Мемлекет басшысы құрған комиссия Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексерудің аралық қорытындыларын ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру қорғаныс ведомствосының 104 нысанын қамтыды. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жүргізу жалғасып жатыр.
Комиссия жұмысы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеруге тиісті жағдай жасауға, азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтаудың, медициналық көмек көрсетудің сапасына, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің сақталуына баса назар аударылып отыр.
"Анықталған жекелеген құқық бұзушылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер жөніндегі мәліметтер әзірге жария етілмейді. Тексеру "Заң және тәртіп" қағидаты негізінде жүргізілуде. Оның мақсаты – Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту үшін жүйелі шаралар әзірлеу. Комиссияның ұсынымдары Әскери реформа жоспарын іске асыру барысында да пайдаланылып отыр", – делінген хабарламада.
Комиссия жұмысы биылғы қарашада аяқталады.
Бас прокуратура Каспий теңізіндегі трагедияға қатысты тергеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. 300-ден астам адамнан жауап алынды, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді.
Айта кету керек, бұған дейін Қорғаныс министрлігінің жұмысына ауқымды тексеріс жүргізілетінін жазғанбыз. Мемлекет басшысының өкімімен арнайы комиссия құрылды.
Президент ведомствоның қызметін тексеруді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Қорғаныс министрлігіндегі бюджет тиімділігін 61 аудитор тексеріп жатыр.