"Нұрлы жер" бағдарламасына бюджеттен 1,8 трлн теңге жұмсалады

5356

Үкімет осынша қаражат тұрғын үй құрылысы қарқынын екі есе арттырады деп отыр.

"Нұрлы жер" бағдарламасына бюджеттен 1,8 трлн теңге жұмсалады

"Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жыл сайын 100 мың пәтер мен жеке үйлер салынады деп жоспарлануда. Бұның алдындағы жылдары елімізде жыл сайын орташа есеппен 40 мың тұрғын үй берілген.

"1991 жылдан бастап 2016 жыл аралығында Қазақстанда миллион тұрғын үй салынған. Егер мұны 25 жылға бөлетін болсақ, онда жыл сайын 40 мың пәтер салынған болып шығады. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 15 жылда 1,5 млн тұрғын үй салғымыз келіп отыр. Яғни 25 жылда салынған тұрғын үйдің санынан 2,5 есе артық  тұрғын үй салу ойымызда бар. Шамамен осылай есептеп отырмыз", – деп инвестиция және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің  төрағасы Мархабат Жайымбетов жоспармен бөлісті.   

Осымен қатар елдегі шаршы метрге деген қажеттілікте өсіп келеді. Бүгінгі таңда әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдар саны 450 мыңға жеткен. Бұл тізімнің басым бөлігін бюджеттік сала қызметкерлері мен халықтың тұрмысы нашар тобы құрап тұр. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысын салуға он сотық жер алғысы келетіндер саны 1 млн 300 мың адам. Сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін миллионға жуық қазақстандық "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ салымшысы болып отыр.  

"Мемлекет жаппай құрылыс салып бастап еді, барлық жердегі тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны артты", – деп көрсетті Мархабат Жайымбетов.

"Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру кезінде пәтер мәселесін шешуге алдын ала есеп бойынша  қазынадан шамамен екі трлн теңге жұмсалады.

"Бағдарлама кешенді, ұзақмерзімге құрылған. 15 жыл ішінде 1 трлн 800 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Оның 1 трлн 200 млрд теңгесі жаппай құрылыс салынатын жерге инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Бұл соманың жартысы ЖТҚ-ға кетеді, қалған жартысы көпқабатты тұрғын үй салуға жұмсалмақ. Осылай жоспарлап отырмыз", – деді инвестиция және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің  төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Осы орайда, "Нұрлы жер" бағдарламасы 2017-2031 жылдарға есептеліп отырғанын айтып кету керек. Сонымен бірге бағдарлама елдегі тұрғын үй құрылысын ынталандырудың бес бағытын қарастырады.

Биыл халықтың тұрмысы нашар тобы үшін сатып алу құқынсыз арендалық тұрғын үй салуға әкімдік бюджетінен 25 млрд теңге қаражат бөлінген.

Бағдарламаның екінші бағыты – жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау. Жыл сайын инженерлік желі жүргізу үшін бюджеттен 80 млрд теңге бөлінеді. Осы жылы 60 мың жер телімі коммуналдық желімен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Осы тұрғын үйлерді қазақстандықтар өз қаражаттарына немесе ТҚЖБ несиесі арқылы сатып ала алады. Бұл тұрғын үйдің шаршы метрі 120 мың теңге тұрады.

Үшінші бағыт – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ салымшылар мен әкімдікте кезекте тұрған бюджеттік сала қызметкерлері үшін несиелік тұрғын үй салуды қарастырады. Осы бағыт аясында жыл соңына дейін 15 мың пәтер салу көзделуде.

"Нұрлы жер" бағдарламасының төртінші бағыты тұрғын үй салумен айналысатын жеке құрылыс салушыларды қолдау шараларын қарастырады, олардың несие бойынша шығындары жеті пайыздық субсидия беру арқылы қайтарылмақ. Тұрғын үйді Астана және Алматы қалаларындағы ТҚЖБ салымшылары бекітілген 260 мың теңге бағасымен сатып алады, ал өңірлердегілер 220 мың теңгеден сатып алады деген жоспар бар. Бүгінгі күні  33 жоба бойынша жалпы сомасы 57 млрд теңге болатын  жеке құрылыс салушылардың өтініші банктердің қарауында жатыр. Құрылыс салушылардың несиесін субсидиялауға Ұлттық қордан 11 млрд теңге бөлінген. Бұл бағыт қазірдің өзінде 15 өңірде іске асып жатыр.

Бағдарламаның бесінші бағыты ипотекалық несиелердің мөлшерін төмендетуге бағытталған. Осы мақсатта мемлекет Қазақстандық ипотекалық компания арқылы  30 пайыздық жарна төленген ЕДБ-ның несие бойынша шығынын қайтарады.  Субсидия есебінен тұтынушылар үшін мөлшерлеме 10%-дан аспайды. Бұл бағыттағы іске асатын жұмысқа алты банк – Сбербанк, АТФ Банк, "ЦКБ", Bank RBK, "ТҚЖБ" АҚ, ВТБ қатысады.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу