МЖӘ мемлекеттің құтына емес, жұтына айналып бара ма?

3957

Көтерме сауда орындарын салу жобасы бюджетті 65 миллиард теңгеден көп шығынға отырғызбақ. Ал ауруханалар мен түрмелер салу шығысы триллиондап саналады екен, деп жазады Inbusiness.kz.

МЖӘ мемлекеттің құтына емес, жұтына айналып бара ма?

Қазақстан бюджетінің тапшылығы жыл өткен сайын өсіп барады. Оны өтеу үшін ел Үкіметі ішкі нарықтан және шетелден миллиардтап қарыз алуда. Бірақ ел басшылығы мен Парламенттің талабы бойынша бүгінде мемлекеттік борыштың көлеміне шектеу қойылғаны мәлім.

Сондықтан салықшылар ел қазынасын толтыру мақсатында онсыз да дағдарыс пен карантиннен қажыған кәсіпкерлерге жаудай тиюде.

Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі бюджетті "сорып" отырған жобаларға тереңірек талдау жүргізіпті. Нәтижесі тұла бойды түршіктіреді.

2015 жылғы 26 қарашада Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың №731 бұйрығымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша мемлекет міндеттемелерінің лимиті бекітілді. Онда республикалық жобалар лимиті республикалық бюджеттің жылдық кірісінің 20%-ы, ал жергілікті жобаларға – өңір бюджетінің 20-50%-ға дейінгі шегінде белгіленді. Әрине, бұл да алапат сома: өңір бюджетінің тең жартысын коммерциялық жобаларға бағыттауға рұқсат етілген.

Бірақ Парламент те, құзырлы органдар да, сарапшы атаулы да шек қойылғанына қанағаттанып, тынышталды. Онысы бекер болған. Экономика ведомствосы анықтағандай, шек-лимитті әкімдер мен шенеуніктер өз білгенінше пайдаланады екен.

"Бүгінгі таңда МЖӘ жобалары бойынша мемміндеттемелердің лимиттерін айқындайтын заңнама нормаларын әрқалай қолдану, қайшылық-коллизиялар туындауда. Себебі бюджет заңнамасында мемміндеттеме туралы тек жалпы қағидалар ғана берілген. Ал МЖӘ жобаларының құрамы мен құрылымы ашылмаған. МЖӘ жобаларын іске асырудың қалыптасқан тәжірибесі көрсеткендей, жеке инвестордың инвестициялық және операциялық шығыстарына бюджеттен өтемақы төлемдерін, басқару сыйақысын, қолжетімділік үшін төлемақыны, МЖӘ объектісін пайдаланғаны үшін жалдау төлемақысын төлеу дәстүрге айналған", – деп хабарлады Экономика министрлігі.

Яғни мемлекеттің серіктесі мәртебесіне қол жеткізе алған жеке тұлғалар мен компаниялар "төрт жеп" биге шығады. Бірақ оның қол жеткізетін игілігі мұнымен таусылмайтын көрінеді. Бұдан бөлек, ол жобаның бір бөлігі мемлекет тарапынан қоса қаржыландырылады. Бұған қоса, мемлекет ол жобаның тауарын не қызметін тұтынуға кепілдік береді: балабақша, мектеп салса, әр тәрбиеленуші не оқушы үшін бюджеттен ақша төленеді. Ал жол төсесе, бюджеттен көмек сыртында, ол автожол ақылы болады, бизнес пен көлікті бұқарадан ақша жиналады.

Министрліктің тапсырысымен осы салаға талдау жүргізген сарапшылар әкімдер мен Үкіметтің мемлекет мойнына тым көп міндеттеме жүктеп қойғанын әшкерелепті.

"МЖӘ туралы заң күшіне енген 2015 жылдан 2021 жылға дейінгі 6 жыл ішінде мұндай жобалар саны 3-тен 817-ге дейін ұлғайып шыға келді. Соңғы жылдары қолға алынған МЖӘ жобалары санының ұлғайғаны сонша, мемлекеттік міндеттемелердің белгіленген лимиттерінің жетіспей қалу тәуекелі туындауда", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Ауруханалар мен түрме салу құны – триллиондаған теңге?

Сарапшылар ел қазынасына ең көп ауыртпалық түсіріп, мемлекетті жыл сайын миллиардтап шығынға батырып отырған МЖӘ жобаларын да атады. Бұлар: "Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы" (ҮАААЖ), "Нұр жолы" шекаралық автомобиль өткізу пункті, "Кең жолақты байланыспен қамту", "Ұлттық тауар өткізу жүйесі" және басқасы.

Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде "Нұр жолы" автомобиль өткізу пунктін құрып, пайдалану, "Кең жолақты байланыспен қамтамасыз ету" жобаларын іске асыруға – әрқайсысына жыл сайын орта есеппен 20,6 миллиард теңгеден талап етіледі.

ҮАААЖ құрылысына 2025 жылы 31,7 миллиард теңге берілмек. Ары қарай шығыны артады. 2026 жылдан бастап 2035 жылға дейінгі он жылда орта есеппен жыл сайын 38,1 миллиард теңгеден қаражат бағытталады. Тек 2040 жылы 18 миллиард теңгеге дейін азаюы мүмкін.

Ал "Ұлттық тауар өткізу жүйесінің" немесе көтерме-тарату орталықтарының, жабық базарлардың құрылысына 2022 жылы 9,1 миллиард теңге, 2024 жылы – 53,1 миллиард теңге қажет етіледі, тек 2035 жылы 2,9 миллиард теңгеге дейін төмендейді.

Шығыны аста-төк жаңа жобалар қатарды толықтыруда.

"Ағымдағы жобалармен қатар, МЖӘ-нің жаңа жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Өңірлерде 20 аурухана салынып, колониялардың, пенитенциарлық жүйенің инфрақұрылымын жаңғырту жобасы қолға алынады. Бұл жобаларға республикалық бюджеттен жоспарланған шығыстар 2022 жылы – 20,8 млрд теңгені құрайды. Ары қарай 2026 жылы 1 трлн 155,5 млрд теңгеге дейін өседі. 2027 жылы төлемдер – 1 трлн 151,8 млрд теңгені, 2028 жылы – 1 трлн 150,8 млрд теңгені құрайды. Бұдан ары республикалық бюджеттің жыл сайынғы шығыстарын 2029 жылы – 518,3 млрд теңгеден 2030 жылы 87,7 млрд теңгеге дейін төмендету күтілуде", – деп мәлім етті Экономика министрлігі.

Осылайша, қолданыстағы және жоспарланып отырған МЖӘ жобалары бойынша тек республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылғы 64 млрд теңгеден 2026 жылы – 1 трлн 285,2 млрд теңгеге дейін, 2027 жылы – 1 трлн 278,2 млрд теңгеге дейін, 2028 жылы – 1 трлн 273,9 млрд теңгеге дейін өспек. 2040 жылы және одан әрі – 17,7 млрд теңгеге дейін азаяды деп жоспарланған. Бірақ бұл жоспар "валюталық тәуекелдерді", яғни ғасыр ортасына қарай теңге девальвациясының, тіпті деноминациясының болуы мүмкіндігін есепке алмайды.

Тәбет "тамақ үстінде" өсіп барады

Аймақ басшылары да министрлерден қалар емес. Жергілікті бюджеттен МЖӘ жобаларын іске асыру үшін жеке серіктеске келесі 2022 жылы – 119,3 миллиард теңге, 2023 жылы – 92,6 миллиард теңге төлеу қажет болады.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, ол шығынның ең көп бөлігі – жартысына жуығы Түркістан облысының әкімдігіне тиесілі көрінеді. 2022 және 2023 жылдары жергілікті бюджеттен төленетін төлемдердің негізгі бөлігі – 40%-ы "Түркістан қаласының әуежайы" жобасы үшін төленбек. Осы мақсатта бюджетке 44 миллиард теңге жұмсауына тура келеді. Ары қарайғы шығыстары да аса қомақты. 2024 жылдан бастап жыл сайынғы төлемдер 40,2 миллиард теңгеден болады. Тек 2030 жылы 1,6 миллиард теңгеге дейін төмендейді.

Егер министрлер мен әкімдердің тәбетін шектемесе, "гигантомания" ушығып, мұндай удай қымбат жобалар қаптап кетуі мүмкін.

"Сондықтан МЖӘ жобалары бойынша да, мемлекеттік қаржымен байланысты тәуекелдерді басқару бойынша да бюджеттік тиімділік қағидаты сақталуы үшін МЖӘ жобаларына қатысты мемлекеттік міндеттемелердің лимиттерін айқындау тәсілдерін жетілдіру жұмысын жүргізу керек", – деген тоқтамға келді министрлік.

Бұл саладағы реформа мен жаңа қадамдар Қазақстанның мемлекеттік қаржысын басқарудың жаңа тұжырымдамасында көрініс табатын болды.

"Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбайдың айтуынша, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жалпы құны 2 триллион 61 млрд теңге тұратын 834 МЖӘ шарты бекітіліп, жүзеге асырылуда.

Олар бойынша 759 млрд теңге инвестиция тартылады. Соның ішінде республикалық жобалар бойынша 409 млрд теңге, жергілікті жобалар бойынша 367 млрд теңге.

11 республикалық жобаның құны 1 трлн 323 млрд теңге. Ал 823 жергілікті жобаның құны – 737 млрд теңге.

Егер 2005 жылы мемлекет пен жеке бірлесіп, жалпы құны 78 млрд теңге теңге тұратын 2 жобаны, ал 2007 жылы – 4 млрд теңгенің 1 жобасын ғана іске асырса, МЖӘ туралы заң осы салаға құйылатын қаражат тасқынының тиегін ағытып жібергенге ұқсайды. Себебі келесі 2016 жылы – 15 жоба (12 млрд теңге), 2017 жылы – 81 жоба (190 млрд теңге), 2018 жылы – 279  жоба (880 млрд теңге), 2019 жылы – 260 жоба (171 млрд теңге), 2020 жылы – 129 жоба (220 млрд теңге), 2021 жылы – 67 жоба (507 млрд теңге) қолға алынған.

Яғни МЖӘ жобалары барған сайын қымбаттауда. Бұлай жалғаса берсе, ел қазынасын әкімдер мен шенеуніктердің жекеменшік серіктестері тып-типыл етуі ғажап емес.

Өйткені "Қазақстандық МЖӘ орталығының" дерегінше, серіктестер алда жалпы құны бұдан да алапат – 3 триллион 964 млрд теңге болатын тағы 369 жобаны ұсынып отыр. Олар жоспарлау мен дайындаудың түрлі сатыларында тұрған көрінеді. Оларды пайдалану кезінде мемлекет, халық және былайғы бизнес триллиондап шығындалмасына кепілдік жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу