"Семіздікті қой ғана көтереді"

7159

Медицина ғылымының докторы артық салмақтың себебі мен салдарын қазақтың бір мәтеліне сыйғызып жіберді. 

"Семіздікті қой ғана көтереді"

Елордада өткен конференцияда Қазақстан бариатрикалық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті, жоғары санатты хирург-дәрігер Орал Оспанов тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қысқа қайырып: "семіздікті қой көтереді, адам көтермейді", – деді.

Спикердің сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті ХХІ ғасырдың инфекциялық емес эпидемиясы деп танып, әлемнің 1,7 миллиард халқы артық салмақтан зардап шегіп отырғанын жариялаған. Бұған қоса 250 миллион адам семіздік салдарынан пайда болатын түрлі ауруларға шалдыққаны туралы мәлімет таратқан.

Денсаулық тұрғысынан алғанда біздің де шекеміз шылқып отырғанға ұқсамайды. Орал Оспановтың айтуынша, Қазақстан халқының жартысынан көбі артық салмақ пен семіздіктен жапа шегіп отыр. Ал аурудың дәл осы түрі індетке айналып барады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті аурулардың халықаралық жіктемесінде жеке шифрмен белгілеп, адам денсаулығына кері әсер ететін   ауру деп көрсеткен. Біздің елде жыл сайын шамамен 4 мың бариатриялық операция жүзеге асырылады. Ал Швеция халқының саны бізден 2 есе аз болса да, онда жылына 8 мың бариатриалық операция жасалады. Шынын айту керек, Қазақстанда семіздік ауруына тиісінше назар аударылып отырған жоқ. Бұлай жалғаса беретін болса, түбі жақсылыққа апармайды.

Бүгінгі таңда ел жастары артық салмақ проблемасымен бетпе-бет келіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, халықтың төрттен бірінде семіздік белгісі бар, тағы төрттен бір бөлігі артық салмақ қосып алған. Салдарынан ел азаматтарының бойында жүрек, буын, бедеулік, екінші типтегі қант диабеті және бауыр ауруы асқынып кеткен.

Біздің тәжірибеге сүйенсек, бұл проблема кей кезде психологиялық, дәрілік және диетологиялық емдеумен шешілмейді. Өкінішке қарай, қарапайым адамдармен қатар кейбір дәрігерлердің өзі семіздіктің ушыққан түрін фитнес те шешпейтінін түсінбейді.

Бүгінгі таңда метаболиялық синдромды яғни семіздіктің асқынған түрін бариатриалық операция арқылы ғана жеңуге болады", – деді дәрігер.

Оның мәліметінше, елімізде артық салмақпен жүрген әйелдердің көрсеткіші 30,6, ерлер арасында 36,8% - ға жетсе, семіріп кеткен әйелдердің көрсеткіші 27,6, ал ер адамдардың саны 5,9% - ды құрап отыр.

Айта кетейік, бариатриялық хирургия немесе бариатрия хирургияның семіздікті емдейтін саласы. Қазіргі таңда арықтау үшін қолданылатын түрлі әдістер (диета және медикаментті емдеу түрлері, липосакция - денедегі артық майды сылу, абдоминопластика - денедегі артық терілерді алу) бариатриялық хирургияға жатпайды.

Артық салмақ пен семіздіктен арылуды хирургиялық жолмен емдеу халықаралық бариатриялық хирургтар мен эндокринологтардың нұсқаулығы бойынша орындалады. Бариатриялық операция асқазанға құрсау (бандаж) кигізу, асқазанды, өт және ұйқы бездерін тұйықтау арқылы жүзеге асырылады.

Орал Оспановтың мәлімдеуінше, бариатрия  отандық хирургия саласында жаңа бағыт саналады.

"Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, бариатрия – патологиялық семіздікті және екінші типті қант диабетін, сондай-ақ артық салмаққа байланысты туындаған проблемаларды хирургиялық жолмен емдеу деген сөз.

Бариатриялық операция кезінде асқазанның көлемі кішірейтіледі. Операция  тесу тәсілі арқылы жасалады және ағзаның бірде-бір мүшесі кесілмейді. 

Бұл операция адам бойында қанағатты, яғни тамаққа тез тою сезімін қалыптастырады. Операция жасалған күні науқас аяғына тұрады, су ішеді, ал 4 күннен кейін үйіне барады", – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Оспанов.

Дәрігердің дәйектеуінше, артық салмақ пен семіздіктен зардап шегіп жүрген науқастарға жасы ұлғайған сайын мүгедектікке ұшырау қаупі төнеді.

"Бүгінгі таңда семіздіктен құтылудың ең тиімді тәсілі бариатриялық хирургия. Операцияның бұл түрі семіздіктен құтқарып қана қоймай, артық салмақтың кесірінен адам бойында пайда болатын ілеспе ауруларды тоқтатады. Ең бастысы бариатриялық операцияның әсері ешқашан жойылып кетпейді. Бұған қоса операцияның осы түрінен кейін ас ішуде қатаң режим сақтаудың қажеті жоқ", – деді Қазақстан бариатрикалық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті.

Орал Оспановтың сөзінше, семіздіктен консервативтік я болмаса хирургиялық емес тәсіл арқылы құтылудың ықтималдылығы 5%. Ал семіздіктің метаболиялық синдромынан бариатриялық операция арқылы біржола қош айтысудың нақты көрсеткіші 85%.

"Семіздікке шалдыққан адамдардың тыныс алу жолдары тез зақымданады. Салдарынан адамдардың бойында пиквик синдромы пайда болады. Осының кесірінен науқас сәл қозғалса демігетін болады. Мұндай адамдардың өмірін  сақтап қалу үшін оларға шұғыл түрде бариатриялық операция жасау керек", – дейді медицина саласының майталманы.

Конференция кезінде Еуропадан келген хирург, медицина ғылымының докторы Алмантас Малецкас пікір білдіріп, сөз сөйледі.

Ол бұрын адамдар салмақтың жеткіліксіздігінен зардап шексе, қазір артық салмақ пен семіздіктен көрешекті көріп отырғанын тілге тиек етті.

"Дүниежүзі бойынша семіздік өлім-жітімге апаратын түрлі себептердің бестігіне еніп тұр. Жыл сайын аурудың осы түрінен 2,8 млн ересек адам көз жұмады. Адамдар артық салмақпен және семіздікпен қазірден бастап күреспейтін болса, 2035 жылға қарай осының салдарынан болатын ісік ауруларының көрсеткіші 45%- ға көбейуі ғажап емес", – деді Швеция, Франция, Испания, БАӘ елдерінде бариатриялық операция жасап жүрген шетелдік маман.

Айтпақшы Алмантас Малецкас біздің елде де бариатриялық операция жасайды екен.

"Қазақстанда салмағы 160 келі болған 37 жасар келіншекке көмек көрсеттім. Қазір ол шауып жүр. Бүгінгі жиынға Шымкент қаласынан ұшып келіп отырмын. Онда салмағы 200 келі тартатын адаммен кездестім. Алдағы уақытта науқасқа операция жасау мәселесін жоспарыма енгізіп қойдым.

Асқазанды кішірейту операциясы кіші инвазиялық хирургия тәсілімен  жасалады. Мұндай тәсілден кейін асқыну болмайды, науқастың оңалу үдерісі тез жүреді және пациенттің денесінде тіліктің белгісі болмайды", – деді дәрігер.

Алмантас Маляцкас қоғам тез дайындалатын тағамнан бас тартпайынша семіздіктен құтылмайтынын кесіп айтты.

"Адамдар тамақтану мәдениетін ретке келтірмейінше артық салмақ пен семіздіктен құтылмайды. Фастфудқа бой үйреткен адам не артық салмақ жинайды, не семіздікке ұрынады",– деді ол.

Әңгіменің әлқиссасында мәселенің мән-жайы қазақтың мәтелімен әдемі әдіптелгенін жазғанбыз. Қорытындыны мақалмен мәйектесек айып болмас деп шештік.

Атам қазақ: "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген еді. Ендеше "ауру – астан" екенін ұмытпағанымыз абзал шығар. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу