Доллардың құны 1 892 теңгеге жетсе, қайтеміз

424

Теңге рубльге қосақталуын қоймаса, құрдымға құлауы мүмкін.

Доллардың құны 1 892 теңгеге жетсе, қайтеміз Фото: canva.com

Солтүстік көршінің рублін "безгек" қысып жатыр, Ресей Орталық банкі қызуын көп түсіре алатын емес. Осы аптада доллардың құны ресейлік биржаларда 117 рубльге дейін жетті. Сонда ғана Орталық банк араласып, валюталық интервенция бастады. Ресей мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар шетелде тапқан валюталық түсімдерін биржада сатуға мәжбүр етілді.

Бірақ бұл да қуатты ықпал ете алмады. Осы аптадағы соңғы жұмыс күнінде, жұмада Орталық банк интервенциялары арқылы доллардың бағамын таңғы 109,73 рубльден түсте 104,5 рубльге дейін ғана түсіре алды. Ізінше доллар 107,6 рубльге дейін қайтадан күрт қымбаттады.

Рунет пен әлеуметтік желілерді банкте доллар сатып алу үшін кезекте тұрған халық бейнеленген видео кезіп кетті.

Импорттаушылар 2025 жылға арналған, шетелдік шикізатты, жабдықтарды сатып алу жоспарында 1 доллардың бағамын 140 рубльге дейін жоғарылатып бекітуде. Ресейліктерге тапсырыспен тауар жеткізетін маркетплейстер де бағамды күрт көтерді.

Яғни, ресейлік бизнес биліктің шетелдік валюта бағамын енді ұзақ ұстап тұра алатынына сенбейді. Қаржыгерлер қазіргі курс – жоғарғы шек емес екенін, нағыз шығандау алда болатынын ескертті.

Ресей Орталық банк өкілдері бағамның құбылуы бұдан да салмақты болуы мүмкін екенін жасырмады.

Осыған байланысты Кремльге сөзі өтімді, өзі жағымды саясаттанушы, философ, "орыс әлемі" идеологиясын ілгерілетушілердің бірі Александр Дугин, экономист Сергей Глазьев бастаған бір топ тұлға АҚШ долларынан мүлдем бас тартуды ұсынды. Бұл туралы ел басшылығына жақын адамдар ашқан "Кремлевская табакерка" телеграм-арнасы да хабарлады.

"Кейінгі күндері Ресейде доллар мен еуроға тыйым салуды жақтаушылар белсеніп, алға шықты. Осы идеяны Президентке тықпалап, қолқалап, қоятын емес. Олар Мемлекет басшысынан: "америкалық қағаздардан мүлдем арылып, бұл мәселені мәңгілікке, түпкілікті шешуді және рубльге ұлылығын қайтаруды" талап етті. Егер, Президент олардың дегеніне көнсе, Ресейде үлкен нәубет болады", – деген Орталық банктің биік лауазымды өкіліне анонимді дереккөз ретінде сілтеме жасады ресейлік ақпарат құралдары.

Ресей Орталық банкі Кремльдің қожайынына доллардан бас тарту идеясын құптамауға кеңес беріпті. Бірақ ақырғы шешім қандай болатыны белгісіз.

"Егер америкалық валютаға Ресейде тыйым салынса, онда ұлттық валютаның бағамы бір доллар үшін 400 рубльден асып кетеді. Рубльдің құны онсыз да қатты шөкті. Көтеруге келмей жатыр. Осы бағамның өзінде елдегі бағалар 5-7%-ға өсіп шыға келді. Егер, долларға тыйым енгізілсе, инфляция 50-60%-дан ары асып кетеді. Онда бәрін біттіге санаңыз. Ресей экономикасында, елде алапат коллапс болады. Оның ауқымын сіз тіпті елестете де алмайсыз! Сонда не басталатынын ойлаудың өзі қорқынышты!", – деді журналистерге Орталық банктің атын атамауды сұраған өкілі.

Ресейлік ақпарат құралдары долларға тыйым салудың табанды бастамашыларының бірі Александр Дугинмен хабарласты. Ол Путиннің кеңесшілері Ресейде АҚШ валютасына тыйым салынған жағдайда 90- жылдардағы сияқты гиперинфляция басталып, бағалар аспандап кететінін айтатынын растады.

"Мен рубльдің әлемдегі ұлы валютаға айналуы үшін күресіп жүрмін. Түсінемін, бағалар жоғарылап кетеді. Бірақ америкалық валютаны жеңу үшін ресейліктерге сондай баға төлеуге тура келеді. Біз соны төлеуге тиіспіз деп санаймын! Владимир Путиннің доллар мен еуродан бас тарту туралы кеңестерімізге құлақ аса бастағаны байқалады", – деді Дугин.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қоғам белсенділерінің шетелдік валютадан бас тарту бастамасына пікір білдіруден бас тартты.

Егер, солтүстік көрші АҚШ валютасына тыйым салса, оның зардабы қазақстандықтарға тиюі мүмкін. Өйткені кейінгі күндері рубльдің соңынан Қазақстанның ұлттық валютасы күрт құнсызданды. 1 доллардың бағасы кейбір айырбастау бекеттерінде 530 теңгеге дейін жетті. Бүгінде елордада айырбастау пунктері оны 520-523 теңгеден сатуда.

Бағамды кері қайтару үшін Ұлттық банк былтырдан бері алғаш рет нарыққа валюталық интервенция жасауға кірісті. Бірақ "500" межесіне бәрібір оралта алмады.

ҚР Ұлттық банкі 2024 жылғы 30 қарашаға белгілеген "Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдарына" сәйкес, 1 АҚШ доллары 511,22 теңге тұрады деп бекітілді.

ҚР Ұлттық банктың бүгінгі бағамы бойынша Қазақстанда 1 Ресей рублі 4,73 теңге тұрады. Бұл Ресейдегі доллардың шамамен 108 рубль тұрғанына тең (4,73х108,08 = 511,2 теңге).

Егер, Ресей өз аумағында АҚШ долларына тыйым салса, салдарынан 1 доллардың құны қара нарықта 400 рубльге дейін жетсе және теңге де соның соңынан девальвацияланса, онда Қазақстанда доллар құны 1 892 теңгеге дейін жетпей ме? Бұл әрине, қара дүрсін есептеме ғана.

Сарапшылар әзірге теңгенің тек "600" межесіне дейін құлайтынын болжап отыр. Бұл туралы Kursiv.media жазды.

"Рубльдің әлсіреуі теңгенің бағамына қысым көрсете беретіні сөзсіз. Өйткені тарихи тұрғыда біз рубльдің бағытында қозғаламыз. Дегенмен, теңгенің құнсыздануы рубль қарқынына қарағанда біршама баяу. Себебі, бізге санкциялық қысым жоқ, валютаның экспорттық тасқыны шетелден еркін келеді", – деді экономист Бауыржан Мәденов.

Сарапшылардың байламынша, қазіргі жағдайда Қазақстан және Ресей арасындағы өзара сауда-саттық қалыпты болуы үшін рубльдің қазақстандық валютаға қатысты кросс-курсы 5 теңге болуы қажет.

"Алайда, ресейлік валютаның бағамы 125 рубльге дейін түсіп кетсе, Қазақстанда америкалық валюта 600 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Оған жол бермеу үшін Ұлттық банк рубль-теңге теңгерімді арақатысын құрбан етіп, сол арқылы біздегі доллар бағамының 600 теңге және одан жоғары шығандауына тосқауыл қоя алады. Бұл мақсатта рубль-теңге арақатысы "1 рубль үшін 4,2 теңге" межесіне дейін құлдыратылады. Оның мысалы бар: 2022 жылы Украинаға қарсы соғысын бастағанда Ресейде 1 доллардың бағамы 150 рубльге дейін өсіп шыға келді. Оның ізімен бізде доллар бірден 520 теңгеге жетті. Егер, сонда Ұлттық банк 5 теңге кросс-курсын ұстап тұрғанда, бізде доллар 750 теңгеге жететін еді. Бұл біз үшін алапат апат болатын еді", – деді қаржылық аналитик Арман Бейсембаев.

Сонымен бірге, сарапшылардың түсіндіруінше, теңге мысалы 750 межесіне дейін құлдырамасын деп, Ұлттық банк рубльдің құнын енді қатты түсіре алмайды. Егер, кросс-курс 3 теңгеден төмен түсірілсе, бұл 2015 жылы болғандай дағдарысқа соқтырады.

Мұндай жағдайда Ресейдегі барлық зат Қазақстандағыдан күрт арзан болып шыға келеді. 2015 жылы теңге рубльге шаққанда күрт нығайғанда, қазақстандықтар жаппай Ресейге жүгіріп, машинаны, тұрмыстық техниканы және басқасын көршіден таси бастаған болатын.

Осылайша, Қазақстан "былай тартсаң өгіз өледі, бұлай тартсаң арба сынады" деген тығырыққа тірелген жайы бар. Егер, рубль-теңге кросс-бағамын төмендетпесе, теңге рубльдің соңынан құнсызданып, 600 және одан төмен шыңырауларға құлауы мүмкін.

Егер, кросс-бағамды, тиісінше, рубльдің біздегі бағасын ары қарай төмендетсе, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, қазақстандық өндірушілер шығынға отырады. Өйткені, отандыққа қарағанда, ресейлік тауарлар арзан болады, ішкі нарықты солар жаулайды. Бұл өз кезегінде елде кәсіпорындардың банкрот болуына, жұмыс орындарының жабылуына соқтырады.

Арман Бейсембаев теңгенің рубльге қосақталудан жайдан-жай құтылмайтынын ескертті.

"Объективті экономикалық өмір шындығы көрсеткендей, теңге ешқашан рубльден іргесін аулақ салып, құтыла алмайды. Салдарынан, қазақстандық валюта әрдайым ресейліктің соңынан салпақтап ере береді және бұған қарсы ештеңе істей алмайсыз. Егер, теңге рубльдің ізімен ары қарай құнсыздана берсе, онда біз үшін импорттық өнімдердің бәрі тегіс қымбаттайды. Инфляция ырық бермей кетеді, бизнес пен экономика үшін несие қымбатқа түседі", – деді  Бейсембаев.

Сарапшылардың айтуынша, ұлттық валютамыз – теңге әлемдегі мықты валюталардың біріне айналуы үшін Қазақстан көптеген импорттан бас тартып, халыққа, мемлекетке және бизнеске керектінің негізгі бөлігін өзінде шығара бастауға тиіс. Бірақ әзірше, Қазақстанда ондай кең ауқымды импорт алмастыру жоспарланып отырған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу