25 жұлдызды күн: 9 айда 600 нәресте туған отбасын тапты

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
2751

Оң жақта отырып жүкті болған қыздар мұны ата-анасына айтудан қорқып, "Аналар үйін" паналап жүр.

25 жұлдызды күн: 9 айда 600 нәресте туған отбасын тапты Фото: voxpopuli.kz

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 21 қарашада "25 жұлдызды күн" акциясы басталған болатын. Акцияның күнтізбесіне орай, бүгін елімізде отбасы құндылықтары дәріптелетін күн. Бүгін Орталық және коммуникациялар қызметінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері "ақсақалдар кеңесі" мен "аналар кеңесі" туралы, сондай-ақ, бала асырап алу мәселесі туралы ақпарат берді.

"2013 жылдан бері Қазақстанда қыркүйектің екінші демалысында "Отбасы күнін" атап өту дәстүрі бар. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы өтіп жүр. Отбасын, моральды-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жұмыстардың ортақ бір мақсаты бар – Қазақстанда үлгілі, бақытты отбасылардың санын көбейту", – дейді Ұлттық комиссияның мүшесі Ләззәт Сүлеймен.

Спикердің айтуынша, 2016 жылдың басынан бері Қазақстанда 609 бала туған отбасына қайтарылыпты. Бұл статистиканың мән-жайын анықтау үшін abctv порталының тілшісі Ләззат Сүлейменмен әңгімелесті.

"Қазір отбасы құндылықтарын, жалпы, отбасындағы қарым-қатынасты реттеуге мүдделі мемлекеттік емес ұйымдар бар. Жастар арасындағы түсінбеушілікке бола, баланың әкесінің отбасы немерелі болғанын білмеген жағдай да кездесті. Сонда, нәрестенің әке-шешесін шақырып, жұбайлардың немесе қыз-жігіттің ата-анасын шақырып, әңгімелескен кезде, келісімге келіп, немересін құшақтай алған ата-әжелер болды. Жалпы, нәрестелі болған, бірақ, барар жері жоқ аналар жайлы құзырлы орган істі жан-жақты тексереді. Сол кезде жүкті әйелді тастап кеткен жігіт те, қыздың ата-анасы да, туыс-туғаны, ананың қандай жағдайға тап болғаны анықталады. Егер қолдан келсе, мен айтқан мемлекеттік емес органдар жас анамен әңгімелесіп, баласы екеуін отбасына қайтаруға тырысады. Міне, 609 бала биыл туған отбасын қайта тапты", – дейді Ләззат Сүлеймен.

Арада "Аналар үйі" туралы әңгіме қозғалған соң, Астанадағы "Аналар үйін" мекендеген жас аналардың жағдайымен таныспақ болды. Астанадағы "Аналар үйінің" үйлестірушісі Гүлнәр Шакированың айтуынша, қазір елордада осындай екі үй жұмыс істейді және айына әрқайсысы шамамен 10 келіншекті қабылдайды екен.

"Астанада екі "Аналар үйі" бар. Айына шамамен 10 әйел келеді. Жас ерекшелігі әртүрлі. Бірақ, "Аналар үйінің" ережесіне сәйкес, жасы отыздан асқан келіншектерді қабылдай алмаймыз. Және де баласының жасы 1 жас 6 айдан аспауы керек. Себебі, көп жағдайда бізге жаңа босанған, сәбиі әлі кішкене аналар келеді. Кішкене сәбилердің қауіпсіздігі үшін баланың жасын 1 жарым деп белгіледік. Бізге келген әйелдер "Аналар үйінде" бір жыл тегін тұра алады. Бір жылдың ішінде қолдан келгенше көмектесеміз. Қазір Астанадағы Заң университетінің мамандары келіп, аналарға компьютер программаларын, қаржылық сауаттылықты және ағылшын тілін үйретіп жүр. Сондай-ақ, "Аналар үйінің" тігіншісі қыз-келіншектерге тігін тігуді үйретеді", – дейді Гүлнәр Шакирова.

Үйлестірушінің айтуынша, "Аналар үйінде" сан қилы тағдыр бар. Кей аналардың расымен перзентханадан кейін баратын жері жоқ болып шығады. Бірақ, көбіне, бір сценарий қайталанып отырады.

"Көп жағдайда жас қыздар келеді. Жігіт екеуі бір-бірін "сүйеді", жігіт әне үйленемін, міне үйленемін деп қызды сендірумен болады. Некесіз жақындаған соң, қыздың аяғы ауырлағанда, жігіт оған үйленуден бас тартады. Ал қыз ата-анасына айтудан қорқып, әке-шешесінің басқа қалада екенін пайдаланып, "Аналар үйін" паналайды",  – дейді ол.

Жалпы, 2013 жылдан бері Қазақстанның 18 қаласында осындай 24 үй ашылған. Үш жыл ішінде 1723 жүкті әйел осы "Аналар үйіне" келіп, босанғаннан кейін де осы үйлерді паналаған. "Аналар үйі" республикалық жобасының жетекшісі Гүлмира Ізімбергенованың айтуынша, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда перзентханаға баласын тастап кететін аналардың саны 71 пайызға қысқарыпты. Жоба жетекшісі бұл, сөзсіз, "Аналар үйінің" басты жетістігі дейді. "Біздің мақсат – жөргектегі сәбиін құшақтап келген ананы паналату ғана емес, әрі қарай сол ана мен баланың дұрыс өмір сүруіне көмектесу. "Аналар үйіндегі" жас әйелдерге біз баспана ғана емес, білім беріп отырмыз. Биыл, Қазақ гуманитарлық заң университетімен тиісті меморандумға қол қойып, жеті жас ананы осы университетке жеңілдікпен түсірдік. Яғни, болашақта бұл аналар баласын асырай алатындай болуы керек", – дейді Гүлмира Ізімбергенова.

Ал, депутат Елена Тарасенконың айтуынша, тастанды бала, некесіз отбасы сияқты мәселе өзекті болып барады.

"Жетім бала мәселесі әрқашан да өзекті қалпында қалады. Мұндай проблема әрбір қоғамда бар, нәресте әртүрлі себеппен жетім атанады. Бірақ, мені алаңдататыны тірі жетімдер. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қыздарға психологтар мен аналары ерте жасынан кеңес беріп отырса. Осы мәселелерді назарға ала отырып, Мемлекет басшысының Жарлығымен балалар құқығы жөніндегі уәкілеттілік институты да ашылды", – дейді Е.Тарасенко.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда 146 балалар үйі бар. Ондағы балалардың 80 пайызы – тірі жетім...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу