257 миллиард теңге жұмсалған жүйе істен шығуда

2046

Миллиардтар игерілсе де, өңірлер тот басқан су ішіп, жылусыз отыр. 

257 миллиард теңге жұмсалған жүйе істен шығуда

Қазақстанда коммуналдық апаттар тізбегі жалғасуда. Алматының қақ ортасында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлерде тұрғындар қақаған қыста жылусыз қалды. Тұрғызылғанына небары 6 жыл ғана болған тұрғын үй кешенінде жылыту жүйесінің құбырлары жаппай жарыла бастаған. Нысанды Алматы қаласы әкімдігінің "Предприятие капитального строительства" (ПКС) ЖШС салған. Тұрғындардың бірі Роза Есенқұлованың айтуынша, барлық пәтерді су алып кететіндіктен, ондағы адамдарға жыл сайын жылу беруді күрт тоқтатып, еденді бұзып, астына жасырылған құбырларды ауыстыруға тура келеді. Ал апат 5–6 ай сайын әр үйде қайталанып тұратын көрінеді. Алдыңғысы – елде карантин алғаш рет енгізілгенде болған.

Құбырлардың жиі жарылуы кесірінен үй қабырғалары мен едені көктей бастапты. Үрейлісі сол, еден астында құбыр жанынан әртүрлі электр кабельдері де тартылған, олардың дымқылдануы кесірінен бірнеше баспана иесін тоқ соғыпты. 

Жалпы, еліміздің ең ірі мегаполисінде жақында, биылғы 2 қазанда бір емес, бірнеше үй осындай апатқа кезікті. Сол күні Алматының жоғарғы бөлігінде, Медеу ауданында авария салдарынан жылыту жүйелерінің жұмысы бұзылып, ыстық су беру тоқтатылған. Нәтижесінде, 180 нысан жылусыз және ыстық сусыз қалды. Самал-1, Самал-2, Самал-3 ықшамаудандары, Қажымұқан, Достық, Чайкин, Омаров, Байжанов көшелеріндегі үйлер тұрғындары жаурады. "АлТС" авариялық қызметі әупірімдеп жүріп, жүйені әзер қалпына келтірді.

Өзге қала түгіл, елорданың жаңа әкімшілік орталығының өзі былтырғы 10 қарашада екі күндік блэкаутты бастан кешіргені мәлім. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың түсіндіруінше, "Левобережная" қосалқы стансасындағы авария қаланың бірнеше ауданының қараңғылық құшағына енуіне соқтырды. Қалабасының мәліметінше, астанада шамамен 680 иесіз электр желісі мен нысаны бар. Дегенмен, апат су-жаңа подстансада болған.

"Проблема жетерлік. Онда қауіпсіздік нормалары сақталмаған. Қарапайым инженерлік талаптар орындалмаған. Кабель-арналар бір-бірімен араласып, бытысып кеткен. Аралары құммен толтырылмаған. Бір-біріне жабысқан кабельдердің біріндегі қысқа тұйықталу өзгелерге теріс әсер етіп, туындаған өрт барлық арналарды жауып кетіпті. Бұл әрине, дөрекі іс, өрескел қателік", – деді Алтай Көлгінов. 

Жалпы, ТКШ саласындағы жөнсіздіктер барлық өңірді жайлаған. Мысалы, Қостанай қаласының Строительная көшесінің тұрғыны Гүлмира Амантайқызы ыстық су орнына қанжылы су ағатынын айтады.

"Ол ештеңе емес қой, нашары сол, тотты, қоңыр су ағады. 2017 жылдан бері жыл сайын осы мәселені көтеріп, шағым жазамыз. Судың түсі көп өзгерер емес. Әсіресе, асүйден тотты судың ағатыны қиын. Немере інім Карбышев көшесінде тұрады, олар да ұқсас проблемадан зардап шегуде. Суға түссе, денесі қызарып, ағзасы тотты суға аллергиялық реакция береді дейді. Осы ыстық су үшін жоғары тарифпен төлейміз, алайда сапалы қызмет ала алмаймыз. Енді суық судың сапасы да бұзыла бастады. Ол суды тұндырсаң, кәдімгі құм шөгеді. Әсіресе, күз бен көктемде мәселе ушыға түседі", – дейді Г.Амантайқызы.

Бұл тұрғындарға қаржылық, материалдық шығын келтіруде. Қостанайлықтар жуынатын бөлмедегі шүмек-кранды жылына үш рет ауыстыруға тура келетінін, оның тот басып, тез шіритінін мәлім етті. Құбырларды да жиі жаңартуға мәжбүр. Қаланың бұл аудандарына келетін қонақтар шүмекті ашып қалғанда, шошып кетеді екен. Тұрғындар содан да жерге кіре жаздап, ұялады. Кейбірі бұл түйткілді фильтр қойып шешуге тырысады, онысы мәселені ұзаққа шешпейді.

Салаға жауапты "Костанайская тепло-энергетическая компания" (КТЭК) ЖШС тұрғындардың өзін кінәлайды: "пәтер иелері баспаналарында рұқсатсыз қайта құру (перепланировка) жүргізеді, ыстық су беру жүйелерін өзгертеді, өз бетінше жөндейді". Салдарынан "циркуляцияға нұқсан келеді". Сондай-ақ ПИК-тер татты су кетуі үшін құбырларды шаюды жүзеге асырады. 

Министрлік не дейді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүйені жаңарту шаралары қабылданып жатқанын алға тартты.                                                               

"2015 жылы Үкіметтің №247 қаулысымен елімізде жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 60 миллиард теңге бөлінді. 92 жоба іске асырылды. 2016 жылы №197 қаулысымен осы мақсатқа 75 миллиард теңге шығындалды. 119 жоба іске асырылды. 2017 жылы №190 қаулысымен 48 миллиард теңге (103 жоба), 2018 жылы №98 қаулысымен 36 миллиард 669,3 миллион теңге (58 жоба) жұмсалды. 2019 жылы ел Үкіметінің №48 қаулысымен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 38 миллиард 80,5 миллион теңге бағытталды. Бүгінде 19 жоба іске асырылып жатыр", – деді министрлік.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі дәл осы жүйелерін жөнге келтіруі үшін №9 кредит шарты негізінде бюджеттен 9 миллиард 473,2 миллион теңге бюджеттік кредит алыпты.

Бұдан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға кредит беру" бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының әкімдігіне де 2019 жылғы 22 қарашада 1 миллиард теңге сомасында бюджеттік кредит берген.

Индустрия ведомствосы бұл жобалар өңірлерге әбден тозған жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және жаңа жүйелерді салуға мүмкіндік беретініне сенімді. Алайда әкімдіктердің ешқайсысы жүздеген миллиард ақшаны қайда жібергенін, оған нақты не бітіргенін түсіндіріп, есеп бермеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу