150 жобаға 62 млрд теңге бөлінеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16544

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын 9 банк қаржыландырады. 

150 жобаға 62 млрд теңге бөлінеді

Екінші деңгейлі банктер "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын қаржыландыруға кірісті. Бүгінге дейін 62 млрд теңгенің 150 жобасы мақұлданды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың сөзінше, қазір қаржы институттары мен "Аграрлық несие корпорациясы" құны 275 млрд теңгені құрайтын қосымша 210 жобаны қарастырып жатыр.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді тетіктері бекітілді. Нәтижесінде пайыздық мөлшерлеме төмендетіліп, қаржыландыруға "Аграрлық несие корпорациясы" қосылды. Бөлінген қаражаттың жартысы жыл соңына дейін, қалғаны келесі жылы игеріледі", – деді Роман Скляр.

Естеріңізге салайық, үкімет "Қарапайым заттар экономикасын" дамыту бағдарламасы бойынша "Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" қаулы қабылдап, жеңілдетілген кредит беру жобасын қолға алды. Бағдарлама аясында жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға 600 млрд теңге бөлінетін болды. Қомақты соманың 100 млрд теңгесін - агроөнеркөсіптік кешеннің қайта өңдеу саласына, 100 млрд теңгесін - агроөнеркөсіптік кешеннің өндірісіне, 400 млрд теңгесін - өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметке жұмсау туралы шешім шықты.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын қаржыландыруға 9 екінші деңгейлі банк қатысады. Олар өңдеу, тамақ  өнеркәсібін, жиһаз,  химия өндірісін және ауыл шаруашылығы саласын несиелендіреді", – деді министр.

Оның сөзінше, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге несие 8%-бен емес, 6%-бен беріледі.

"Үкімет бөлінген қаражаттың игерілуін қамтамасыз ету үшін халыққа қажет жобалардағы тауар тізбесін кеңейтуді, несиені қайтаруға жеңілдік кезеңін енгізуді, инвестициялық мақсатқа несие беру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтуды және қарыздарды қайта қаржыландыруды жоспарлап отыр.

Бүгінге дейін арнайы жол картасы бекітілді. Аталмыш карта аясында "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын ілгерілетуге арналған 157 шара жүзеге асырылады. Жол картасы өндірісті шикізатпен қамтуды,

заңсыз тауар айналымына тосқауыл қоюды, техникалық реттеу шараларын жүйелеуді, салаға білікті кадрларды жұмылдыруды көздейді", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу