16 жастағы балаларға сайлауға қатысуға құқық беру керек

3627

Он алты жаста үйленіп, өз отбасын құрып, бала туып, үлкен жауапкершілік алуға рұқсат етіледі, бірақ ол жастағыларды мемлекет бюллетенде белгі соғуға жібергісі келмейді. Неге? 

16 жастағы балаларға сайлауға қатысуға құқық беру керек Фото: Серікжан Қобыланбаев

Орталық сайлау комиссиясының жедел мәліметтері бойынша бұл жолы бірқатар сайлау учаскелерінде дауыс беру таңертеңгі сағат 6:00-дан басталған. ОСК жақында осыны мақұлдап, шешім қабылдады. Республика бойынша мұндай учаскелер саны – 86.

Жалпы алғанда, бүгін республика бойынша барлығы 10 101 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады.

2022 жылғы Президент сайлауында жалпы саны 11 950 485 Қазақстан азаматының дауыс беруге құқығы бар. Дәл осы сан сайлау комиссияларына ұсынылған актілерде, сайлаушылар тізімінде көрсетілген.

Бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Бірақ Қазақстанда дауыс беру құқығы 18 жастан ғана басталады.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңының 4-бабында "Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы" деп бекітілген.

Сонымен бірге қоғамда 16 жастағы бозбалалар мен бойжеткендерге өз кандидатына дауыс беруге құқық беру керек деген ұсыныстар айтылады бастады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда жасы 16-ға толған және одан ересек халқымыздың жалпы саны 13 166 436 адам. Яғни, он алты жастан белсенді сайлау құқығы берілсе, сайлаушылар тізіміне шамамен осынша адам кірер еді.

Әлемдегі көптеген елде дауыс беру құқығын көбінесе, азаматтық жетілу жасымен байланыстырады. Бірақ ол жас та әр елде әрқалай. Мысалы, Жапонияда азаматтар тек 20 жастан бастап сайлауда таңдау жасай алады. Дамыған және дамушы елдердің көпшілігі кәмелет жасқа толуды, яғни 18 жасты басшылыққа алған. Дегенмен, Австрия, Бразилия, Иран, Никарагуа, Куба және басқа да елдер азаматтарына 16 жастан бастап, президенттік және парламенттік додаларда өз ықтиярын білдіруге мүмкіндік жасады.

Жалпы, кәмелет жас пен балиғат жас әртүрлі екені белгілі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіруінше, ер балалар үшін балиғат жасы 13 жас болып есептеледі. Қыз балалар үшін ол одан да ерте: 10–11 жас аралығы.  

Ендеше он алты жастағылар енді азамат ретінде де жауапкершілікке ие болуға қабілетті, қарымды болса керек.

Парламент Мәжілісінің депутаты, QAZAQSTAN ARDAGERLERI қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар көтеріп отырған бұл бастаманы қолдайтынын айтады.

"Бізде, қазақта "ересек" сөзі байырғы заманда 13 жастан 15 жасқа дейінгі аралықтағы жеткіншектердің атауы болған. Ары қарай жас жігіт, жас қыз деп атаған. Осы жаста баланың жетілуінің толық циклы аяқталып, бір мүшел жастан асады. Тіпті "Он үште отау иесі" деген қазақ даналығы да бар. Қазақстанда азаматтарға 16 жасқа толғанда, отбасы құруға заңмен рұқсат етілген. Ал Отан отбасыдан басталады емес пе? 16 жастағы жастарымызға дауыс беру құқығын ұсынған дұрыс деп санаймын. Одақ қазақ халқы тек ұтады. Мен мысалы, өзім басқаратын ардагерлер қауымдастығының, "Унибой" федерациясының спорттық, әскери патриоттық іс-шаралары аясында қазақ, басқа да ұлттағы қазақстандық жастармен көп араласамын, ілеуде біреу болмаса, басым көпшілігі шетінен отаншыл, Қазақстанның айбыны бәрінен жоғары болғанын қалайды. Ол балалар дауыс берсе, еліміз үшін ең жақсы Президентті, ұлтжанды, білікті депутаттарды сайлайтынына сенемін. Әйтпесе, ересектердің біразы құлдық санадан арыла алмай жүргені жасырын емес", – деді Бақытбек Смағұл.

Оның пікірінше, бұл құқықты беру керек, ал оны пайдалана ма, жоқ па, оны бозбалалар мен бойжеткендер өзі шешеді. Саясатқа қызықпайтын жастар онсыз да келмейді. Ал белсенді жас өзінің осы құқықтан айырылғанына қамығуы мүмкін.

Елордалық бірінші категориялы терапевт-дәрігер Жәния Мырзабек 16 жаста балалардың ақыл-ойы толысатынын, физиологиясы жетілетінін айтады. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылы жасы 15-тен асқан әр 1 мың қыздың шамамен 23-і бала көтеріп, сәбилі болған екен. Сондықтан физиологиялық ерекшелікті ескере отырып, мемлекет 16 жастан отау құруға мүмкіндік береді. Себебі, заң бойынша мемлекет әр баланың отбасыда өмір сүруін кепілдендіреді.

"Мен өзім саясатқа қызыға бермеймін, тіпті денсаулық сақтау саласынан басқасын басқаратын министрлеріміздің атын білмеймін. Осы жастағы қызым бар, ол саясатқа жүйрік. Себебі, жасөспірімдер қалпымен Ютубта отырады. Әлемде, айналамызда, елімізде не болып жатқанын қызымнан білемін. 16 жастағы балалар дауыс беру құқығына ие болса, мемлекет үшін жаман ештеңе бола қоймас. Олар онсыз да мектепте президентін, парламентін сайлайды. Менің қызым президент болды. Бірақ биліктегілер өзі ілгерілеткен, бірақ жастар арасында танымал емес адамдарды жас ұрпақ таңдамай қояды деп қорқуы мүмкін. Жастық цензді төмендетуге медицина тұрғысынан еш кедергі көріп тұрған жоқпын", – деді медицина маманы.

Қазақстандық университеттерде дәріс беріп жүрген ғалым, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Вабищевич құқық тұрғысынан да бұған тосқауыл жоқтығын жеткізді.

"Билік мемлекетте жасалып жатқанның бәрі, бар жақсылық балаларға деп айтып жатады. Алайда мемлекетті басқару ісіне балаларды қатыстырмайды, саяси шешім қабылдауға әлі пісіп-жетілмеген деп санайды. Өздерін шетке қаға берген соң, әлемде жастар арасында саясаттан түңілу, елдің саяси өміріне қызығушылық танытпау, сайлауға қатыспау үрдісі белең алды. Сондықтан әлемде жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы бойынша жас шектеуін төмендету мәселесі күн тәртібіне шығуда. Егер билік осыған барса, біріншіден, бұл мектеп жасындағы жастардың да бедел-авторитетін мойындағаны болар еді", – деді заңгер ғалым.

Екіншіден, жас ұрпақтың саяси интеграциялану деңгейі артады. Бұл елдегі өкілді демократияның ірге қалаушы қағидаттарын тек нығайтады. Әрине, әлемдегі мемлекеттердің көбі кәмелетке толу жасын меже ретінде қабылдады. Әйткенмен, қазір заман өзгеруде, демографиялық өзгерістер жүруде. Сарапшының байламынша, білім беру форматының жетілуіне, түрлі ақпаратқа көбірек қол жеткізе алатынына, жаңа технологиялар тілін білетініне байланысты жоғары сыныптағы жастар саясат туралы ата-аналарынан көп білуі мүмкін. Ал ересектердің білімі, керісінше, теледидардан айтылғанмен, газеттен оқылғанмен, немесе өзгелерден естіген қауесетпен шектелуі ықтимал.

Ғалым жастардың 16 жастан бастап, ресми жұмыс істеуге құқығы барын еске салды, яғни олар да ересектер қатарлы түрлі салық төлейді, мемлекеттің дамуына үлес қосады. Егер жаза басып, құқық бұзушылық жасай қалса, заң алдында жауапкершілік арқалайды. Сот, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық қудалануы мүмкін.

Ендеше 16 жасқа толғандар да ересектерге тән демократиялық құқықтарға ие болғаны лазым.

Азаматтардың саяси өмірге белсене араласуы – қазір мемлекеттік маңызды, өте өзекті мәселелердің біріне айналды. Онсыз ел жаңара алмайды.

Ел Президенті алда демократиялық жаңғырулар жалғасатынын мәлімдеді. Демек дауыс беру құқығына қойылған жас шектеуін 16 жасқа дейін төмендету – саяси реформалардың келесі топтамаларының көркін ашып, көзайымына айнала алар еді. Әрі бұл әлемдік тренд. Мәселен, Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің бірқатары жергілікті және өңірлік сайлауларда жас шектеуін осылай төмендетті.

Қазақстанда да пилоттық режимде жергілікті, атап айтқанда мәслихат депутаттарын, ауыл, қала, аудан әкімдерін сайлауға 16 жасқа толған қазақстандықтарды қатыстыруға болады.

Сарапшылардың ортақ байламынша, егер жас ұрпақ неғұрлым ерте саясатқа араласа бастаса, саясаттағы дұрыс және терісті, оңы мен солын да соғұрлым ерте тани бастайды. Оның үстіне осы арқылы сайланған тұлғалардың жас ұрпақ арасындағы легитимділігі артады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу