​Мемлекеттік міндеттеменің үлесі азаймай отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3187

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының санына емес, сапасына мән беру керек.

​Мемлекеттік міндеттеменің үлесі азаймай отыр

2006 жылдан бастап елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары жүзеге асырылып келеді. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің дерегінше, алғашқы 10 жылда тек 3 концессиялық жоба жүзеге асырылған. Олар – теміржол желілері, өңіраралық электр желілері және әуежайдың жолаушылар терминалы.

"Ол уақытта концессия туралы заң күшінде еді. Сондықтан ірі инфрақұрылымдық жобалар ғана жүзеге асырылды. Ал соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары қарқын алды. Оның жаңа деңгейге көтерілуі "100 нақты қадам" Ұлт жоспарымен тікелей байланысты. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке жаңа серпін берді", – деді Тимур Сүлейменов мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Министрдің мәліметінше, 2016-2017 жылдары 59,4 млрд теңгеге 21 келісімшарт қана бекітілген. Ал 2017 жылдан осы жылдың 15 қазанына дейін 1,1 трлн теңгеге 442 келісімшарт жасалған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21 есе артық. Жобалар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және энергетика салаларын қамтып отыр.

"442 келісімшарттан бөлек, қосымша 721 жоба дайындық үстінде. Олардың жалпы құны 1,5 трлн теңгеге тең. Бүгінде 240 млрд теңгенің 276 жобасы пайдалануға берілді. Оның бесеуі – республикалық маңызға ие. Жалпы құны 150,3 млрд теңгені құрады. Қалғаны – өңірлік жобалар. Олардың құны – 90 млрд теңге. 173 жоба бойынша құрылыс жүріп жатыр. Оның төртеуі – республикалық, 169-ы – өңірлік. Жобалар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік салаларында жүзеге асырылуда", – деді Тимур Сүлейменов.

Республикалық жобалар энергетика, жолаушылар тасымалы, ақпараттық-коммуникация салаларын қамтып отыр. Соның бірі – Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы. Еске сала кетейік, аталған жоба бойынша келісім осы жылдың ақпанында бекітілген болатын. Жобаны түркиялық және кореялық инвесторлардың бірлескен консорциумы жүзеге асыруда.

Статистика көрсетіп отырғандай, жобалардың дені өңірлерге тиесілі. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімшарт жасау бойынша Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстары және Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал инвестиция тарту көлемі жағынан Астана қаласы, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары көш ілгері.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында шешімі табылмаған мәселелер де бар. Соның бір парасын мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов атап өтті. Халық қалаулысының сөзінше, бюджет шығындарын жеңілдету үшін бұл жүйені барынша күшейту керек.

"Аталған бағытта шешілмеген мәселелер бар. Атап айтсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік барлық саланы қамтып отырған жоқ. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың 66%-ы білім беру, 16%-ы денсаулық сақтау, 8%-ы мәдениет пен спорт салаларына тиесілі. Тек 9%-ы ғана қалған салалардың үлесінде. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесі, энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, туризм, тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен толық қамтылмаған. Мәселен, әлеуметтік салада 4 жоба, ауыл шаруашылығында 7 жоба ғана іске асырылуда", – деді Нұртай Сабильянов.

Еске сала кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесінің негізгі масқаты – бюджетке салынатын салмақты азайту. Алайда, әзірше бұл жүйе аталған мақсат үдесінен шығып отырған жоқ.

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларындағы мемлекеттік міндеттеме сомасы жобаның жалпы құнымен бірдей. Демек, жеке инвестиция тарту үлесі төмен болып отыр деген сөз.

"Жүзеге асырылып жатқан жобалардың көбіне бюджеттен қаржы керек. Сондықтан жобалардың санына емес, сапасына мән беріп, мемлекеттік міндеттеменің шектік мәнін бақылау керек", – дейді Тимур Сүлейменов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу