"29 жыл бойғы еңбегіміз зая кетті" – Ресей Украинадан күнбағысты қалай тасып жатыр

4919

Ресей ұрланған күнбағыс шемішкесінен май жасамақ.

"29 жыл бойғы еңбегіміз зая кетті" – Ресей Украинадан күнбағысты қалай тасып жатыр

Ресей Украинаның басып алған аймақтарынан бидай ғана емес, сонымен қатар күнбағыс тасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2021 жылы екі ел де күнбағыс майының экспорты бойынша әлемдік көшбасшы атанған болса, енді Ресейде украин күнбағысының тұқымынан май жасамақ.

BBC басылымының жазуынша, Украина ауылшаруашылығы символы саналатын күнбағысты кім, қалай тасып жатқанын анықтаған. 

Ресей тоналған шемішкеден сұйық май жасамақ

Мақалада шілде айының ортасында Ресей тағайындаған шенеуніктердің өкілдері басып алынған Мелитопольде жергілікті фермерлермен кездескендігі туралы баяндалады. Өзін "Мелитополь облысының әскери-азаматтық әкімшілігінің басшысы" деп атайтын Андрей Сигута ауылшаруашылық өндірушілермен кездескен. Ол соғыс басталғанға дейін ресейшіл оппозициядан Мелитополь аудандық кеңесінің депутаты болып жұмыс істеген.

Украина прокуратурасы оған мемлекетке опасыздық және серіктестік жасады деген айып тақты.

"Біз Мемлекеттік астық компаниясын құрдық, әзірге астықтың индикативті бағасын енгізді, ал келешекте майлы дақылдар [өнімдері] енгізетін болады", – деді Сигута шаруаларға.

Ол ұсынымдық (индикативті) бағаларды белгілейтін тұтас "астық компаниясы" қандай мемлекеттік компания құрғанын нақтыламаған. Ал Украина тізілімінде мұндай заңды тұлға жоқ. Бірақ елдің өзінің азық-түлік және астық корпорациясы бар, бірақ бұл – мүлде басқа компания.

Жуырда жергілікті ресей паблигінде "әскери-азаматтық әкімшілік басшысының" сөйлеген сөзі бар бейнеролик жарияланды. Онда Сигутаға қараған қажыған фермерлер бір-екі секундқа ғана көрсетіледі. Ал олардың артында артында Украина ауыл шаруашылығының әлемге әйгілі екі басты символы – бидай мен күнбағыс гүлі байқалады.

Көктемнен бері Украина билігі Ресей басып алынған аумақтардан астық тасыды деп айыптап, бұл әрекеттерді тікелей тонау деп атаған еді.

Астық Украинаның оңтүстік облыстарынан аннексияланған Қырымға тасымалданады, ол жерден егіннің кем дегенде бір бөлігі Сирия мен Түркияға экспортталады.

Алайда ВВС хабарлағандай, Ресей Украинадан тек астық қана емес, күнбағысты да тасып жатыр. Соғысқа дейін екі ел күнбағыс майының әлемдік экспортында көшбасшылық үшін бейресми күресте басты бәсекелес болды. Мәселен, 2021 жылы Украина шетелге 5,1 миллион тонна май, (өндірілген көлемнің 85%), ал Ресей 3,1 миллион тонна май сатты.

Қазір Ресейде Украинадан жеткізілген күнбағыс шемішкесінен май жасалады.

Астық тасымалдаушыларды іздеп жатыр

"Семечка. Черниговка (Запорожская область). Ростов-на-Дону. Возить много, машины на круг". Бұл Украинаның оккупацияланған бөлігінен Ресейге егіннің барлық түрлерін экспорттауға тапсырыс берген 500 қатысушысы бар WhatsApp-тағы жабық чаттағы хабарландыру.

Бұл хабарландыру 18 шілдеде жарияланған. Сол күні чатта өзін-өзі тәуелсіз деп жариялаған ЛНР, Бунчуковка ауылынан Белгород облысына күнбағыс тасығысы келетіндерді іздеді.

"Біз көлікпен қамтамасыз етеміз. Ешқандай ұрыс-керіс, төбелес жоқ, тыныш. Барлық жерде ресейлік бақылау-өткізу бекеттері бар. Барлық жерде көліктерге кедергі жоқ", – делінген. Бұл скриншоттарды басылымға чаттағы қатысушылардың бірі берген.

Хабарландыруда көрсетілген байланыс телефоны жүк тасымалдайтын қырымдық кәсіпкерге тиесілі екендігі анықталды. Чатқа қатысушылардың арасында орыс және украин нөмірлерінің иелері де бар. BBC GetContact арқылы он шақты нөмірді тексеріп көрген. Белгілі болғандай, чаттың қолданушыларының дені жүк көліктері мен астық тасымалдаушылардың жүргізушілері, не жүк тасымалдаумен байланысты шағын кәсіп иелері болып шықты.

Украинадан күнбағыс тасу үшін астық тасымалдаушылар телеграмм чаттардан да іздестіріледі.

Мысалы, Краснодар өлкесінің Елена есімді диспетчері шемішкенің ұрланбағанын, әскери-азаматтық әкімшілік бақылауындағы өнім екенін атайды.

Украиналық күнбағыс Украинаның оңтүстік облыстарынан ғана емес, Харьков облысының оккупацияланған бөлігінен де тасылып жатыр.

Мәселен, хабарландырулардың бірінде "Жүктеу пункті – Купянск, Украина, түсіру – Воронеж облысы. Шұғыл! Ертең тиеу", – деп жазылған.

Оны жариялаған Белгород облысының кәсіпкері Виктор да оның "ресми" сатып алынған шемішке екенін алға тартады.

Шемішке қандай жолмен сатылады

"Базада 1 200 тонна күнбағыс пен 860 тонна бидай қалды. Барлығын талан-таражға салды. Сондай-ақ 240 тонна бұршақ болды, бірақ арты не болғанын білмеймін", – дейді Запорожье облысының ірі фермері.

Оның айтуынша, мамыр айының соңына таман ресейлік әскерилер оның кәсіпорнына келіп, егінді әкете бастаған.

"Алғашында олар күзетшіге сыпайы айтуға тырысты, олар бұл командирдің бұйрығы екенін айтты. Командирдің қайда екені белгісіз. Өздері жақсы көрінгісі келді. Бірақ оларды біреу жіберіп отырғаны белгілі. Барлық астықты алып шықты. Ешқандай ақша ұсынған жоқ, төлемейді де. Ал күзетшіні ұрып-соқты", – дейді ол.

Фермердің айтуынша, астық пен күнбағыс тиелген астық таситын көліктер аннексияланған Қырымның нөмірлерімен жүрген. Оның есептеулері бойынша экспортталған өнімнің жалпы құны 23 миллион гривен (соғысқа дейінгі бағам бойынша 820 мың доллар және жаңа бағам бойынша 620 мың доллар). Ол сондай-ақ шамамен 1,8 миллион доллар көлеміндегі техникалық жабдықтарынан айырылған айтады.

Ал Запорожье облысы фермерлер бірлестігінің басшысы Валерия Матвиенконың айтуынша, фермер басқыншы билікпен серіктес болғысы келмесе, шемішке мен басқа да дақылдарды олардан оңай тартып алады. Сонымен бірге басып алынған аумақтарда кез келген ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін "әскери-азаматтық әкімшілікте" тіркелу керек.

Ресей әскерлерінен босатылған әлі де болса Украинадан кетпеген шағын және орта кәсіпкерлер шемішкені арзанға сатуға мәжбүр. Матвиенконың айтуынша, өнімнің бір тоннасын 150 доллар,  ал соғысқа дейін шемішкенің бағасы 600 доллар болған. Сонымен қатар күнбағыстың астықтан айырмашылығы – тез бүлінеді, сондықтан өндірушілер тезірек май алу үшін сатуға тырысады.

Ресей украин күнбағысын не істейді

Шемішкеден жасалатын негізгі өнім – күнбағыс майы. Украиналық күнбағыс экспорты үшін жүк көліктерін іздеу туралы барлық хабарландыруларда май өндіру зауытытының соңы Ресейге барып тіреледі.

"Біз бірден зауыттарға тасымалдаймыз, қоймаларға түсірмейміз", - дейді басып алынған Харьков облысынан шемішке тасып жүрген Виктор.

Хабарландырулардың бірінде астық тасымалдаушылар 5 мың тонна, енді бірінде 3 мың тонна астық шығаруы керектігі көрсетілген.

BBC басылымының жазуынша, Ресейде 2021 жылы күнбағыс өндірісі рекордтық көрсеткішке жетіп, 15,5 миллион тоннадан асты (2020 жылы 13,3 миллион тонна).

Алайда өнім экспортқа шықпайды. Ішкі нарықты шикізатпен толық қамтамасыз ету және оның бағасының өсуіне жол бермеу үшін Ресей билігі күнбағыс тұқымын экспорттауды жасанды түрде шектей бастады.

Украиналық шемішкенің Ресейге астық сынды ірі көлемде экспортталмауының тағы бір себебі логистикаға байланысты болып отыр.

"Әлемде күнбағысты таза күйінде ешкім экспорттамайды, ол астықтан 30%-ға жеңіл, ал күнбағысты тасымалдау ауа тасымалдаумен бірдей", – деп түсіндіреді "Укролияпром" қауымдастығының бас директоры Степан Капшук.

Запорожье облысының басып алынған бөлігінде – Мелитополь мен Пологиде екі май өндіру зауыты бар.

Мамыр айында Украина қарулы күштерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей әскерилері Пологидегі зауытқа келіп, сақталған майды алып кеткен. Жергілікті фермер BBC-ге зауыттың ішінара қирағанын және жұмыс істемей тұрғанын хабарлаған.

Запорожье аймағының қарт фермері BBC-ге 2021 жылы күнбағыстың "өте жақсы" шыққанын айтып сұхбат берді.

Айтуынша, 23 ақпанда соғыс басталудан бір күн бұрын ол Мелитополь элеваторына соғысқа дейінгі бағамен 700 доллардан 80 тонна тұқым сатуға келіскен.

"Мен ол жерге 27 ақпанда баратын болып келістім. Түскен ақшаға комбайн алайын деп ойладым. Бірақ 24-і күні соғыс басталып, бәрі күйреп қалды. Қазір менің егін алқабымда не болып жатқанын білмеймін. Біздің 29 жыл бойы тынымсыз еңбекпен тапқанымыздың барлығы зая кетті", – деді қарт фермер.

Ая Өміртай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу