"Адам азды ма, заман ба?" деген сауал еріксіз мазалайды осындайда. Күн сайын жаға ұстатарлық жаңалықтан көз ашпай келеміз. Тіпті ерсі әдетке етіміз үйреніп бара жатқандай. Жаратушымыз Алла деп, жұма намазын қаза қылмауға тырысатындар көбейді. Тіпті жұма күндері мешітте ине шаншар орын болмайтынын да білеміз.
Осы бір оң тенденцияны өз мүддесіне пайдаланып, мұсылман атын жамылып, ұрлық жасайтындар да күн санап артып келеді. Арам пиғылдылардың кесірінен азаматтар мешітке аяғын аңдап басатын халге жетті.
Сондайлардың бірі Нұржан есімді Астана қаласының тұрғыны, әдеттегіше, қасиетті жұмада мешітке барып, алаңсыз намазға жығылып, дұғасын жасады. Алайда жұмадан кейін оған ішкі істер органдарына жүгінуге тура келді. Шайтанның азғыруына ергендер мешітте оның әмиянын қолды еткен.
"Жұма намазын қаза қылмауға тырысамын. Ол күні де жамағатпен кіріп-шықтым. Шықсам, әмияным жоқ. Ішінде біраз қаражат пен құжатым бар еді. Бірден полицияға шағымдандым. Мұндай арсыздар жауап беру керек деп ойладым. Мешіттегі камераға барлығы жазылған. Оның кім екені анықталып, ұсталды. Ұры жалғыз емес, топ болып жүреді екен. Өздерінің арнайы ым-ишараты бар. Өзара солай түсініседі де, шаруасын асықпай, алаңсыз тындырады", – дейді Нұржан.
Жұма күні Аллаға құлшылық етіп, тілек тілеп келген жамағатта тыныштық болмайды. Намазын оқуға ниет етіп келгенімен, бар ойы – өзімен келген дүниесін түгелдей өзімен қайта алып қайту. Киім-кешегі мен әмиянын, тіпті аяқ киімін аңдып отыруға мәжбүр.
Бойымызға дендеп сіңіп, әдетке айналған осы бір келеңсіз жайдың анық-қанығын білу үшін Нұржан мырзаның әмияны ұрланған елордамыздағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің басшылығына жолығып, Алла үйіндегі қауіпсіздік мәселесін сөзге етіп көрдік.
"Мешітте ұрлық, көбіне, жұма күні болады. Осы күні сұғанақ қолдылар көбейіп кетеді. Бірақ ұрлықты жою мақсатында арнайы күзет фирмасын жалдап отырмыз. Олар өз қызметін толық атқарып келеді. Мешітте 86 камера мен 18 күзетші үш ауысыммен жұмыс істейді. Ал жұма күні 12 мыңнан астам жамағат келеді. Сондықтан бұл күні күзет фирмасының барлық қызметкері шығып, бақылауды күшейтеді", – дейді "Әзірет Сұлтан" мешіті бас имамының бірінші орынбасары Қуат Ерғалиұлы.
Имам ғимаратты аралап, бүкіл камераны толық көрсетіп шықты. Расында мешіттің түкпір-түкпірінде камера орнатылған екен. Дегенмен ұрылар да әккі болып алған. Камера тұрған орындарды бес саусағындай жаттап алған.
"Ұрылардың қитұрқылығын түсіну оңай емес. Бет-әлпетін камераға көрсетпей, бүркеніп алып, керегін қолды қылады. Әр келген сайын түрлі кейіпте келеді. Дегенмен бір камерадан қашқанымен, екіншісі оны түсіріп алады. Сөйтіп мешітте болған ұрлықтың ізі суымай, олар ұсталады. Бүгін ұсталмағанымен, екі-үш апта өткен соң қайтып келеді, ол үнемі біздің бақылауымызда болады. Сөйтіп күзет фирмасы оны құқық қорғау органдарына тапсырады", – дейді бас имамның орынбасары.
Осы уақытқа дейін күзет фирмасы қаншама ұрыны ұстап, заң қызметкерлеріне тапсырған. Дегенмен ұрлық тыйылар емес. Олар қаладағы мешіттерге жұма сайын кезек-кезек барып, күнін көріп жүр. Күзет фирмасының қызметкерлері де өз жұмысының жауапкершілігі жайлы баяндап берді.
"Күн сайын күзеттегі барлық қызметкерге арнап жиналыс өткіземіз. Күдікті азаматтардың фотолары қабырғада ілулі тұр. Біздің қызметкерлер оларды жаттап алған. Ұрлық жасап, ұсталғандардың арасында тек ерлер емес, әйел адамдар да бар. Тіпті мемлекеттік мекемелерде істейтіндер, жоғары білімді азаматтар да кездеседі. Басқа мешіттерде ұстай алмай жүрген ұрыны біздің камерадағы жазбалар арқылы ұстап, қылмысын дәлелдеген кездеріміз болды. Тек ұрыларды ғана емес, мешіт имамдарынан бөлек, сырттан келіп уағыз айтатындарды да тоқтатамыз. Өйткені өзге дін немесе сектаның жарнамасын, кітапшасын тарататындар да болады. Барлығын тоқтатамыз, ескертеміз. Ал затын жоғалтқандар шағымданса, құқық қорғау органдарына арыз жазады. Кейін сол жерде қылмыстық іс ашылады. Содан кейін ол істі жүргізетін тергеуші келіп, камерадағы жазбаны сұрайды. Оған оқиға болған күндегі камера жазбасының көшірмесін береміз", – дейді "King Security" ЖШС қауіпсіздік қызметінің басшысы Өмірбек Тұрлыбеков.
"Әзірет Сұлтан" мешітіндегі қауіпсіздік шарасы толық орындалып отыр. Оған куә болдық. Мешіттегі камерада түрі анық көрінген үш ұрының кім екені анықталып, Нұржанның әмиянын ұрлаған қылмыскер де ұсталды. Мұнымен ұрының жойылу түгіл, саны азаяр емес. Сонда бұл "жайылып жүрген" сұғанақ қолдылар неге мұндай әрекетке барады. Иманы әлсіз бе? Жоқшылық итермелей ме? Біреу мәжбүрлей ме? Қатал заң жоқ па?
Мешітте ұсталған ұрылардың тізімінде 9 жасар баланың суретін де көрдік. Қайғы-қамсыз сабағын оқып, аулада достарымен доп тебудің орнына қылмыскер болып жүр. Сонда ата-ана қайда қарап отыр?
Дәл осындай жағдайға жуырда "Нұр Астана" мешітінде де куә болдық. Мешітке құптан намазын оқуға келген Дәулет есімді Ильинка кентінің тұрғыны сөреге қойған аяқ киімінің орнын сипап қалды.
"Кіре берістегі сөреге аяқ киімімді қойып, Құптан намазын оқуға кірдім. Шықсам аяқ киімім жоқ. Жақында ғана 40 мың теңгеге алғанмын, қымбат аяқ киім екенін байқаған ғой. Жарайды, Алла өзі берді, өзі алды!", – деп сабырлы сөйледі.
"Алла өзі берді, өзі алды" деп, ұрыларды жауапсыз жайына қоя беруге болмаса керек. Артынан мешітке орнатылған камерадағы жазбадан қарағанда, аяқ киімді алған ұрының бет-әлпеті анық көрінді. Тепсе, темір үзетін өрімдей жігіт. Полиция қызметкері шақырылып, арыз толтырылды.
"Асылында, мұндай халге түсуімізге себеп көп. Біз себеппен емес, салдарымен күресіп үйреніп қалғанбыз", – дейді мешіт қызметкері. Қасиетті дініміз – исламда ұрылар жайлы былай делінген:
"Мал-мүліктеріңді өзара заңсыз түрде жемеңдер және өздерің күнә екендігін біле тұра, олармен (сол заңсыз пайдамен) адамдардың мал-мүлкінің бір бөлігін жеу мақсатында соттарды сатып алмаңдар!" (Бақара, 188). Ақиқатында кез келген жасырылған нәрсені көретін, бәрінен хабардар Жаратушыдан қорқу ғана, Оған деген сенім ғана түрлі қылмысқа қарсы тосқауыл бола алады.
"Құдайдан қорықпаған адамнан қорық" деген халық нақылы бар. Қиямет күні барлық қылмыстың, жасырылған жымысқы әрекеттердің беті ашылып, күнәлілер жазаланары хақ. Ол күні ешкім ештеңе де жасыра алмайды.
Ұрының шариғаттағы жазасы – қолын кесу. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: "Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы – сол. Алла Үстем һәм Дана" (Мәида, 38).
Міне, асыл дініміз де бұл қылмысқа қатаң жаза қолданған. Кішігірім ұрлықтың өзіне саусағын шапқызған. Содан қорыққан халық та ұрлыққа бармаған. Оның үстіне қоғам саусақсыз адамды көргенде оның ұры екенін біліп, аулақ жүруге тырысқан. Яғни ұры қоғамнан бөлектенеді, шеттейді. Түбінде ұрлықты доғарып, тәубесіне келуге мәжбүр болады.
"Бізге де осындай заңды енгізу қажет. Ал баланы ұрлыққа итермелеген ата-ананы жазалау керек. Өйткені қатаң заң мен жаза ғана оларға сабақ болады. Құдайдан қорықпаған соң, олар адамнан қорықпайтыны анық. Олай болса, тек заңды өзгертіп, басқаша бетбұрыс жасау керек", – дейді қала тұрғындары.
Мешіт қызметкерлері: "Мешітке келіп, Алладан сұрап, құлшылық еткен жақсы-ау, алайда "Сақтанғанды Алла сақтайды" дегендей, әркім өз мүлкіне ие болса, артықтық етпейді", – дейді.
Рахиля Бекназарқызы