"Попкорнның сықырынан ада, тек сезім тұнған қараңғы кинозалдарды аңсаймын"

6816

Атақты поляк кинорежиссері Кшиштоф Занусси аңсарлы арман, цифрландыру, өзін элита атайтын өркөкірек пасықтар мен нағыз зиялылар туралы.

"Попкорнның сықырынан ада, тек сезім тұнған қараңғы кинозалдарды аңсаймын"

– Занусси мырза, осы цифрлық дәуірдің ортасына қарай, яғни болашақта адамзаттың рөлі төмендейтіні, бизнесте, өндірісте, жұмыс орындарында, өмірдің барлық салаларында басқару, үйлестіру, еңбек етуді жасанды интеллект, роботтар, киберқұрылғылар өз қолдарына алатыны айтылады. Бұл туралы бүгін аяқталған Астана экономикалық форумы аясында да кең сөз болды. Бұл дәуір келешекте өнерге, соның ішінде кинематографияға да әсер етеді деп ойлайсыз ба?

– Технологиялар адам өмірінің басты мақсаты емес, оны жақсартудың бір құралы ғана. Әрине, цифрландыру дәуірі адамзат өміріне үлкен, тіпті сұрапыл өзгерістер әкелері даусыз. Ол өзгерістер кейбірімізге ұнамауы, наразылық туғызуы да ықтимал. Өйткені олар әрбір адамның, индивидтің сұранысына, қалауына сай бола бермейді. Олардың әрқайсысы "Бұлардың өмірге әкелгені біздің күткеніміз емес еді!" деп кейістік білдірері сөзсіз.

Бірақ біз ақылы бар адамбыз ғой, демек оны да игеріп, еңсеруге тиіспіз. Бізге дамудың бір құралы берілген екен, оны игілігімізге жаратуымыз қажет. "Маған бұл жарамайды, басқасын бер" деп қиғылық салу баланың ісі.

Мен егде тартқан режиссер ретінде мысалы, адамдар попкорнды шайнап, сусын ішіп, жалмаңдамай, экранға бар ынты-шынтысымен беріле телміретін, іштей саналуан сезімге берілетін қараңғы кинозалдарды әрдайым сағына еске аламын. Сонда көрермен режиссерға өз назарын 100 пайыз сыйлайтын. Алайда ол заман келмеске кетті. Қазіргі заманда халықтың басым бөлігі кинотеатрға да бара бермейді. Егер менің түсірген киномды көргісі келсе, оны интернетке қосылып, смартфонынан іздейді. Ұялы телефонның кішкене экранынан ұлы сезімдерді қалай толыққанды бере алуға болады? Тек жарқ-жұрқ арнайы эффект болмаса. Бірақ сол қарағанның өзіне қанағат деуге, ризашылық етуге тура келеді, әйтпесе, қаламаса, мүлдем көрмей тастайды ғой. 

Ендеше жаңа технологиялармен әрқашан достық қарым-қатынаста болуың керек. Рас, сонымен бірге ол мені еш қуантпайды, көңілімді көншітпейді. Бірақ барлығы аға ұрпақ ұнатқандай болмайды. Жаңа дәуірмен бірге өсіп-жетілген ұрпақ соған ғана ынтығады, ескіні бойына дарытпайды. Демек, сезім құйынын үйірген қараңғы залдар мен сияқты аз шоғыр топтың арманында ғана қалады.

– Заманның өзгеруімен бірге көрермен де өзгерді емес пе?

– Көрермендер сапалық тұрғыдан үнемі өзгеріп тұрады. Бұл құбылмалы құбылыс. Осыдан жарты ғасыр бұрын кинотеатрларға келетін адамдардың іздейтіні, іңкәрланатыны басқа болатын. Өйткені ол кезде телевизия жаңа-жаңа өркен жайып жатқан-тын. Тиісінше, телеарналар кинотеатрларға үлкен бәсекелес болып саналмады. Қазір бәрі басқаша.

Білесіз бе, демократиялық мемлекет саналатын Францияда әлі күнге сенбі және жексенбі күндері, яғни демалыста негізгі телеарналарда кино көрсетуге рұқсат етілмейді. Тек сериалдар жүреді. Осы арқылы мемлекет француздарға бос уақытында "көк жәшікке" телмірмей, отбасымен, жора-жолдастарымен, сүйген жанымен кинотеатрларға барып, тізімнен қалаған киноларын таңдауларына мүмкіндік береді.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары үлкен қалалардағы көрермендер Лукино Висконтидің, Микеланджело Антонионидің, Жан-Люк Годардың, Ингмар Бергманның ұлы туындыларын тамашалауға қол жеткізді, солардың өнерімен тәрбиеленді, тиісінше бұл өнерпаздардың тілін түсіне алатын. Сол сияқты ұлттық ұлы режиссерлар сіздің елде де болғанына сенімдімін.

Қазір ойлап отырсам, ол кездегі адамдардың ғажайыптығы сол, олар арман мен қиял қанатында ұша алатын, асқар асуларға құлаш ұруға ұмтылатын. Сондықтан режиссерлар да жалпы аудиторияның түсінетін тақырыптарына төселмей, үнемі қарайламай, жаңа биіктерді бағындыруға құлшынатын, себебі, көрермендер туындымен бірге сол шыңды алуға өздері-ақ тартылатын. "Мен ақымақ емеспін, мен бұл терең туынды тұңғиығында қандай асыл маржан жасырылғанын түсіне аламын, соған санам жетеді" дейтінбіз.

Қазір таңдау мол болғандықтан, адамдар өздерін әлдеқайда еркін сезінеді. Әлдебір режиссердың әлдебір астарлы, терең идеясымен өзін "бұғаулап", тұсаулауын қаламайды. Егер ондайға кезіксе, бас қатырғысы келмей, "Маған бұл ұнамайды" деп қолды бір-ақ сілтейді. Бұрындары бұлай жасау ұят саналатын. Ақылсыздық нышаны болып табылатын.

Рас, оның үстіне қазіргі ұшқыр заманда терең бойлап, толғанып отыруға да уақыт жоқ қой.

Сол себепті, бұл дәуірде бар салада бәрін шайнап ұсынатын "попса" үстемдік етуде. Оны тұтынуға адамдар да арланбайды.

Қазір сондай-ақ өсекшіл, өтірікке әуес "сары басылымдардың" сөзі жүріп тұр. Ертеректе ондай ең төмен сапалы басылымдарды тек жасырып оқитын. Жұрт көзінше парақтау ұят саналатын. Мысалы, Ұлыбританияда "Daily Mirror"-ды не "The Sun"-ды оқитын адамды салмақты жұмысқа да алмайтын.

Бүгінде жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің ондайды оқуына еш тыйым салмайды ғой, қайта өздері де сол сайтты қарап жүреді.   

– Бұл әңгіме ауанын "көпшілік" пен "зиялы қауым-элита" мәселесіне қарай бұрады...

– Қазіргі кезде "элита" дегенде біз кімдерді меңзеп тұрғанымызды ашып көрсетуіміз керек. "Элиталық дүкен" деген оған тек зиялы қауым келеді деген сөз емес, қалталыларды айтқаны. Ондай элита банк басшысы, олигарх, не болмаса санасыз, көргенсіз, бірақ ауқатты біреу болуы мүмкін. Олар өзін "элита" санайды, бірақ шынында бұған табиғаты кереғар келеді. Кей қоғамда кімнің көлігі не баспанасы ірі, үлкен болса, сол элита саналады.

Бірақ бұл биік өнер қайыршы болуы керек деген сөз емес. Ежелгі замандардан бері оған аса дәулетті адамдар, патшалар, императорлар, хандар қамқорлық жасап келген. Мәселен, бүгінде туристік тартымды объект болып табылатын ұлы сәулет өнері туындыларын кедей адам бір өзі тұрғыза алмас еді.

Өйткені ол тұлғалардың тек байлығы ғана емес, жоғарғы мәдени деңгейі болған. Олардың талғамы да, танымы да жоғары болған. Мұндай зиялы орта қай заманда да кездеседі.

Бұқаралық мәдениет де байырғыдан келе жатыр, ол да жалғасын табады. Бірақ қазір соңғысының шектен тыс басымдығы алаңдатады. Пропорция өзгерді. Массалық мәдениетті қолдайтындар үлкен дәулетке ие, ал элиталы мәдениет негізінен мемлекетке күні қарап қалды. Сондықтан кедей болғандықтан, оны халық та құрметтей бермейді.  

– Сізді бала кезіңізде Сталин өлген күні күлгеніңіз үшін мектептен қуып жібере жаздағаны туралы дерек шындыққа жанаса ма?

– Шынында, мектептен шығара жаздаған. Себебі, сыныптастарымның бірі бірінші мамырға арналған шеру кезінде келемеждеп күлді деп директорға шағымданыпты. Менің үлгірімім үздік, оқу озаты едім. Ал үздік оқушыны университетке емтихансыз қабылдайтын. Содан күндегені болар. Мен қара жұмысшы болып жұмыс жасағым келмейтін. Егер сол кез заңы бойынша мектептен шығарып, қолөнер мектебіне ауыстырғанда, тағдырым басқаша қалыптасып, еңбек жолым қара жұмыспен байланысты болатын еді. Бірақ бәрі болмысқа қатысты ғой. Мысалы, менің қайын атам түнгі күзетші болды. Бірақ интеллигент қалпын сақтап қалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу