1 маусымда Америка мен доллар күйрей ме?

12366

Бір апта ішінде АҚШ өз қарызына қатысты ауыр проблемасын шешпесе, дефолт болуы мүмкін. Оның мемлекеттік борышы адам сенбес 31,4 трлн долларға жуықтады.

1 маусымда Америка мен доллар күйрей ме? Фото: inbusiness.kz

Былтырдан бері жаһандық басты валютаның қазақстандық теңгеге шаққандағы құны тоқтаусыз құлдырап келеді. Өткен жылы АҚШ доллары 2022 жылғы 18 шілдеде шырқау шегіне жетіп, 486 теңгеге бағаланды. Содан кейін тек асқарынан төменге құлдилауда. Биылғы жылды 462 теңге бағамымен бастады.

Қазақстан Ұлттық банкі белгілеген Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдарына сәйкес, бүгін, 25 мамырда 1 доллар 444,4 теңге ғана тұрады. Демек, 300 теңге аймағына қарай төмендеуге шамалы қалғандай.

Ал ресейлік ақпарат құралдары тағы да "доллардың және бүкіл Американың күйрейтінін" айтып жатыр. Шын ба?

Бірден айталық, халықаралық беделді сарапшылар АҚШ-ты сұлатып түсіруі мүмкін зұлматтың төнгеніне сенбейді. Бірақ проблема бар.

АҚШ қарызын өтей алмаса, халі не болады?

Құрама Штаттардың тау басынан құлаған жентек қардай қарқынды өскен алапат қарызы кезекті меже-тұйығына тірелді. Британдық The Economist басылымының хабарлауынша, АҚШ дефолтқа ұшырауы ықтимал. Соған тап болу немесе одан құтылу елдің парламентіне – Конгреске байланысты.

"Егер Конгресс Американың мемлекеттік қарызының лимитін жоғарылатпаса, онда елді қазіргі заманғы тарихындағы тұңғыш егемен дефолты күтіп тұр. Онда АҚШ-та қор нарықтары құлайды, көптеген кәсіпорындар банкрот болып, жұмыссыздық жайлайды. Moody's Analytics бағалауынша, дефолт салдарынан шамамен 8 млн адам жұмыссыз қалады. Бұл дүниежүзінде де дүрбелең туғызып, биржаларды күйретіп, әлемдік экономикаға жойқын соққы береді. Мұның бәрінің болуы әбден мүмкін. Дефолтқа апаратын жол да анық. Американың шамамен биылғы 1 маусымға дейін уақыты бар. Соған шейін ол өз мемборышының лимитін көтеруге тиіс. Әйтпесе, федералдық заем алудың қазіргі 31,4 трлн долларлық жалпы лимиті түгесіліп қалады. Жаңа лимит белгіленуі керек", – деп мәлім етті британдық беделді басылым.

Онсыз АҚШ-та өз міндеттемелерін, қарызын өтеуге қажетті ақшасы қалмайды. Әскерилердің, шенеуніктердің, бюджет қызметкерлерінің еңбекақысынан бастап, облигациялар бойынша пайыздық сыйақы төлемдеріне дейін төлей алмайды.

Олай болса, әлемді улатып, шулатпай, Американың өз лимитін өз бетінше арттыра салуына не кедергі? Мысалы, Қазақстанның билігі үнемі солай жасайды. Соған бола, Үкімет пен Парламент керісіп жатқан жоқ. Бірақ Қазақстаннан айырмашылығы, АҚШ-та – нағыз демократия. Бұл – онда азулы оппозиция бар деген сөз.

The New York Times сарапшысы Джо Реннисонның (Joe Rennison) түсіндіруінше, лимитті көтеруді оппозиция, яғни қазіргі жағдайда Республикалық партия билік басындағы Демократиялық партияға қысым жасау үшін барынша, толық шамада пайдаланып бағады. Әрине, Джо Байденнің Американың даңқты тарихына елді күйреткен тұлға ретінде кіріп, беделін бүлдіріп, жаманатты болғысы келмейтіні даусыз. Сондықтан Ақ үй мен Демпартия амалсыз, саяси оппонентінің талап, тілектерін тегіс тыңдап, оның қайсысына көнуге, бақталасының қандай ұсыныстары мен ұстанымдарын қолдауға болатынын бағамдап, компромисс іздейді. Келіссөздер жүріп жатыр.

Фото: npr.org

Билік басындағы қарсыласынан мейлінше көп жеңілдікке қол жеткізу үшін Республикалық партия өзінің бүкіл медиа ресурстарын, беткеұстар қоғамдық пікір көшбасшыларын жұмылдырып, ақырзаманды төндіріп, қауіп-қатерді өсіріп, қарадай қара аспанды жаудырып жатыр. Мұның бәрі әрине, ресейлік пропагандаға азық. АҚШ саясатынан бейхабар жандар мұның бәрін естіп, жоқ жерден жүрегі шайлығуы, паникаға бой алдыруы, тіпті қолындағы барлық долларын тапсырып құтылуға жүгіруі мүмкін.

Фото: REUTERS

Мысалы, Конгрестің Өкілдер палатасының төрағасы, республикалық Кевин Маккарти өздерінің мемлекеттік шығындарды күрт қысқартуға табандайтындарын жариялады. Қарсы жақ оған келіспесе, Ақ үйдің мемборыш лимитін көтеру ұсынысы Конгрестен өтпей қалуы ықтимал. Сарапшылар өз кезегінде Джо Байденнің де республикалықтардың барлық талабына "ләббай, тақсыр" деп бас ие алмайтынына назар аудартады. Сөйтсе, келесі жылғы Президенттік сайлауда прогрессивті демократтардың қолдауынан айрылады: олар Байден "атажаудың" алдында капитуляцияға барды деп санайды.

Осыдан-ақ америкалық саясаттың кулуарларында қандай қызу айтыс-тартыс пен тегеурінді тайталас жүріп жатқанын байқауға болады.

АҚШ дефолт болса, әлемнің жағдайы не болады?

The Economist мәліметінше, тіпті Конгресс мемлекеттік қарыз шегін арттырудан бас тартқанның өзінде АҚШ Қаржы министрлігінің, сонымен қатар долларды басатын және оның бағамын реттейтін құрылым – Федералдық резервтік жүйенің (FRS) запастық жоспары бар.

Фото: yandex.kz

Ол "төлемдердің приоритизациясы" деп аталады. Бұл тәсіл көптеген салаға қиындық әкеледі, өйткені мемлекеттік міндеттемелерді қысқартуды қарастырады. Brookings Institution сараптамалық орталығы ол секвестрдің көлемі кем дегенде 25% жетеді деп тұспалдады.

Бірақ бұл қадам дефолттың алдын алуға, облигациялар, мемлекеттік құнды қағаздар бойынша пайыздық төлемдерді өтеуге мүмкіндік береді. Әйтсе де, Байден әкімшілігі бұған барғысы келмейді. Себебі, дәл партиялық праймериз бен жалпыұлттық сайлау қарсаңында облигация ұстаушыларды америкалық солдаттар мен зейнеткерлерден биік қою оған бедел әкелмейді, қайта абыройдан айыруы мүмкін. Оның үстіне инвесторлардың, өзге мемлекеттердің ескі лимитпен қол-аяғы байлап-маталған Үкіметке сенуді қойып, АҚШ құнды қағаздарынан ақшаларын жаппай шығарып әкете бастамасына еш кепіл жоқ. Мемқарыз төбесін биіктетпей, Америкаға дефолт қаупі үнемі төніп тұрады.  

Сол себепті Атлант мұхитының ар жағындағы алпауытқа көз тіккен жаһан жұртшылығы Демократиялық және Республикалық партиялардың келісімге келуін күтіп отыр. Олар бұл мәселеде бітіспесе, сарапшылар оның ғаламат соққысынан "бүкіл әлемдегі әрбір экономика, әрбір нарық естен танады" деп болжады.

Өйткені Қазақстан және басқа барлық дерлік тәуелсіз мемлекет өз активтерін Құрама Штаттардың мемлекеттік облигациясында сақтайды. Төрткүл дүниедегі елдер жалпы сомасы 25 триллион доллар қазынасын осы құралға салған.

АҚШ-тың егемен борыш міндеттемелері, яғни қазынашылық облигациялары дүниежүзіндегі ең тәуекелсіз, қауіпсіз актив саналады. Ол құнын жоғалтпайды, көлемі шағын болса да, кепілдендірілген табыс әкеледі. Сондықтан оны үкіметтер ғана емес, ірі корпорациялар, алып және ұсақ инвесторлар иеленген.

Фото: yandex.kz

Америкалық облигациялар өзге қаржылық құралдардың бағасын қалыптастыратын өзіндік эталон болып есептеледі. Ол сондай-ақ күн сайынғы жаһандық ақша ағынының ұстыны: Құрама Штаттар арқылы өтетін қысқа мерзімді репо-кредиттеу ауқымы күніне 4 триллион долларға жетеді. Бұл әлемдік қаржы нарықтары үшін өмірлік маңызды элемент.

Егер Америкадағы қос алпауыт саяси күш ортақ тіл таба алмаса, адамзат осының бәрінен айрылуы ықтимал. Онда қаржыгерлер болжаған "үрейлі сценарий" іске қосылады: жалғыз доллар емес, барлық елдің ұлттық валюталары құнын жоғалтады, әлемдік экономика күйреп, бейберекетсіздік, хаос басталады. Барлық халықаралық сауатты сарапшылардың АҚШ экономикасының тілуін тілейтіні содан. Бұл елдің дефолтынан Қазақстан да еш ұтпайды. Біздің Үкімет ел активтерінің бір бөлігін соның облигацияларында ұстайды.

Фото: youtube.com

Корнелл университетінің сауда саясаты жөніндегі профессоры Эсвар Прасадтың (Eswar Prasad, professor of trade policy at Cornell University) түсіндіруінше, дефолт 25 триллион долларлық қазынашылық қарыз нарығын күлталқан етеді, қаржылық құралдар бұғатталады, оның соңы дүниежүзілік дағдарысқа әкеледі. Әлемдік экономика бүгінде онсыз да әлжуаз. Ол "коронакризистен" толық айыға қойған жоқ. Бұған қоса, Ресейдің Украинаға шапқыншылығынан туындаған тәуекелдерді, жоғарғы инфляцияларды, базалық ставкалардың жоғарылауын, қымбатшылықты еңсеруге күш салуда.

Фото: nypost.com

"Америка тұңғиыққа жалғыз батпайды. Егер дағдарыс жедел шешілмесе, Құрама Штаттар дефолт жариялада, онда әлемдік экономиканың бірде бір секторы аман қалмайды", — деп ескертті Moody's Analytics бас экономисі Марк Занди.

ФРЖ қорқынышты сценарий бірден болмайтынын мәлімдеді. Егер текетірес ұзаққа созылмаса, онда 1 маусымнан кейінгі күйзеліс қысқа мерзімді ақауға, "өтімділік дағдарысына" ұқсайтын болады. Тұжырым негізсіз емес: Құрама Штаттар борыш лимитіне қатысты дағдарысты бұрын бірнеше рет бастан өткерді. Бірақ ақырында Конгресс жаңа лимитті бекітуге келісетін. Яғни, әзірге барлық мәселе Республикалық партияның қыңырлануы, қырсығуы қаншалықты ұзаққа созылатынында болып тұр. Егер созбалаңға салып, елді дефолтқа соқтырса, бұл Трамптың партиясына да опа бермейді, халық одан теріс айналуы кәдік.

Шиеленіс ұзаса, ФРС төрағасы Джером Пауэллдың тағы бір тәсілі бар екен: онда ол ештеңе болмағандай, Американың дефолтқа ұшыраған құнды қағаздарын әдеттегі облигациялар сияқты қабылдауын, Орталық банкті кредиттеуге жарамды кепіл ретінде алуын жалғастырады. Осылайша, ФРС құнсызданған қарызды жақсы қарызға айналдырады. Тек олар бойынша төлемдер біршама кешіктіріліп аударылады.

Егер Конгресс борыш межесін көтерсе, АҚШ пен әлем экономикасында рецессия болмайды, бүгінде біршама құлдыраған нарықтар қалпына келеді. 

2011 жылы мемлекеттік қарыз шегіне тірелгенде, АҚШ әлемдегі ең жоғарғы трипл эй (ААА) рейтингінен айрылып қалды. Қазіргі рейтингі АА+.

Жалпы, сарапшылардың басым бөлігі Америкадағы қарыз дағдарысы лайықты шешімін табатынына сенеді. Конгресс 1960 жылдан бері елдің заемдық лимитін 78 рет қайта қараған немесе ұлғайтқан. Соңғы "көтеріліс" 2021 жылы болды.

Доллардың күйреуіне де жол берілмеуге тиіс. Халықаралық валюта қорына сілтеме жасап, Associated Press хабарлауынша, төрткүл дүниедегі тәуелсіз мемлекеттердің орталық банктерінің бүкіл валюталық резервтерінің 58 пайызы АҚШ долларында сақталады. Екінші орында – еуро: үлесі 20 пайыз. Ал ресейлік және қытайлық пропаганда АҚШ валютасына мықты балама ретінде шектен тыс дәріптеп жүрген ҚХР юанына халықаралық резервтердің жалпы санының 3 пайызға да жетпейтін ұсақ көлемі тиесілі. 

ФРС зерттеуінде көрсетілгендей, еуро басымдыққа ие Еуропаны қоспағанда, әлемдегі сауда-саттықтың 79 пайызында есеп айырысулар долларда жүзеге асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу