2 627 автобус тұрақта қаңтарылып тұрды

5529

Пандемия облысаралық, халықаралық жолаушылар тасымалымен айналысатын 253 кәсіпорын мен 38 автовокзалдың жұмысын шектеді. 

2 627 автобус тұрақта қаңтарылып тұрды

KAZLOGISTICS Қазақстан көлік одағы бас директорының орынбасары Қанат Мұқышевтің пікірінше, жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау саласы пандемия кезінде көп шығынға ұшырады. Өйткені коронавирус індеті тарала бастаған сәтте-ақ автокөлікпен жолаушылар тасымалдау қозғалысы біршама уақытқа тоқтатылды. Соған қарамастан жолаушыларды халықаралық бағытта автобуспен тасымалдайтындар көлік, мүлік салығын, жылу, электр энергиясы үшін коммуналдық төлемдерді, кәсіпорынның одан арғы қызметін қалыпты ұстап тұру үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеуге мәжбүр болды.

"Халықаралық жолаушылар тасымалына тыйым салған соң, заң аясында адал жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер нарықтағы орнынан айырылып қалды. Ал бұл аралықта заңсыз тасымалдаушылар нарыққа еніп кетті. Оларға қарсы шектеу шаралары қолданылған жоқ. Салдарынан қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірілді. Санитарлық нормалар сақталмағандықтан, індет күшейді. Нарықтағы көлеңкелі экономиканың үлесі артты. Жолдағы өлім-жітім көбейді. Сондықтан Үкімет халықаралық, облысаралық жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің, автовокзалдар мен автостансалардың шығындарын өтеуге тиіс. Олардың шығыны субсидияланып, сақтандыруды ұзарту, автобустарға техникалық бақылау жүргізу, жер және мүлік салығынан босату секілді жеңілдіктер ұсынылуы керек", – дейді Қанат Мұқышев.

Көлік комитеті Автомобиль көлігі басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Айсиннің айтуынша, мемлекет тарифін өзі белгілеген маршруттарды ғана субсидиялай алады. Ал халықаралық, облысаралық бағытта жолаушыларды тасымалдайтындар тарифті өздері бекітеді. Шығындарын да өздері өтейді.

"Заңсыз тасымалдаушылардың нарықтан орын алып, қызмет көрсетуіне қатысты құқық қорғау органдарымен, Мемлекеттік кірістер комитетінің салық қызметімен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Қазақстан көлік одағымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Арнайы әзірленген жол картасы аясында рейдтер жүргізіліп, көліктік бақылау бекеттеріндегі жұмыстар жалғасуда. Біз бақылау жұмысын автоматтандыруды пысықтап жатырмыз. Өткен жылы көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін тәжірибе үшін пайдалануға енгіздік. Биыл оны толықтай іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, жолаушыларды заңсыз тасымалдауды бақылап қана қоймай, автомобиль көлігіндегі жүктерді де назарда ұстамақпыз", – дейді Алмаз Айсин.

Қазақстан автокөлікшілер одағының басшысы Сәбит Аманбаев жеке салалық министрлік қажет деп отыр.

"Саланың мүддесін кәсіби тұрғыдан сауатты әрі нақты қорғай алатын ведомство керек. Біздің бүгінгі бас бұрар орталық мемлекеттік органымыз – Көлік комитетінің Автомобиль көлігі басқармасы. Бұл басқармада бар-жоғы 7 адам жұмыс істейді. Оның біреуі ғана кәсіби маман да, қалғанының тәжірибесі аз және саланың мүддесін қорғай алатындай біліктілікке ие емес", – дейді Сәбит Аманбаев.

Қысқасы, нарық ойыншылары халықаралық бағыттағы маршруттарды ашу керек деп санайды. Алайда оларды іске қосу үшін қомақты қаражат керек. Ал жұмыс тоқтаған уақытта кәсіпорынды ұстап тұру үшін тасымалдаушыларға ауыр жүктеме түскенін ескерсек, бұл үлкен проблемаға айналмақ.

"Халықаралық автобус қатынасы ашылған күнде біз жолаушылар ағынын қайта қалыптастырып, ұлғайтуымыз керек. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз", – дейді ABI Astana компаниясының басшысы Темірхан Күлхан.

Өкінішке қарай пандемия кезінде тоқтатылған халықаралық бағытта автобуспен жолаушылар тасымалдау қызметі әлі жанданған жоқ.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу