"Қазіргі киноның деңгейі 1915-1920 жылдардан алысқа ұзап кеткен жоқ"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
11936

Қырғыз-қазақ киносының феномені атанған Болот Шамшиев abctv.kz тілшісіне сұхбат берді.

"Қазіргі киноның деңгейі 1915-1920 жылдардан алысқа ұзап кеткен жоқ"

– Болот аға, қазір кино да, киноға деген көзқарас та өзгерді. Қазіргі қырғыз киносы жайлы не айтасыз?

– Алғашқы кезде – көрдім. Қазір бұл кезеңді сарапшылар "көше киносы" деп баға беріп жүр ғой. Режиссерлер мен сценаристердің өтініші бойынша пікір айтып жүрдім. Бірақ менің "дипломатиялық көзқарасым" көп адамға жақпады. Олар менен "керемет" деген баға күтті. Киноның құндылықтарын "Қасқырдың апаны" немесе "Қараш-қараш оқиғасына" қарап бағалап үйренген көңіл басқаша айта алмасы анық. Тіпті тырыссам да өз-өзімнен аттап кете алмаймын ғой. Бұл біраз адамдарға жақпады.

– Сіздің кеше мен бүгінді салыстыра алатын мүмкіндігіңіз бар. КСРО жүйесі кезінде қырғыз киносының бәсі басым болды. "Қараш-қараш оқиғасы" халықаралық қауымдастықтар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

– Мұның себебі не демексің ғой? Себеп – жалғыз. "Кырғызфильмде" тіпті кинопавильон да болған жоқ. Идея болды, бас болды, камера болды...

– Бұған режиссерлердің қырғыздың тарихын кино тілінде өрнектесем деген ықыласын қосыңыз.

– Қырғыз киносының даңқын көтеріп тұрған фактор осы ғой. Бірақ КСРО кезінде киноны мемлекет қаржыландырды. Қазір мемлекет тарапынан қолдау аз. Жастар бюджеті аз, жеңіл-желпі тақырыптарды айналдырып кетті. Қазір киноны ұялы телефонмен де түсіруге болады. Соған қарап "жастар өнердің өз заңдылығы" деген шеңберден аттап кетуге болмайтынын біле ме деп ойлап қоямын. Өнер, киноарена – киелі ұғым. Киноның ағзасында қан бұлқынып тұруы керек. Ал қазір ол қан емес, әлдебір қосынды сияқты. Мұны "кетчуп" деуге болатын шығар. Тәуелсіз киноның қазіргі беталысы қуантпайды мені.

– Журналистерге берген сұхбатыңызда "дилетанттар киноға жолай алмайтын" депсіз.

– Әуелі киностудияның, сосын КСРО Мемлекеттік киностудияның сүзгісінен өтетін. Бұл шығармашылық сүзгі ғана. Сонан кейінгі процесте сценарист сынақтан өтіп келген адамдарды басқа инстанцияда сынақтан өткізеді. Осылардың бәрінен іріктеліп шыққандар ғана кино түсіру алаңына жіберіледі.

Қазір кинода қызық-қызық ұстанымдар байқалып қалады: мемлекеттің қаржысына түсірілген киноны кинопрокатқа шығаруға тек мемлекет қана мүдделі. Түсіруші топ – кино түсіру немесе тапсыру туралы актіге қол қойса, болды. Менеджмент әлсіз. Сондықтан, қазіргі киноның деңгейі 1915-1920 жылдардан алысқа ұзап кеткен жоқ.

– Киноның бағын ашатын актерлер тобы ма, әлде идеясы ма?

– Ресейлік досым Никита Михалковтың "жаман актер болмайды, сауатсыз режиссер болады" деген сөзі бар. Киноға қатысқан актердің жауапкершілігі менің мойнымда. Режиссердің миы, бұл ретте миллион деректерді сиғыза алатын база тәрізді. Актерді қай жерде қалай көрсету, тіпті жарықты қай қырынан түсіру керектігін жұмыс барысында түйсікпен басқарып отырмасаң, еңбегің еш кетеді...

– Қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан қанша кино түсірді деп санауға саусағымыз жетпейді. Біздің білетініміз, бізге жеткені – 12 кино. Мұхтар Әуезовті де өкпелеткен жоқсыздар. Сөйте тұра "Әуезовтің әрбір шығармасы киноға сұранып тұр" деген сөздеріңіз бізге жетті.

– Кәсіби драматургия немесе киносценаристер бізде де, сіздерде де аз. Жылт еткен дүние су түбінде, қыры қырланбай жатқан асыл тас тәрізді.

Қырғыз киноиндустриясы үшін Айтматов флагман болды. Біз Айтматовқа қарап бой түзедік. Оны түсіну үшін, кино тілінде зерделеу үшін Айтматовтың әлеміне енуің керек.

Мен кезінде "Қараш-қараш оқиғасын" түсіргенде талантты режиссер Толомуш Өкеев "Көксеректі" экрандады. Екі шығарма да – Мұхтар Әуезовтікі.

Қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың түгелдей дерлік шығармасын киноға айналдырды. Әуезовтың "Абай жолы" драмалық киноға сұранып тұр. Оралхан Бөкейдің шығармаларына, тіпті сценарий жазудың керегі жоқ. Қазақстан кинорежиссерлеріне жақсы кино түсіруге барлық мүмкіндік жасалған. Киноның әртүрлі жанрларын дамыту керек, қазақтың батырлары жайында телехикаялар түсіруге мүмкіндік бар.

"Қараш-қараш оқиғасынан" кейін қазақ-қырғыз классиктерін экранға шығару науқаны басталатын шығар деп үміттенген едім. Өкінішке қарай, қырық бес жылдың ішінде осы тақырыпқа шындап бет бұрған режиссерлерді аз көрдім.

– Жоспар бойынша "Қараш-қараштың" бюджеті 350 мың сомнан аспау керек, түсірілім кезінде өзгерістер еніп, бюджеті жарты миллионнан асып кетті дейді. Сол рас па?

– Рас. Бірақ кино өзін-өзі жүз есе ақтады. КСРО-ның барлық елдері, оған қоса Германия, Франция сатып алды. Париждегі атақты Канн фестивалінде көрсетілді. Қырғыз бен қазақ киносында "Қараш-қараштан" басқа Каннда көрсетілген кинотуынды аз.

– "Қасқырдың апаны" болған оқиға ізімен түсірілген бе?

– Ия, өмірде болған оқиға. 1960 жылдары есірткі трафигі жайлы айтпақ түгілі, түс көруге де болмайтын. "Қазақфильм" алғашқыда идеяны қабылдамады. Бірақ киноны түсірдік. Жаман шықпаған тәрізді.

"Қасқырдың апаны" көп кесілді. Мәскеу апиын туралы көрсетілетін тұстарды қайта жасауға мәжбүрледі. Қадыр ақынның сөзімен айтқанда "шындықты өткізу үшін аздап өтірік қосуға" тура келді.

– Қазақ-қырғызға ортақ болып кеткен Шыңғыс Айтматовты жақыннан таныдыңыз. Ұлы Шыңғыс да тарихқа айналып кетті. Сіз білген Айтматов қандай еді?

– Мен білетін авторлардың ең жақыны еді. Айтматов шығармаларының көп экрандалу себебі кино түсіру барысында сюжеттердің орын ауыстыруына қарсылық білдірмейтін.

– Айтматов қырғыз кинематографистер одағы төрағасы лауазымын пайдаланып, шығармаларын экрандады деген сөздер де айтылды.

Бұл – жала! Айтматовта парасат пен ұлылық тұнып тұрды. Оның шығармасын экрандағысы келгендер қырғызда көп болды.

– Сіз режиссерсіз, киносценариссіз. Өзіңізге қайсысы жақын?

– Кино түсіріп жүргенде маған түсіру алаңы жақын еді. Себебі алаңда жүріп, киноның бағытын ойнатуға тырысамын. Ресейлік кинорежиссер, досым Георгий Данелия кезінде "Мен сценарий жаздым. Кино түсіру мен үшін қызық емес" дегенде сенген жоқ едім. Қазір үйде отырғаныма, кино түсіруден қол үзіп қалғаныма біраз болып қалды. Қазір маған киносценарий жазу түсірілген кино сияқты болып қалды.

Реті келгенде жұмысын енді бастап келе жатқан кинематографистерге сценарий мықты болса да ол тек жартылай дайын дүние екенін, оның сыртқы сипатын кино жұтып қоятынын айтатынмын.

– Демек, соңғы нүктеге дейінгі әсер ететін факторлар көп қой...

– Әрине, ол актерлер, қоршаған орта. Егер, сценарий мазмұнымен музыка үндессе, соңғы нүкте басқаша қойылады. Киноның өз заңдылығы бар. Жазушы – мазмұн, суретші – форма мен түс, актер сезіммен толықтырады. Ал осының бәрін жинақтап, авторлық идеясына бағындыратын – режиссер.

 – Сіз актерлерді таңдаған кезде оған қандай рөл лайықты екенін алдын-ала сезетін бе едіңіз?

 – Басқаша болуы мүмкін емес. Бізде актерлер аз. Голливудқа барып, актерлермен таныстыруды өтінген кезде олар таңқалып, қалаған актерді таңдап ала беруге болатынын айтты. Менің "онымен танысуым керек, сценарийді соның болмысына қарай лайықтауым керек" деген ұсынысым өтпеді. Олар мұндай ұсақ-түйекке бас ауыртпайды екен. Актерлерді тандаған кезде оның қандай тілді меңгергеніне, көзі мен шашы қандай түс екеніне ғана назар аударылады.

– Әрбір режиссердің жанына жақын актері болады.

– Басқаша болуы мүмкін емес. Олар бар еді. Көпшілігі о дүниелік болып кетті.

– Сіздің киноларыңызда Суйменкул Чокморов жиі түскен. Қазақ актерлері Чокморовтың өнердегі тұсауын сіз кесті дейді. Алғаш Чокморовпен қалай кездестіңіз?

– Алғаш рет "Асуда атылған оқ" оқиғасын түсіру кезінде кездестім. Жастар арасында мен іздеген кейіпкермен сырт келбеті үйлесіп тұрған жанды көрмедім. Қиялымдағы Бақтығұлды қолыма шарқ ұрып іздеуіме тура келді. "Алғашқы ұстаздағы" Болот Бейшенәлиевтың болмысы нәзік. Мен іздеген сырт келбеті мығым, бұлшық еттері ойнап тұрған кейіпкерге мүлдем ұқсамайды. Арада біраз өткенде Суйменкулды кездестірдік. Бірақ оны киноға түсіруге келістіру оңай болмады. Оны Бақтығұл рөліне дайындауға 1 жыл кетті...

– Сіз түсірген "Мергендер" киносында Әлияның рөлін ойнаған Айтұрған Темірованың да кинодағы бағын сіз аштыңыз.

– (Күліп) Одан қазақ бауырлар зиян көрді ме? Қазақтар Айтұрғанды осы кинодан кейін "өзіміздің Әлия" деп кетті.

– "Рөлдің зомбиі" дейді сізді қазақ актерлері.

– Бұдан қазақ-қырғыз киносы зиян шеккен жоқ. Басты рөлді сомдайтын актердің жанынан бір елі қалмай, кейіпкердің табиғатына байлап тастаймын. Сол кезде актердің кейіпкерінің табиғатына енуі процесі эволюциялық жолмен өтеді.

– "Асуда атылған оқ" Мұхтар Әуезов пен Тұрар Рысқұлов кездесуінің желісі негізінде түсірілді. Оның көп бөлігі цензурадан өтпей, кесіліп қалды дейді.

"Ақ кеме", "Қасқырдың апаны" және "Асуда атылған оқ" бір мезгілде түсірілді. Кино түсіру 1967 жылы басталды. 1968 жылы оны қайта жасап шықтым. Бұл жоғарыдан түскен пәрмен болды. Кино эфирге 1969 жылы шықты. Рас, қысқарды. Кесілді. Бірақ киноны экрандаудың өзі олжа болды.

– Кейін Мосфильмге" барып, қысқартылған нұсқамен қайта толықтыруға мүмкіндік болды ма?

– Жоқ. Екі киноның да экранға шығуға рұқсат етілмеген пленкалары көз алдымызда өртелді.

Цензурадан кейінгі көңіл-күй қалай болды? Іштен шыққан баланың мүгедек болып қалғанындай сезімде болған жоқсыз ба?

– Енді... ондай сезім болды. Әрбір кинодан кейін осындай сезімді бастан кештім. "Асуда атылған оқта" әу бастағы ойлаған нұсқаның тек 30-40 пайызы ғана қалды. Жанымның жапырағын жұлып алғандай күйде болдым алғашқы жылдары. Кейін, араға жарты ғасыр салған соң ғана мойынсұндым ғой.

– Дегенмен, 1960-1990 жылдар қазақ-қырғыз режиссерлерінің алтын дәуірі болып тарихқа еніп кетті. Оның бірден орнай қоймайтыны, біреудің себеп болғаны анық. Сіздің сол кездегі қазақ басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына кіріп, бұйымтайыңызды айта алатын мүмкіндігіңіз болды ма?

– Димекеңді сағынышпен еске алатындар қырғызда да көп. Ондай мүмкіндік бізде болған жоқ. Біз тек жақсы киноларды түсірумен ғана айналыстық. Бұл сыйластық сол кездегі екі ел басшыларының достығының нәтижесі.

– Біздің елдің қырғыз бауырларға деген көзқарасы мен сеніміне селкеу түскен кезі жоқ. Есімдері тарихқа айналып кеткен жақсыларымыздың көзін көрдіңіз. Баяғы достықтың ақ жалауын аттандатып, атқа қонбайсыз ба?

– Бұл сұрақты өз еліңіздің басшыларына қойыңыз. 1990 жылдары аймақтық киностудия құру туралы ұсыныспен шықтым. Назарға ілінбеді. Қазақ, қырғыз тарихында түйісіп жатқан тұстар көп. Біздер, өнер өкілдері халықтың арасын ашатын емес, достыққа бастайтын бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қазір біз салған күре жол қайта жаңғырды. Екі елдің режиссерлерінің бір-біріне деген ықыласы оң.

 – Нағыз кино туындысының қоғамға әсерінің көрінісін қалай көз алдыңызға елестетесіз?

– Егер өзім түсірген кино тұрғысынан келер болсам, "Қасқырдың апанын" көрген бала киноны көрген соң "мен нашақор немесе есірткі тасымалдаушы болмаймын" деген шешімге келсе, үкімет кинематографияға деген көзқарасты өзгертсе. Егер жас режиссерлерде білім болмаса, қаржыландырылмаса, жақсы кино қайдан шығады. Жас режиссерлерге қарап, Айтматовтың әлеміне жүрексінбей сүңгіп кеткен өзімді іздеймін.

– Сіз өзіңізді таптыңыз ба?

– Талантты балалар бар. Мемлекеттің көшін алға жылжытатын жастарды тәрбиелеу керек. Талант талантқа қарап бой түзейді. Бір-бірін асқақтады. Мен "Қараш-қараш" оқиғасын 26 жасымда түсірдім. Қазір бұл киноға әлемдік сарапшылар кинематографияның алтын көмбесі деп баға беріп жатыр. "Ақ кемені" 36 жасымда аяқтадым. 37 жасымда КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болдым.

– Біздің толқынның таңдайында сіз жасаған, Асанәлі Әшімов жасап кеткен киноның тәтті дәмі қалды. Қазіргі киноны қалай қабылдайсыз?

– Рас, біз жасаған кино 1970 жылдары дүниеге келген ұрпақтың таңдайында қалды. Себебі оларда бір-бірімен салыстыру мүмкіндігі бар. Кино көруге дайындықпен келген ұрпақ. Олар дайынды жұта салумен шектелмейді. Өзінің сүзгісінен өткен дәм ретінде қабылдағысы келеді. Сенің толқының барын бағалауды біздің толқыннан үйренді. Ал қазіргі жастарда таңдау құқы мол. Олар киноға аш емес. Отандық киноға қарны тоймаса, қажетін шетелден алады. Бұрын көрермен кинодан өзін танитын. Қазір біз көрерменді адастырып алдық. Қартиналар есепке немесе саясатқа құрылған. Көрерменге тереңге жүзуге, ойландыруға мүмкіндік бермейді. Қазір әлемдік киноинустриядағы негізгі жанр – драма – зат есім, қалғандары толықтауыш пен пысықтауыштар.

– 2010 жылдардың бас кезінде қырғыз басылымдарында "Манас" жырын экрандау мәселесі жиі айтылды.

– Манасты экрандау жайлы арман ол жайлы документалды фильм түсірген күннен басталды. Қазір Манасты түсіруге тәжірибе жетеді. Бірақ бәрі қаржыға байланысты. Бір кездері киноның бюджетін 3 млн рубль деп есептегенбіз. Қазір ол 10 млн рубльден асып кетті. Манасты экрандау үшін елді көрші елдермен іздеуге тура келеді. Мәселені қырғыз басшыларының көрші елдермен байланысы шешеді. Бұл жерде бар мәселе қаржыға ғана байланысты емес. Манас жайлы бір-бірін жоққа шығаратын пікірлер көп. 1952 жылдары бай-манаптардың өкілі деді. Тіпті көрші елдердің кейбір басылымдары Сталин, Берия және Манас" аттарын қатар қойып жазыпты. Мұндай көзқарас Манасты ғана шырмаған жоқ. Алғашқы қырғыз әліппесі, кітаптары да осы көзқарастың тұтқыны болды.

Қазір Манас қоры ашылды. Экрандау мәселесі кешігіп жатыр. Тек "Манас" қана кешігіп жатқан жоқ. Шыңғыс Айтматовтың "Жан пидасын" экрандау да кешеуілдеп жатыр.

– Болот Шәмшиев "Жан пиданы" экрандайды" деген сөз бізге де жеткен еді.

– Шыңғысты, "Жан пиданы" кім экрандағысы келмейді. Тіпті жапон режиссері Акира Куросава да кезінде Айтматовтан рұқсат сұрапты. Киноны қазір бастап кетуге болар еді. Қаржы мәселесіне келгенде тұйыққа тіреліп тұрмыз. Сосын "Жан пиданың" басты кейіпкері – қасқырлар ғой. Қасқыр дрессировкаға көнбейді. Питомниктен алу оңай емес. Айтматов айтып кеткен қасқырлар тобын қайдан табамыз.

– Қырғыз-қазақ режиссерлерінің иық тіресіп қатар жүрген күндерінен қалған белгі – екі елдің де киноиндустриясының алтын қорына айналды. Қырғыздың "Құрманжан датқасы" қазақтың төріне озды. Әзиз Бейшәналиевті қазақ өзіміздің бала дейді. Қазақтың классикалық кино қоржынына алтыннан көмбе салған Болот Шәмшиевті кейінгі буын қазақтардан кім бауырына тартып жүр?

– Ермек Тұрсыновты бауырымнан кем көрмеймін. Кездескен кезде "Бейбарыс сұлтанды" экрандамақ болып жүргенін айтты. Алла өмір берсе, Ермектің "Бейбарысынан" да менің қолтаңбамның ізін байқап қалатын шығарсыздар.

Әңгімелескен Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу