Байығың келсе, блогер бол

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5225

Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері кінәлі екен.

Байығың келсе, блогер бол

Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіруге арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін қазынадан қыруар қаржы жұмсалады. 

Жоба ретінде ұсынылған жоспардың алғашқы кезеңі 2018-2020, екінші кезеңі 2021-2023, соңғы кезеңі 2024-2025 жылдар аралығын қамтиды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың осыған қатысты өкім жобасында іс-шаралар жоспары "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" ҚР президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 жарлығы аясында атқарылатыны айтылған.

2018-2020 жылдар аралығында орфография, орфоэпия мәселелері реттеліп, әліпбиді үйренудің әдіс-тәсілдері жасалады және қазақ тілінің терминологиялық қоры біріздендіріледі. Бұған қоса латын әліпбиін ІТ технология мен ақпарат кеңістігіне бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында орфография, методика, терминология және техникалық-сарапшылар тобының отырысы өтеді. Іс барысында латын графикасына өтудің қаржылық мәселесін реттеп отыратын заңды тұлға тағайындалады.

Электронды үкімет порталына кеше жарияланған құжаттағы мәліметке сәйкес, 2021 жылы ел азаматтарына латын тілінде толтырылған жеке куәлік пен төлқұжат беріледі. Оқулықтарды латын графикасына көшіру үшін бюджеттен 202 млн теңгеден астам қаржы шығындалады. 2020 жылға дейін латын әліпбиін үйретуге, қазақ тілінің терминологиялық қорын жүйелендіруге және әліпбиді IT-технология мен ақпарат кеңістігіне енгізуге 545,8 млн жұмсалады. Қазақ тілі және қазақ әдебиеті оқулықтарын латын графикасына көшіру үшін 2019-2025 жылдар аралығында қазына қаржысынан 202 670,9 млн теңге бөлінеді.

Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігінің қолжазбасын әзірлеу мен жасауға 47,4 млн  теңге қарастырылған. Бұл шараны БҒМ, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты жүзеге асырады. Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ орфографиясы бойынша үлкен анықтағыштың қолжазбасын әзірлеу мен жасауға 28,5 млн теңге және латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ орфоэпиясы бойынша үлкен анықтағыштың қолжазбасын әзірлеу және жасауға тағы 28,5 млн теңге қарастырылған. Латын графикасы негізінде терминографияның ғылыми негіздерін әзірлеу, терминологиялық база жасауға 47,5 млн теңге. Салалық топонимиялық және антропонимиялық сөздіктердің қолжазбасын әзірлеуге 47 млн теңге бөлінеді.

"Латын графикасы негізінде Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларының және физика-географиялық атауларының анықтамалығын әзірлеуге 37,9 млн, жаңа үлкен орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер мен анықтамалықтарды шығару мен таратуға 300 млн, латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің қолжазбасын әзірлеуге 293,2 млн, жаңа үлкен қазақша-орысша-ағылшынша сөздіктің қолжазбасын әзірлеуге 291,9 млн, жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға 10896,1 млн теңге жұмсалмақ. Бұл бағдарламаны да БҒМ, "Өрлеу" БАҰО АҚ, Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері жүзеге асырады", – делінген "қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша іс-шаралар жоспары" құжатында.

Айтпақшы 2018-2025 жылдар аралығында видеоблог жасауға 168 млн теңге қарастырылатын көрінеді.  

Бәрін ай та, бірін айт демекші, қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру блогерлердің оң жамбасына келіп тұрған тәрізді. Өйткені кеше электронды үкіметтің порталына қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарында әлеуметтік желілерде блогерлерді тарту арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге 462 млн 600 мың теңге бөлінетіні жазылды. Мұны БАҚ өкілдері жарысып жарыққа шығарды. Сәлден соң электронды үкіметтің порталынан қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарына қатысты құжат жобасы  үшті-күйлі жоқ болып кетті.

Бүгін осыған қатысты мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеме жасады. Мұндағылар блогерлерге қатысты ақпарат дұрыс емес екенін айтты.

"БАҚ-та шыққан ақпарат арқылы электрондық үкімет порталына қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған іс-шаралар жоспарының мақұлданбаған жобасы жарияланғанын анықтадық. Жұртшылыққа әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінбегенін жеткізгіміз келеді", – деді мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов.

Комитет  төрағасы орынбасарының сөзінен түсінгеніміздей, қателікке жол берген министрлік қызметкерлері жауапкершілікке тартылады, ал жоспардың бекітілген жобасы таяу күндері электрондық үкімет порталына қайта салынады.

Бір қызығы, бізде үнемі осылай болады. Яғни басшылар "сүттен ақ, судан таза", ал қызметкерлер кінәлі. Былтыр "ҚазМұнайГаз" компаниясы миллиардтап шығын шегіп, Павлодар облысы дизель тапшылығын сезінген кезде құрбандыққа дәнекерлеуші шалынған болатын.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу