Латыннегізді әліпбиді оқыту сыныптары ашылды

6238

Жаңа қазақ әліпбиін оқыту жаңа серпін алады.

Латыннегізді әліпбиді оқыту сыныптары ашылды

Еліміздің астанасында латын графикасына негізделген әліпбиді оқыту сыныптары тұсауын кесті. ҚР мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті "Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" жанынан ашылған сыныптарда еліміздің әр өңірлерінен әртүрлі сала өкілдері келіп жаңа әліпбимен жазу дәрістерін алуда. Сынып бөлмелері сабақ өткізуге қажетті құралдармен, техникалық құрылғылармен жабдықталған, сондай-ақ онлайн конференциялар, дәрістер өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Сабақтарды жаңа қазақ әліпбиінің емле ережесін әзірлеген ғалымдар өткізеді.

Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев inbusiness.kz ақпараттық порталы тілшісіне осы орталықта білім алу ерекшеліктері жайлы айтып берді.

"Жаңа әліпбиді енгізу бағдарламасы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі  – ұйымдастыру кезеңі. Ең алдымен, бізге қиындық туғызғаны әдістеме мәселесі болды. Өйткені әдіскерлердің көпшілігі қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрететін мұғалімдер. Енді біз оларға әліппе, емле ережесін үйрететін әдіскер ретінде дайындауға қайта оралуымызға тура келді. Латын графикасына көшу жайлы Елбасының мақаласы жарияланғаннан кейін маман тапшылығы байқалып, шұғыл арада маман даярлауымыз қажет болды. Содан кейін Баку, Анкара, Стамбулға барып, олардың өткен тәжірибелерін көрдік, әдістемелік тұрғыдан кемшіліктері мен артықшылықтарын зерделедік, кітаптарын алдық. Бастауыш сынып мұғалімдерімен семинар өткізіп, басқа да ұйымдармен бірлесе жұмыс істедік. Барлығын жүйелеп, алғашында 12 сағаттық кейін 72 сағаттық оқу құралын дайындадық. Әр облыс өзінше оқытып, жүйесіздік пайда болмас үшін қазіргі кезде ғалымдарды жинап, 24 сағаттық оқу құралын әзірлеудеміз. Алдағы 1-2  ай ішінде баспадан шығарып, барлық облыстарға таратамыз. Одан соң, оның онлайн оқыту нұсқасы да әзірленеді", – деді орталықтың атқарушы директоры.

"Білім алушылар туралы айтар болсам, қазір 28 адам курстардан өтуде. Олардың дені еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген мамандар: ірі ұлттық компаниялар мен Бас прокуратура, Қауіпсіздік комитеті тәрізді мекеме өкілдері. Олар да келген мекемелеріне барып алған білімін әріптестеріне үйретеді. Осылайша оқытушылар буыны қалыптасады. Ал баспа ісі және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жеке семинар өткіземіз. Әр сала бойынша өздеріне тән терминология, атаулар бойынша қажетті минимум береміз. Дегенмен оқыту ары қарай жалғасын табады. Мұғалімдерді оқыту негізінен ҚР білім және ғылым министрлігі жүргізеді. БҒМ биылғы жоспар бойынша 9 038 адам оқытуға тиіс, біз 2 500 адам оқытуымыз керек. Көптеген мектеп мұғалімдері бізге келіп оқығысы келетіндігін білдіреді. Біз оларға ҚР БҒМ жүйесімен оқитындықтарын айтамыз", –  деді Ербол Тілешев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу