Қазақстанда неше мешіт, қанша секта бар?

11506

Билік келесі әлемдік діндер съезін өткізуге дайындалмақ.

Қазақстанда неше мешіт, қанша секта бар?

Жат ағымдармен күрес жалғасуда. 2020 жылы ішкі істер органдары діни қызмет саласында 64 заңбұзушылықты анықтаған. Оның 29-ы бойынша жауапқа тартылғандар айыппұлмен құтылды.

Құқық бұзушылықтар арасында Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, дiни араздықты қоздыруды, қатыгездiкке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған баспа өнімін өнiмiн дайындау, сақтау (Әкімшілік кодексінің 453-бабы), қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнаманы бұзу, сондай-ақ тіркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, олардың қызметiн қаржыландыру (489-бап), коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнаманы бұзу, діни рәсімдер мен жиындар өткізу (490-бап), діни мақсаттағы заттарды заңсыз тарату секілділер бар.

Ақ жолдан адасып, радикалды идеология жетегінде кеткендерді, тіпті Сирия, Ирак секілді елдерде соғысқа қатысып қайтқандарды реабилитациялау және қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта "Ақниет" қоры мол мемлекеттік әлеуметтік грант қаржыны игеріп жатыр. Ол экстремизм және терроризм бойынша сотталғандар, тергеуде жүргендер және олардың отбасылары арасында сауықтыру және дерадикалдандыру шараларын жүргізуге тиіс.

Дегенмен, тиімділігі сонша жоғары емес көрінеді: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, ол реабилитациялық шаралармен қылмыстық-түзеу жүйесі мекемесіндегі 138 адамды қамти алыпты. Теолог мамандар бағалауынша, небары 9-ы ғана реабилитацияланған! Яғни, теріс райынан толық қайтты. Тағы 91-і ұстамды позиция ұстануға көнген. Ал 38 адам сол бойы радикалды қалпына қалыпты.

Ірі қаржы игерушілерге қарағанда, полицейлердің "пайдалы әрекет коэффициенті" (КПД) жоғары сияқты. Ішкі істер министрлігі де өз бетінше қимылдап жатқаны мәлім. ІІМ дерегінше, темір тордың ар жағында 3 513 сотталушы қатысқан 1 625 іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде 506 адаммен 1 149 рет жеке әңгімелесу жүргізіліпті. 2 988 адамды тартып, 476 жалпы профилактикалық шаралар өткізілді. Нәтижесінде, жат ағын құрсауында жүрген 165 сотталушы реабилитацияланған екен.

Пандемия дін жолына түсіп, шетелге кетуші жастар легіне бөгет болды. Дегенмен, елде ТЖ және карантин енгізіліп, шекаралар жабылғанға дейін біразы кетіп үлгеріпті. 2020 жылдың І тоқсанының қорытындысында 258 Қазақстан азаматы шетелдік теологиялық оқу орындарында оқып жатқаны белгілі болды. Соның 130-ы ғана ел Үкіметі кеңес берген оқу орындарына түсті. Қалған 113 адам шетелдік күмәнді оқу орындарында білім алуда.

Рухани білім алу жөнінен қазақстандықтар арасында ең жоғары сұранысқа ие елдер де анықталды. Бірінші орында бұрынғыдай Мысыр тұр: 95 адам таңдаған. Екінші орында – Түркия: 66 азамат сонда діни білімнен сусындауда. Үштікке Сауд Арабиясы кіреді: 57 отандасымыз сол жақта оқып жүр. Ал Иорданияда 17 адам білім алуда.

"Жастардың діни білім алу үшін шетелге ағылуын азайту үшін отандық жоғары оқу орындарында олардың оқуына қажетті жағдайлар жасалды: Білім және ғылым министрлігі, жергілікті әкімдіктер жыл сайын "исламтану", "дінтану" және "теология" мамандықтарына білім гранттарын бөледі. 2019–2020 оқу жылына бұған 430 білім гранты бөлінді", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Қазақстанда қанша мешіт бар?

Бүгінде елімізде 13 діни оқу орны жұмыс істейтін көрінеді. Олардағы оқушылардың жалпы саны 3 мың 381 адамды құрайды. Оның ішінде 11-і – ислам бағытында: бұлар – Нұр-Мүбарак университеті, 5 медресе-колледж, 4 медресе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру жөніндегі Ислам институты. 2 христиан бағытындағы оқу ордасы бар: Алматыдағы православие рухани семинариясы және Қарағандыдағы "Мария-Матерь шіркеуі" епархияаралық жоғары рухани семинария.

2020 жылы елде 18 дін-конфессия атынан 3 мың 816 діни бірлестіктер ресми тіркелді. Тарата айтсақ, оның 2 мың 680-і – мұсылмандардың, 342-сі – православтардың, 86-сы – католиктердің, 595-сі – протестанттардың, 7-уі – иудейлердің, 2-еуі – буддистердің бірлестігі.

Секталар да жетерлік

Елімізде Иегова куәгерлерінің – 60, Новоапостоль шіркеуінің – 24, Кришна санасы қоғамының – 11, Бахаилардың – 6, Муниттердің – 1 бірлестігі бар. Тіпті Қазақстанда мормондардың 2 бірлестігі тіркелген. Олар "Иса Мәсіхтің Соңғы күндегі әулиелер шіркеуі" (Церковь Иисуса Христа Святых последних дней) деп аталады. Оны ХІХ ғасырда Нью-Йорк штатында америкалық уағызшы әрі масон Джозеф Смит құрған.

Бүкіл елімізде барлығы 3 мың 585 ғибадат ғимараты жұмыс істейді. Нақтылай кетсек, қазіргі кезде Қазақстанда мешіттер саны 2 мың 678-ге жетіпті. Бұдан өзге, 301 православ храмы, 108 католик шіркеуі, 406 протестант құлшылық үйі, Иегова куәгерлерінің 57 құлшылық үйі, Новоапостоль шіркеуінің 24 құлшылық үйі, 6 синагога, Бахаидың 2 құлшылық үйі, кришнаидтердің 2 құлшылық үйі және 1 будда храмы бар.

Ресми түрде мемлекетімізде 581 миссионер тіркелген. Оның 438-і – шетел азаматтары. Қалған 143-інің Қазақстан азаматтығы бар.

Ақпарат министрлігі "Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021–2023 жылдарға арналған кешенді жоспарды" бекітетін Үкімет қаулысының жобасын жариялады. Онда "2021 маусымда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін дайындау және өткізу" деген бап бар. Оны ұйымдастыруға Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері, Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктері жұмылдырылады деп жоспарлануда. Бұл "Орталық Азия өңірі елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстанның имиджін арттыру үшін" жасалатыны атап көрсетілген. VI съез 2018 жылғы қазанда өткен.

Жанат Ардақ


 Telegram каналымызға жазылыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу