145 мыңдай кәсіпкерге қауіп төнді

13821

Шенеуніктердің "reKassa"-мен шайқасы шиеленісіп барады.

145 мыңдай кәсіпкерге қауіп төнді

Ел Үкіметі биылдан бастап барлық микро, шағын және орта кәсіпкерді бақылау-кассалық аппаратпен жұмыс істеуге көшірген болатын. Бұл – өркениеттілік белгісі, әрі ол бюджетті толықтыру және салықтық базаны кеңейту үшін аса қажет. Дегенмен, мемлекеттік қызметшілерден айырмашылығы сол, кәсіпкер әр тиынын үнеммен, ұтымды жұмсауға тырысады. Сондықтан олар "reKassa" тегін ұялы қосымшасына көше бастады. Салдарынан қымбат онлайн бақылау-кассалық машиналарға (онлайн БКМ) сұраныс кеміген. Оның үстіне бизнесмендердің бұл әрекеті телекоммуникациялық алпауытқа ұнамай қалыпты.Сондықтан Қазақстанда рекассаға тыйым салыну тәуекелі төнді.

Жалпы, "reKassa" атты мәліметтерді онлайн беру функциясы бар БКМ қосымшасының әзірлеушісі – Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген "Comrun" ЖШС. Кассалық аппарат сатып алуға немесе оны жалға алуға мәжбүрленген ұсақ және шағын бизнес үшін бұл қосымша жақсы балама болды. Әйтпесе, онлайн БКМ аппараты аса қымбатқа түседі, үздігінің бағасы 60 мыңнан 139 мың теңгеге дейін барады.

Әрине, бұған басқа балама да жетерлік: мысалы, "Webkassa 2.0" атты виртуалды кассалық аппаратты кез келген девайста қолдана беруге болады. Бірақ ол тегін емес, 6 айға 16 мың 900 теңгеге бизнес-топтаманы, лицензияны сатып алу талап етіледі.

Сонымен бірге, "барлық бизнесмен жаппай тегін қосымшаға көшіп кетті" деуге болмайды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, қазіргі кезде елімізде тіркелген барлық онлайн БКМ-дердің бестен бірі, яғни 20,11%-ы ғана – "reKassa".

Басқаша айтқанда, 145 мыңдай салық төлеуші кассалық аппараттан ақша үнемдеп, орнына заманауи тегін баламасын енгізген.

"Алайда биылғы 5 тамызда Мемкірістер комитетінен бізге хат келді. Оларға фискалдық деректер операторы саналатын "Қазақтелекомнан" өтініш түсіпті. Телекоммуникациялық алпауыт рекасса мобильді қосымшасының функционалын кеңейтуді және "Қазақтелеком" АҚ серверіне қосылу мүмкіндігін міндетті түрде қамтамасыз етуді талап етті. Біздің қосымша фискалдық деректердің қос операторына, яғни "Қазақтелекомға" да, "Транстелекомға" да қатар қосылған. Егер жаңа қосылушылар соның ішінде тек біреуін, мысалы "Транстелекомды" ғана таңдаса бұл "Қазақтелекомға" қосылған кәсіпкерлерді еш шектемейді. Ұялы қосымшаны пайдаланудың ағымдағы статистикасына тоқталсақ, клиенттердің 60%-ы "Қазақтелекоммен", 40%-ы "Транстелекоммен" жұмыс істейді", – дейді "Comrun" ЖШС басшысы Данияр Асанов.

Әу баста бұл салада "Қазақтелеком" АҚ-ы монополист болған. Бірақ кәсіпкерлердің шағымымен, әрі бәсекелес орта құру мақсатында 2019 жылғы 19 сәуірде оған "Транстелеком" АҚ-ы қосылды. Яғни, салықшылар үшін фискалды деректерді қабылдап, өңдеп, табыстауды жүзеге асыратын фискалдық деректер операторы ретінде енді 2 компания бекітілді.

Аппарат түріндегі классикалық кассалық машиналарды, сондай-ақ веб-қосымша мен мобильді қосымшаны өндіретін компаниялар да бәсекелі жағдайда әрекет етуде, оларда монополист жоқ. Қаржы министрлігінің ақпаратынша, бақылау-кассалық машиналардың мемлекеттік реестрінде онлайн БКМ-ның 96 моделі тіркелген.

"Қазақтелеком" неге наразы?

Елордалық компанияның "reKassa" ұялы қосымшасы кейінгі кезде "Транстелеком" АҚ-ымен тығыз әрі басымдықты түрде жұмыс істеуде екен. Оның сендіруінше, мұнысы заңға сәйкес келеді. Салық кодексінің 171-бабына сәйкес, бизнесмендер өз клиенттерімен есеп айырысу кезінде кассалық аппаратты қолдануы қажет. Сол кезде төлем төлеу туралы деректер бекітілген оператордың әйтеуір біреуі арқылы өтіп, салық органына онлайн берілсе болады. Осыған орай "Comrun" мен "Транстелеком" өзара келісімге отырған.

Өзінің осы қарқынды өсіп жатқан сегменттен сырт қалғаны ұлттық телекоммуникациялық компанияға ұнамаса керек.

Дегенмен, рекасса қожайыны заңнамада "деректер уәкілетті орган бекіткен тізбедегі барлық фискалды операторлар арқылы берілуге тиіс" деген талап жоқтығын айтып, табандайды.

Соған қарамастан МКК оны қос операторды қатар пайдаланбағаны үшін жазалауға ниетті. Бизнесмен болса, "Транстелекоммен" өз келісімшартын бұзбай, сақтағысы келеді. Оған да нәпақа табу керек.

"Мемкірістер комитетінің "reKassa"-ны БКМ-дардың мемлекеттік реестрінен шығарып тастау әрекеті еш негізсіз. Біз тек бір оператордан екіншісіне ауыстық. Ол да дәл сондай мүмкіндіктер ұсынады. Әрі сол оператордың талапқа сәйкес келетінін уәкілетті орган таныған. Ендеше біз салық, онлайн БКМ қызметін жүзеге асыру бойынша заң талаптарын бұзған жоқпыз. "Қазақтелекоммен" келіссөз жүргізіп көрдік, бірақ ымыраға келе алмадық. Қазіргідей пандемия және экономикалық дағдарыс жағдайында кәсіпкерлер қудалауға емес, қолдауға зәру. Біз "reKassa" ұялы қосымшасы әрқашан тегін болып қалатынына кепілдік береміз. Мобильді қосымшаны орнатуға да, пайдалануға да, техникалық сүйемелдеуге де ақы енгізбейтін боламыз! Осы арқылы ел экономикасының дамуына үлес қосқымыз, әлеуметтік жауапкершілік танытқымыз келеді", – деп уәде берді Данияр Асанов.

Егер Мемкірістер комитеті шынында "reKassa моделі эталондық үлгіге сәйкес келмейді" деген дәйектемемен оны пайдалануға тыйым салса, онда шамамен 145 мыңдай кәсіпкерге шұғыл түрде жаңа БКМ аппараттарын сатып алып, тіркеуге және шығын шығаруға тура келмек.

Қалай болғанда, нарықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын алпауыттардың айтқанына көнбеу кез келген кәсіпкерді дәрменсіздік жағдайына жеткізуі ықтимал. Мұның мысалы бұрын талай кездескен.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу