"Апострофқа" асыққандар ұлттық комиссияның алдын орап жүр

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
19844

Мерзімді басылымдарда латын қарпінде жарық көрген мақалалар ғаламтордан іздегенде табылмайды.

"Апострофқа" асыққандар  ұлттық комиссияның алдын орап жүр

Президент латын қарпіне көшу жайында 2012 жылы "Қазақстан – 2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында: "Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларырымздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады" деген еді. Сол кезде бұл мәселе ақпарат құралдарында дүркін-дүркін көтерілсе де, ізінше басылып қалған. Ал қоғам биыл президенттің кезекті мақаласынан кейін латын қарпіне көшуге білек сыбана кірісіп кетті.

Латын әліпбиіне көшу биылғы жылдың басты ұранына айналды. Президенттің мақаласын негізге ала отырып  шара өткізбеген мекеме кемде-кем. Бұл ақша игеру ме, әлде бағдарламалық мақаланың орындалуына септігін тигізу ме, әйтеуір ұйымдастырылған конференция мен басқосуда есеп жоқ. Кейде ұрандатып "Латын қарпіне көшуді жеделдетейік" деп асығыстық танытқандар да болды.

Бұған дейін латынға көшкен елдерде кемшілік болмады деу қате пікір. Олар әлі күнге сол қателіктің зардабын тартып жүр. Латынға көшу процесі Өзбекстанда - 24 жылға, Әзірбайжанда - 9 жылға, Түркияда - 30 жылға созылды. Демек әліпби ауыстырарда  "жеті рет өлшеп, бір рет кесу" қағидасына сүйену қажет.

Елбасы латын қарпіне көшу мәселесін араға жылдар салып бекер тілге тиек еткен жоқ. Осы салаға қатысы бар мамандардың пікірін тыңдап, арнайы ұсыныстардың жасалуына мүмкіндік берді. Тіпті арнайы құрылған ұлттық комиссияға 100 жоба түскені ақпарат құралдарында жария болды. Алайда соның ішінен тіл нормасына сай, үйлесімді нұсқа таңдап алынды ма? "Осы жылдың соңына дейін жаңа графика бекітілсе, 2018 жылдан бастап оны үйрету, оқулықтардың латын әліпбиімен шығарылуы секілді жұмыстар атқарылады, 2025 жылдан бастап іс-қағаздар латын әліпбиімен жүргізіле бастайды" делінді. Содан ба екен, кейбір шенеуніктер латын қарпіне көшу мәселесіне қамшы басқан сияқты. Бір ескеретін жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарылатын жұмыс емес, ол да бір эволюциялық дамудан өтеді.

Қазірдің өзінде кейбір республикалық басылымдар логотипін ауыстырып, аракідік мақалаларын латынша жариялап жүр. Ол ол ма, жақында латын тіліндегі кітаптың да тұсауы кесілді. Бұл не? Жандайшаптық па, әлде халықтың көзін латын әліпбиіне үйрете беруден туған жанашырлық па? Қазіргі әрекеттерге байыпты көзбен зер салсақ, соның екіншісінің таразысы тартып кететіндей.

Қош, аз уақыттың ішінде латын қарпіне көшуге байланысты екі жоба ұсынылды. Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов: "Тамыздың аяғында әліпби турасында жұмыстар аяқталып, үш нұсқа қалды. Үш нұсқадан таңдалып, алдымен Парламентке диграфтық нұсқа ұсынылды. Ол нұсқаға байланысты көптеген сұрақтар болды. Одан кейінгі апостроф нұсқасы… Жалпы айтқанда, қоғамда "диграф нұсқасынан кейін іле-шала бір-екі айдан кейін әліпбидің апостроф нұсқасы дайын бола қалды. Әліпби соған байланысты шала болды" деген бір пікір бар. Ол пікір орынсыз", – деді.

Орталық директорының айтуынша, латын әліпбиін жасаудың үш әдісі бар. Біріншісі, диграфтық, екіншісі – апострофтық, үшіншісі – диалектикалық тұрғыда жасақтау. Бұл үшеуі 2000 жылдардың басынан Қазақстанда айтылып келе жатқан нұсқалар.

Жақында сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша әлі де нақты шешімнің қабылданбағанын айтты. Оның айтуынша, дәл осы себептен апострофты латын әліпбиін қолданысқа енгізу әлі ерте. "Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бойынша нақты шешімге келген жоқ, сондықтан "апостроф" әліпбиін газеттерде я басқа жерлерде пайданалуға әлі ерте", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында. Бұл жазба сенат атынан үндеу ретінде жарияланса, бүкіл қоғам ретінде қолдауға болар еді. Дегенмен спикердің сөзі оның жеке азаматтық көзқарасы ғана. Соған қарамастан, соңғы жобаның авторы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек мырза "Фэйсбуктегі" парақшасында Тоқаевтың пікірін "Керемет жаңалық!" деп бөлісіп қойыпты. Сонда Ерден Қажыбек мырзаның өз мекемесінің атынан ұсынылған жобаны қорғаудың орнына, оған қарсы болуын қалай түсінеміз?!

Қоғам дұрыс-бұрыстығына қарамай, қолдаған жоба жайында белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін сұрағанымызда, ол: "Бір жағынан мұны ағартушылық, қоғамды дайындау жұмысының бөлігі деп қарастырса болады. Жұрттың көзі үйрене берсін деген ой. Яғни  латынша жазу үшін қаражат һәм техника қолданудың қажеті жоқ дегенді дәлелдеу шығар. Бұл таза латын қарпіне көшуді насихаттау жағы. Екіншіден, болашақта қай әліпбиді қабылдаймыз? Қай нұсқа бізге қолайлы  деген мәселе екіұшты. Ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшадағы жазуын латынша жазуы асығыстық сияқты. Мәселен Атырау облыстық әкімшілігі, Ақтау қалалық әкімшілігі сиқяты тағыда басқа мекемелер елдің алдына ерте түсіп жатыр. Ертеңгі күні шу болған әңгімеге қосымша дау туғызады немесе қылау түсіреді деп ойлаймын. Ертең басқа жоба қабылданса, олар жұрттың көзіне қалай қарайды? Қазір апостроф деген мәселе дау болуда. Мұның түбегейлі шешімі қалай болатынын дөп басып айту қиын. Ал басылымдардың логотипін латынға ауыстыруы – көзді үйрету. Бұл сол редакция ұжымымен, сол құрал-жабдықпен, сол баспамен латын тіліндегі газетті емін-еркін шығаруға болады дегенді дәлелдеу. Кітап шығару да сол. Алайда, қазір жарияланған азды-көпті дүниеден-ақ біраз мәселе көрінді. Апостроф жазуының кемшіліктері көзге ұрып тұр. Мәтіндер шашырап, оның оқылуы қиындық туғызуда. Бұл да бәлкім, осы жағдайды түсіну үшін де керек шығар. "Айқын", "Ана тілі" газеттерін үнемі шолып жүремін. Әсіресе латын қарпімен терілген мақалалардың артықшылығы мен кемшілігін қараймын. Сол тұрғыдан қарағанда  аз уақытта кемшіліктері айқындалды. Екіншіден, эксперимент ретінде көрдім, сол газеттерде латын қарпінде жазылған мақалаларды "Google"-ден іздесеңіз, таппайсыз. Өйткені  апостроф жазуы сөздің мағынасын, адам аттарын бөліп жібереді. Бұл жасалып жатқан саясаттың кемшін тұсын ұғыну үшін керек те шығар. Бірақ мекеме, ұйымдардың атын латынға ауыстыру – артықшылық. Бұл шолақбелсенділердің әрекеті, шын ниеттілердің жұмысы болуы мүмкін. Ең бастысы, латын қарпіне көшу деген көште ылаң шығарып, ел-жұртқа мазақ болмау жағын ойлаған жөн", – деп жауап берді.   

Латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыға салынған сәтте "qamshy.kz " порталының жетекшісі, ұлттық комиссиядағы жұмыс тобының мүшесі Біләл Қуаныш қаріп ауыстыратын арнайы конвертор жасауға ұсыныс білдіріп, министрліктен 56 млн теңге сұраған болатын. Ал осы жұмыс тобының тағы бір мүшесі, IT маманы Рымбек Ізғали бұған қарсылық танытып, "56 млн теңгеге жасаймыз" деген конверторды тегін жасауға болатынын дәлелдеп, мұны сөзбен айтып қана қоймай, мысал ретінде жасағанын да айтты. Бұдан кейін 56 млн теңгеге бағаланған конвертор жобасы күн тәртібінен алынып тасталды.

Қалай десек те, әзірге елбасы: "Осы жоба қолданысқа жаппай енеді" деп кесіп айтпаса да, соңғы апострофтан құралған латын қарпінің арқасында мейлінше көзге түсіп қалуға тырысып, алдына жан салмауға ұмтылғандардың қарасы басым болып тұр. Алайда рухани жаңғыруды желеу еткендерге бұл жобаның артық-кемін айтып, аз-кем кеңес беруге билік өкілдері де, тіл мамандары да құлықсыздық танытуда. 

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу