Ұсынылып отырған әліпби 90 пайыз дұрыс – Анар Фазылжан

4591

Қазақстандағы интернет сегменттің 12%-ы ғана қазақ тілінде дайындалады.

Ұсынылып отырған әліпби 90 пайыз дұрыс – Анар Фазылжан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиінен қандай кемшіліктер көріп отыр? Мәдениет және спорт министрлігіне нақты қандай кемшіліктерді түзету тапсырылды? Латын әліпбиінің емлесі өзгеретін болса, оны несіне мамандарға үйретіп жатырмыз? Маңдайшаларға ілінген жазуларды кім жаңалайды? Әліпби каллиграфиясын кім дайындап жатыр? Алматыда тіл тағдырына қатысты өтетін республикалық форумды жарнамалау үшін орталық коммуникациялар қызметіне келген мәдениет және спорт министрлігінің,  "Тіл-Қазына" орталығының өкілдеріне осы мәндегі сұрақтар қарша борады.

Кеше ғана мемлекет басшысы твиттерде латын әліпбиінің қолданыстағы үлгісіне қатысты сын айтқан болатын. 

"Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев те,  Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық  орталығының бас директоры Әлібек Асқар  мен ғалым хатшы Анар Фазылжан да бұл олқылықтың қай әріптерге қатысты айтылғанын нақты атай алмады.

Латын әліпбиіне көшу жұмыстарын бір орталықтан үйлестіру үшін құрылған "Тіл-Қазына" орталығының бас директоры Әлібек Асқар тіпті Президенттің сын-ескертпесі көңілдеріне қонғанын айтты.

"Қазір қай әріпті өзгерту керектігі туралы айту ерте. Біз, мұғалімдермен, ғалымдармен, зиялы қауыммен  2 күндік семинарлар өткізіп жүрміз. Сондағы ұсыныстарды жинап жатырмыз. Әліпби мен емлені нақты бекітер кезде бұл ұсыныстар ескеріледі. Кешегі Президенттің тапсырмасына байланысты тағы да тереңірек үңілеміз де,  ұсыныс жасаймыз.  Мемлекет басшысының бұл ескертуіне қуанып отырмыз", – деді ол.

Ал Нұрғиса Дәуешев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиінің төңірегіндегі қоғамдық пікір мен мамандардың ұсыныстары негізінде осындай тапсырма бергенін айтты.

"Сынақтан өткізу жұмыстарының кезінде әріптердің  Unikod стандарттарына сай емес жерлері белгілі болды. Бастаған кезде әр әріптің пернетақтада қалай тұратынын білген жоқпыз. Қазір соны пернетақтаға салып сынаудың мүмкіндігі туды. Биыл Lenovo компаниясымен бірге латын әліпбиіне негізделген пернетақта шығарып, тестілеу режимінен өткізгенбіз. Соның қорытындыларына сәйкес, әріп теру кезінде әртүрлі кедергілер тудыратын әріптер бар екені мәлім болды. Яғни ғалымдар ұсынған кейбір таңбалар Unikod стандартына сай келмейтін болып шықты.  Осы күнге дейін 1000-нан астам маманмен латын әліпбиіне көшу бойынша әдістемелік жұмыс жүргіздік. Оның ішінде әртүрлі буын мен сала өкілдерінің пікірлері алынды. Президент кеше соның барлығын жүйелеп, ұсынылған түзетулерді енгізуді тапсырды", – деді Нұрғиса Дәуешев.

"Тіл-Қазына" орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжан қазіргі латын әліпбиі ішінара өзгертуге ұшырауы мүмкін деген пікір білдірді.

"Бұл әліпбидің тарихын білесіздер. Ең алдымен, Парламентте диграф әліпбилер туралы әңгіме қозғалды. Бірақ ол ресми түрде бекітілген жоқ. Содан кейін Елбасының Жарлығымен апостроф таңбасы қойылған әліпби бекітілді. Алайда халықтың пікірі ескеріліп, ол Жарлыққа өзгеріс енгізілді. Қазір біз акут алфавитті қолданамыз. Қазіргі акут таңбасымен алынған әліпбиіміз  "бір дыбыс – бір әріп" принципіне толығымен сәйкес келеді. "Ш" мен "Ч" әріптері ғана осы приципке үйлеспейді. Диакритиканың түр-түрі бар. Акут әліпби соның ішінде біз үшін ыңғайлы диакритика бойынша жасалды. Соған қарамастан, Президент тапсырмасы бойынша тағы да әліпбиді сынақтан өткіземіз. Бірақ бұл алфавит толығымен ауысады дегенді білдірмейді. Бұл алфавитте жұрттың көңілінен шыққан әріптер көп. 90 пайызы дұрыс", – деді ғалым.

Оның айтуынша, жаңа әліпбидің калиграфиялық үлгісін Ы. Алтынсарин атындағы білім беру академиясы психолог, педагог, дизайнер, тілтанушы, әдістеме мамандарды жинап, солардың жұмыс тобы арқылы әзірлеп жатыр. 

"Менің білуімше, ол дайын болып қалды. Егер қазіргі әліпбидің әріптері өзгерсе, калиграфия да тез арада соған сәйкес өзгертіледі.  Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдан бастап әліппені латын әліпбиімен дайындайды. Сондықтан да калиграфиялық үлгі де аталмыш уақытқа дейін әзір болады", – деген Анар Фазылжан ресми түрде бекітілмеген латын әліпбиін қолдану ешқандай сөкеттік деп ойламайтынын жеткізді.

"Бекітілген дүниені өзгерту өте қиын. Сондықтан бекітілмеген әліпбимен таңбалау тәжірибелері орынды деп санаймын. Көбі мекеме маңдайшаларын бекітілмеген латынмен жазып алып, ертең тағы шығындалады деген сын айтылып жүр. Кез келген мемлекеттік мекеменің маңдайшасындағы жазу 6 айда бір рет ауыстырылып отырады. Себебі күнге оңады, желге тотығады. Сондықтан ол сын негізсіз", – деді ғалым.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу