Билікпен бәсекелестік емес, әріптестік табыс әкеледі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1878

Мемлекетпен әріптескен кәсіпкерлер елге 2 триллиондай қаржы құймақ.  

Билікпен бәсекелестік емес, әріптестік табыс әкеледі Фото: tengrinews.kz

Мемлекетпен әріптестік құрған бизнесмендер Астанадағы "Сергек" бейнебақылау жүйесінен, Ақтөбедегі жедел медициналық көмек стансасынан, Алматыдағы қоғамдық көлікті диспетчерлеу орталығынан және басқаларынан табыс табуда.

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлады. Әйтпесе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) дегенде, қазақстандықтар, тіпті кейбір кәсіпкерлер негізінен балабақшалар туралы сөз болып отыр деп ойлайды.

Еліміздің бас экономисінің айтуынша, бүгінгі таңда жалпы сомасы 139,5 млрд теңгеге 116 шарт жасалған. Бұдан бұрын үкіметтің мамырдағы отырысында министр 46 ғана шарт жасалғанын баяндаған болатын, яғни содан бері МЖӘ-шілер саны 2,5 есеге өскен.

"70 млрд теңге сомасын құрайтын 53 нысан пайдалануға берілді. Құрылыс сатысында тағы 69,5 млрд теңге сомасындағы 63 нысан бар. Жасалған 116 шарт бойынша мынадай жобалармен ұсынылған. Бұлар: Өскемен, Семей, Шымкент қалаларындағы, Қостанай облысындағы Заречное және Затобольск кенттері, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Манкент, Қарасу және Ақбиік ауылдарында 45 білім беру нысаны, яғни балабақшалар, мектептерді күрделі жөндеу, сондай-ақ 27 денсаулық сақтау нысаны. 17 мәдениет және спорт нысаны: оның ішінде Петропавл қаласындағы теннис орталығы, Ақтөбе қаласында мұз сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері", – деді Тимур Сүлейменов.

Бұлар сыртында Алматы облысында 7 сервистік-дайындау орталықтарын, Ақтөбе, Теміртау, Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларында – 5 офтальмологиялық мекемені, Ақтау, Ақтөбе, Лисаков және Павлодар қалаларында 4 тұрмыстық және әлеуметтік объектілерін, энергетика, жолаушыларды тасымалдау саласындағы республикалық 3 жобаны МЖӘ бойынша салу көзделуде.

Сонымен бірге Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында 3 емхана, Атырау және Екібастұз қалаларында көшелерді жарықтандыру бойынша 2 жоба да мемлекеттің қолдауымен, бірақ бизнес инвестициясына іске қосылады деп жоспарлануда.

Астана қаласында 1 бейнебақылау жүйесі, яғни "Сергек", Ақтөбе қаласында 1 жедел медициналық көмек станциясы және Алматы қаласында 1 қоғамдық көлікті диспетчерлеу орталығы да МЖӘ арқылы жүзеге асуда.

"Бұларға қосымша, мемлекеттік органдардың есептеріне сәйкес әртүрлі дайындық сатыларында жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 431 жоба тұр. Олардың қатарында республикалық деңгейде 15 жоба пысықталуда, бұлардың жалпы құны 906,5 млрд теңге тұрады. Жергілікті деңгейде 760,6 млрд теңгеге 416 өңірлік жоба дайындалуда", – деді ұлттық экономика министрі.

Үкіметте МЖӘ-нің республикалық жобалары да қаралды. Бүгінде инвестициялар және даму министрлігінің 3 жобасы "конкурс өткізу-шартқа қол қою" сатысына шығыпты. Атап айтқанда, арасында Алматының үлкен айналма жолы, "Нұржолы" өткізу пункті бар. Сондай-ақ бизнесмендер Астанадағы бірқатар министрліктер орын тепкен "Транспорт тауерді" бастан-аяқ қуат үнемдеуші шамдармен және басқа да жабдықтармен жарықтандыруда. Бұл ретте табыс сол, энергиятиімді технологиялар арқасында министрліктер жарық пен жылудан үнемдейтін барлық миллиондар жекеменшік әріптестердің пайдасына есептеледі.

"Өңірлердің белсенділігін мына көріністен байқауға болады. Жүргізілген орталықсыздандыру және әкідіктерге МЖӘ жобаларын өз бетінше дайындау және қарау өкілеттігін беру жалпы МЖӘ жандандырды. Жоғарыда аталған 116 шарттың негізгісі өңірлердің үлесіне тиесілі. Өңірлерде барлығы 93,3 млрд теңге сомаға 113 МЖӘ шарты жасалды. Қосымша, Шығыс Қазақстан облысының шағын бала-бақшалар бойынша 64 МЖӘ шарттары қазынашылық органдарда тіркеу сатысында тұр. Шарт жасасу бойынша көшбасшылар – Қарағанды (21), Қостанай (17), және Оңтүстік Қазақстан облыстары (13) болып табылады", – деді Тимур Сүлейменов.

Бұл ретте, инвестиция көлемі, яғни жобаның құны бойынша Ақтөбе (16,6 млрд теңге) және Астана қаласы (15,1 млрд теңге) алда келеді.

Кейбір облыстар бойынша әзірге "төмен" көрсеткіштер байқалуда. Оларда дайындық үстіндегі жобалар бар, сол бойынша жұмысты жеделдету қажет.

Үкімет отырысында айтылғандай, тамыз айында парламентке МЖӘ тетіктерін одан әрі жетілдіру және оңайлату бойынша заң жобасы енгізілген екен. Аталған заң жобасын мәжіліс мақұлдады, қазіргі уақытта Парламент Сенатында. Бұл заң біраз жаңалық әкеледі: біріншіден, қазіргі МЖӘ жобалары бойынша 5 кезеңнің екеуін жою арқылы рәсімдер оңтайландырылады. Жиынтығында аталған өзгерістер МЖӘ жобаларының келісу және сараптамалар мерзімдерін қазіргі 7 айдан 3 айға (65 жұмыс күніне) дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, бағдарламалық МЖӘ енгізіледі. Салалық мемлекеттік орган мемлекеттік бағдарлама арқылы өздерінің стандартталған, яғни біртекті МЖӘ жобаларын ерекше жоспарлау рәсімдерін салалық ерекшеліктерді ескеріп орната алады. Осы механизм жалпыға белгіленген тәртіпте қарастырылған, сараптамадан өту қажетінсіз, жоспарлауды қысқа мерзімді орнатуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, тұтыну кепілдігі 3 жылға және көбірек жылдарға берілетін болады. Ол инвесторлардың көп жылдық капитал жұмсалымын жоспарлауға мүмкіндік беруге тиіс.

Айтқандай, үкімет отырысында "Бірыңғай МЖӘ жобалары базасы" іске қосылғаны жария етілді. Ол тұтас республика бойынша сәтті іске асырылған жобалар тәжірибесі мен инвесторлар тізімінен тұрмақ.  

Өз кезегінде инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Алматының үлкен айналма жолы бойынша бизнесмендермен барлық келісімдерді бекіту биыл аяқталатынын хабарлады.

"Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу және пайдалану" жобасы бойынша 2015 жылдың қаңтарында конкурстық рәсімдер басталды. Бүгінде тараптар келісімнің барлық негізгі шарттары бойынша өзара келісімге қол жеткізді және келіссөздер аяқталу кезеңінде. Концессия шартын желтоқсан айында бекіту жоспарлануда", – деді Жеңіс Қасымбек.

Шарт жасасуды тездету мақсатында министрліктің және консорциум мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылыпты. Концессиялық комиссияның сарапшылар тобы консорциум, еуропа қайта құру және даму банкі, IFC және "KPPF" ЖШС бірлесіп шарт жобасының түпкілікті нұсқасын пысықтауда.

Қазіргі уақытта концессия саласындағы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілуде екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу