ЖШС қаржы директоры Ержан Нүсіповтің айтуынша, "Алакөл май" зауытының құрылыс жобасына инвестицияланған 450 млн теңгенің 130 миллионы "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы бөлініп, оған Қытайдан құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Өндірістік ғимарат қысқа мерзімде тұрғызылып, технологиялық үдеріске қажетті бу шығаратын қазандық салынып, дербес электростансы құрастырылған. Жабдықтарды құрастыру және мамандарды оқытып-үйрету жұмысына көрші елдің мамандары тартылған. Желінің күндік өндірістік қуаты 120 тонна майбұршақты өңдеуге жетеді. Желіні бір күн ішінде қайта баптау арқылы күнбағыс және рапс майын да шығаруға болады. Төрт ауысыммен жұмыс істейтін зауыттың қоймасында 5 мың тонна соя мен мың тонна шемішке сақтауда тұр.

Жаңадан жұмысқа кіріскен зауыт желісі әзірге рафинадталмаған соя майын шығарады және оны тапсырыс берушілерге жөнелтеді. Тапсырыс жасаушылардың басында Қытай еліндегі кәсіпорындар тұр. Өндірістік қалдық – жом жергілікті тұтынушыларға сатылады. Алдағы уақытта осы өнімді рафинадтайтын желі құрылысы қолға алынбақ. Сол кезде майбұршақ майы азық түрінде пайдалануға толық дайын күйге жеткізіледі. Зауыттың бірінші кезекте құрастырылған желісі рафинадталмаған соя майын шығарады дедік. Қазір екінші кезекте рафинадтау желісін құрастыру жоспарланған. Жоспар жүзеге асса, жұмысшылар саны 100 адамға жетіп, арнайы ыдыстарға құйылған соя және күнбағыс майы ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіледі.

Алматы облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, соның ішінде заманауи әрі жоғары технологиялы кәсіпорындар салуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы Үйгентас аймағындағы Ойжайлау ауылында балды өлшеп-орауды қолға алудың арқасында биыл өңірдегі бал өндірісі күрт артты. Енді майбұршақты тереңдете өңдеу табысты жүзеге асырылса, соя майы экспортқа шығарылып, қайта өңдеуден соң шығарылатын дайын өнім түрінің 80 пайызын құрайтын жом жергілікті жердегі мал фермалары мен құс фабрикалары үшін таптырмас жемге айналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу