Бұл туралы сенатор Серік Шайдаров Парламенттік тыңдау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Еліміздегі қала халқының 98%-дан астамы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізгеніне қарамастан, 9 өңірде бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Атап айтқанда, Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Астана және Шымкент қалалары. Бұл ретте, қамтамасыз ету деңгейі 100% жететін өңірлерде де ауыз судың сапасы мен жетіспеушілігі проблемалары бар", – деді сенатор.
Мысалы, Ақтау және Жезқазған сияқты қалаларда. Ақтауда халық су тапшылығы мен су қысымының проблемаларын бастан кешіруде. Ал Жезқазғанда су сапасының төмендігі, Кеңгір су қоймасынан суды тазартудың ескірген жүйесіне байланысты жерасты көздерінен сумен жабдықтауға толық көшкен жоқ.
Ауылдық жерлерде сумен жабдықтау одан да нашар. Себебі 10 өңірдің, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Жетісу және Абай облысының ауылдарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші ел бойынша орташа деңгейден төмен.
Талдау көрсеткендей, сумен жабдықтау және су бұру проблемаларын елді мекендерді ауыз сумен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің Заңдардағы ведомстволық "елді мекенде" және "елді мекеннен тыс жерлерде" нормаларына бөлуінуі мәселені шешпейді.
"Өйткені бұл өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені.
Сондықтан бұл нормаларды қайта қарап басқа механизмдер қарастыру қажет деп есептейміз", – деді сенатор.
Сондай-ақ, өзекті мәселелердің бірі ауылдық елді мекендерде пайдаланушы қызметтердің болмауы және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының тозуы болып табылады.
Нәтижесінде, салынған су құбыры желілері әкімдер аппараттарының балансында қалады не өздерінің тікелей міндеттемелерін орындамайтын бейінді емес кәсіпорындарға немесе ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беріледі.
"Осыны ескере отырып, қысқа мерзімде пайдаланушы ұйымдар қызметінің оңтайлы механизмін анықтау керек деп санаймыз. Атап айтқанда - оларды бәсекелестік ортаға беру арқылы немесе коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жанынан бюджет қаражаты есебінен жасақталған пайдаланушы топтар құру арқылы.
Жағдайды толық білу үшін, өңірлерде, әсіресе ауылдық елді мекендерде су құбыры желілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет", – деді Серік Шайдаров.