"Рамазан" атына сай тірлік жасамапты

3776

Нан шығаратын кәсіпорынға бағаны негізсіз көтергені үшін айыппұл салынды.

"Рамазан" атына сай тірлік жасамапты

Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті (ТМРБҚКД) Ақтөбе облысындағы тергеуін аяқтап, нан шығаратын жергілікті кәсіпорын нан бағасын негізсіз көтерген деген шешімге келді. Ресми ақпаратқа жүгінсек, осы жылдың басынан бастап "Рамазан" ЖШС-і бірінші сұрып ұнынан дайындалған нанның бағасын негізсіз үш рет көтерген. Осының салдарынан өнім 12 теңгеге (21%) қымбаттап, бір нанның бағасы (600 г) 57 теңгеден 69 теңгеге өскен. Ал "Ақтөбе нан" ЖШС-і нанды екі рет қымбаттатқан. Бұл өндірушінің наны 63 теңгеден 73 теңгеге (11%) өскен.

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің шешіміне сәйкес, "Лучшее решение" мен "Анвар" ЖШС-і тауарға бағаны келісіп қойғаны белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, бұл екі сауда орны жаздыгүні қант тапшы болып, ел дүрлігіп жатқанда қантқа бір баға қойған.

Табиғи монополияны реттеу департаменті тергеу жүргізіп болғаннан кейін барлық дәлелін Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберді.

"Ақтөбе-Нан" және "Рамазан" ЖШС-і нан бағасын негізсіз көтергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл кәсіпорындар Ақтөбе нарығының көп бөлігін алып отыр. Бір ғана "Рамазан" ЖШС-і жергілікті нарықтың 70%-ын қамтып отыр. Ақтөбе мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен оларға 4 млн теңге және 11 млн теңге айыппұл салынды.

Айтпақшы, дәл осындай жағдай өткен жылы да болған. Бұл екі мекемені де табиғи монополия департаменті тергеген болатын. Сауда желілері қантты түрлі жеткізушілерден түрлі бағамен сатып алғаны белгілі болды. Бірақ бұл өнімді "Дина" мен "Анвар" бір бағамен сатқан. Ешқандай бәсекелестік болмаған. Мұның барлығын табиғи монополия департаменті дәлелдеді және оның дәлелдерімен сот келісті. Алайда, жағдай қайталанып отыр.

Табиғи монополия комитеті мамандарының айтуынша, олар жергілікті сүт пен жұмыртқа өндірушілерді тергеп жатқан көрінеді. Егер жарты жыл бұрын жергілікті "Айс-плюс" компаниясының майлылығы 2,5% сүтінің литрі 165 теңге тұрса, қазіргі баға 210 теңгеге жетті. Бұл тек фирманың дүкендеріндегі баға.

"Ақтөбелік жұмыртқа өндірушілер өнімнің бағасын 1,5 есеге қамбаттатты. Бұл орташа көрсеткіш. Қараша айында он жұмыртқаның бағасы 300-350 теңгеге жеткен (тамыз-қыркүйек айларында он данасы 175-190 теңге болған). Сөзге тиек етсек, қазіргі кезде Ақтөбеде жұмыртқаның он данасы 260-290 теңге. "Қазір біз белгілі бір жағдайда табиғи монополия заңнамасын бұзу белгілері бар ма, жоқ па соны қараймыз. Заң бойынша тергеу мерзімі екі айға дейін созылуы мүмкін", – дейді Ерғалиев.

Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті қазір автокөлікке арналған сұйылтылған газ бағасының өсуіне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Департамент сатушылардың жанар жағармай бағасын көтеруі заңды ма, жоқ па осыны анықтағысы келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу