"ММК-мен ынтымақтастықты дамытуға ықыластымыз"

13874

2020 жылға дейін ERG Магнитогорск металлургия комбинатына 30 млн тонна темір кені жеткізіледі.

"ММК-мен ынтымақтастықты дамытуға ықыластымыз"

"Магнитогорск металлургия комбинаты" (ММК) ААҚ және Eurasian Resources Group (ERG) темір кенін жеткізу туралы келісімге қол қойды.

"Екі компания 2020 жылдың соңына дейін "ММК" ААҚ-қа 30 млн тоннадан астам темір кенін жеткізуге келісті. Оның ішінде Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірісінен (ССТКӨ) шығатын жентек пен концентрат та бар", – дейді ERG баспасөз қызметі.

Келісімшарт Ресейдің темір кені металлургиясы көшбасшыларының бірі – "ММК" ААҚ-тың қажеттілігін 4 жыл бойы қамтамасыз етуге, ал Еуразия аймағында темір кені өнімін ірі өндіруші және экспорттаушының бірі – "ССТКӨ" АҚ-қа өнімді өткізудің жалпы көлемінен 80%-ға дейін жөнелтуге кепілдік береді.

"ММК" ААҚ бас директоры Павел Шиляев, ERG Sales сауда жөніндегі директоры және бас атқарушы директор Юрий Сенцов "ММК" ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы Виктор Рашников пен ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің қатысуымен келісімге қол қойды.

"Біздің компания металлургия саласында жоғары сапалы шикізатты сенімді жеткізуші екенін тағы бір дәлелдеді. Келісім "ССТКӨ" АҚ-тың ұзақмерзімді тұрақты өсуіне мықты негіз болады. Кәсіпорын тек Қостанай облысы үшін ғана жүйе құрушы емес, сонымен бірге барлық ел үшін жүйе құрушы. Магнитогорск металлургия комбинатымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықыластымыз", – дейді Александр Машкевич.

Виктор Рашников: "ММК жоғары сапалы темір кенін жеткізушілердің бірі – ERG компаниясымен ынтымақтастығын одан әрі дамытады. Біздің серіктестік қарым-қатынасымыз өзара тиімді ұзақмерзімді мақсатқа құрылған. ERG компаниясымен ұзақ мерзімге келісімшарт жасау – ММК-ның корпоративті саясатына толығымен сәйкес келеді", – дейді.

"Магнитогорск металлургия комбинаты" ААҚ ( "ММК" ААҚ) әлемдегі ірі темір шығарушылар тізімінде. Ол Ресейдің қара металлургия кәсіпорындары арасында көшбасы. Компанияның Ресейдегі активтері оның толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін ірі металлургиялық кешен екенін көрсетеді. 2015 жылы ММК тобы 12,2 млн тонна темір және 11,2 млн тонна металл өнімін шығарды. 2015 жылы ММК тобының табысы 5,839 млрд доллар болды, ал EBITDA 1,668 млрд долларды құрады.

Eurasian Resources Group (ERG) табиғат ресурстарын өндіру мен байыту саласында әлемдегі ең бір әртараптандырылған компания. Компанияның бизнесті дамыту жобалары мен кәсіпорындары 4 құрлықтың 14 елінде орналасқан. Сонымен бірге жұмыс орнын көптеп ұсынып отырған компания. 2014 жылы компания өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Компанияның бас офисі Люксембург қаласында.

ERG қазіргі уақытта феррохром өндіру жөнінен әлемдік көшбасы әрі темір кенін жеткізушілердің бірі. Сонымен бірге әлемдегі алюминий өндірушілер ондығында және мыс пен кобальтты жеткізушілер тізімінде.

ERG – бұл елдегі тау-кен- металлургия кешенінің үштен бірі. Сонымен қатар ERG электр энергиясын жеткізушілердің бірі және Орта Азиядағы ірі теміржол операторы. Елде ERG компаниясының маңызды кәсіпорындары – "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірісі", "Қазақстан Алюминийі", "Қазақстан электролиз зауыты", "Еуро Азия энергетика корпорациясы", "Шұбаркөл көмірі" және "ТрансКом" транспорттық тобы орналасқан. ERG кәсіпорындарында 61 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

ERG Конго демократиялық республикасындағы Boss Mining, Frontier және Comide кәсіпорнында мыс және кобальт кенін өндіріп, өңдейді. Сонымен бірге осы елде бірқатар басқа да дамыту жобасы аяқталуға жақын. Соның ішінде Metalkol Roan Tailings Reclamation (RTR) жобасы да бар.

Chambishi Metals PLC, ERG мыс балқыту зауыты Замбияда жетекші кәсіпорын, сонымен бірге дүниежүзіндегі ең ірі мыс өндіруші. Сондай-ақ компанияның Африка құрлығындағы әртүрлі елінде көмір, марганец, платина, боксит және флюоритті шығару жобалары бар.

ERG Бразилияда жылдық қуаты 18 млн тонна темір кенін өндіретін Pedra de Ferro кешені жобасын дамытып жатыр.

"ССТКӨ" АҚ – елдегі темір кенін өндіру мен байыту жөнінен жетекші кәсіпорын. Оның құрамына Соколов, Сарыбай, Қашар және Қоржынкөл карьері, "Соколов" шахтасы, Алексеев жоломит кеніші, кен дайындайтын және байытатын фабрикалар, жентек өндірісі, тау-кен теміржол және автокөлік басқармасы, жылуэлектр орталығы, технологиялық жабдықты басқармасы және басқа бөлімше мен цехтер кіреді.

Өндірістік жұмысының негізгі бағыты: темір кенін, доломит, әктас және құрылыс тасын өндіру мен өңдеу. ССТКӨ-нің негізгі өнімі – флюстелмеген темір кен жентегі мен темір кен концентраты. Өндіру мен өңдеу бойынша жылдық орташа өндіріс – 40 млн тонна.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу