33 млрд теңге қарызға батқан шымкенттік алпауыт

13017

ЖСО-лардың талауында қалды. 

33 млрд теңге қарызға батқан шымкенттік алпауыт

"Меланж" кәсіпорны кезінде мемлекеттің мақтанышы саналатын. "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағының ең үздік жобалары қатарында болды. "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын" атанды. Ол туралы ел қаржысына, мемлекеттік тапсырыс аясында талай бейнероликтер түсірілді, орталық телеарналардан көрсетілді, үлгі етілді.

2011 жылғы 9 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында үлкен салтанатпен "дайын тоқыма бұйымдарының өндірісі" іске қосылды. Оның индустрияландыру аясында жүзеге асқан ірі жоба екені насихатталды. Ол марапат атаулыға бөкті: 2007–2009 жылдары "Алтын сапа" және "Жылдың үздік экспорттаушысы" үкіметтік ең биік наградаларды иеленді. Оның алдына салықтық жеңілдіктер мен преференциялар табақтап тартылды. Арзан кредиттерге қарық болды. Қазақша айтқанда, ішкені алдында, ішпегені артында еді.

Жалпы, "көшбасшы қазақстандық тоқыма компаниясы" деп дәріптелген "Textiles.kz" корпорациясы құрамына "Меланж" АҚ-ы, "Ютекс" АҚ-ы және "Ютекс KZ" кәсіпорындары кірді. Шымкенттік корпорация 2001 жылы құрылған. Оның кәсіпорындары шикі мақтаны өңдеп, одан жоғары сапалы дайын өнім шығаратын толық циклды жолға қоюы тиіс болатын. Рас, қазақстандықтар "күрделі" бұйым түгіл, қарапайым шұлықтың өзін қытайдан тасып киюін жалғастырды.

Ал кәсіпорынның сайтында оның табиғи мақтадан төсек-орын жабдығын, орамал, халат, монша керек-жарағын, майлық-салфеткаларды, сондай-ақ мамандандырылған киім мен жеке қорғаныш заттарын шығаратыны жарнамаланып тұрды.

Енді не болды?

2003–2014 жылдар аралығында, яғни 11 жыл бойы әлгі үш акционерлік қоғамнан құралған "Textiles.kz" корпорациясы "Қазақстанның даму банкі" (ҚДБ) мемлекеттік банкімен ынтымақтаса отырып, өз жобаларын соның арзан несиесіне жүзеге асырған. Бірақ төлемін төлеуді кешіктірген. Салдарынан 2012 жылғы 20 қыркүйекте ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты үкім шығарып, берешегін өтеу үшін кәсіпорындардың мүлкін тәркілеуді сұраған ҚДБ талабын қанағаттандырды. Сол кездің өзінде корпорацияның мемлекеттік банк алдындағы қарызы 227 млн 896,4 мың долларға (сол кездегі 148 теңге бағамына сәйкес 33,8 млрд теңгеге) жетіпті.

Дегенмен, күні кеше ғана ең жоғарғы деңгейде мақтаныш етілген, қам-қарекетіне бүкіл ел көз тіккен кәсіпорын хикаясының осылай "қайғылы" аяқталуын жөн көрмесе керек, кенет "Қазақстанның даму банкі" сот шешімін пайдаланудан бас тартады. Оның орнына сол жылғы 5 желтоқсанда компанияны сауықтыру жоспарын бекітеді. Бұл Үкіметтің талабы болса керек.

Өйткені сол кездегі Үкімет басшысы Серік Ахметовтың басшылығымен 2012 жылғы 27 желтоқсанда өткен Сауықтыру жөніндегі кеңестің отырысында арнайы хаттамалық шешім бекітілген. Оған сәйкес, "Меланж" және "Ютекс" АҚ-ы "Дағдарыстан кейін қалпына келтіру (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) бағдарламасының" қатысушылары болып белгіленді. Соған орай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін болды.   

Осыдан кейін судьялардың қатулы жүзі де жұмсарып сала берген. 2013 жылғы 22 ақпанда ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған қос кәсіпорынға сауықтыру рәсімін қолдану туралы шешім қабылдады. Ғажабы сол, сот шешімі бойынша қос компания 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін сауықтыру рәсімінің игілігін пайдалануға мүмкіндік алған.

Осыдан кейін 2014 жылғы 16 мамырда Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемкомиссия "Textiles.kz" компаниясы тобының берешегін талап ету құқықтарын ҚДБ-дан алып қойып, "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ына беру туралы шешім шығарды. ҚДБ-ны басқаратын "Бәйтерек" холдингінің өзі осыны сұрапты. Айта кету керек, осыдан бір жыл бұрын дәл осы мемлекеттік комиссия банкрот компанияның кредиттерін қорға беруге тыйым салған (№17-5/07149 шешім) екен. Енді келесі жылы мамырдағы осы жиынында сол ниетін "180 градусқа" өзгертті.

"American Appraisal" компаниясының 2014 жылғы 1 мамырда жүргізген бағалау жөніндегі есебіне сүйенсек, нәтижесінде ҚДБ 7 млрд 261,7 млн теңгенің немесе 40 млн доллардың мүлкіне қатысты талап ету құқығын қорға тапсырды.

2014 жылғы 8 қыркүйекте "Қазақстанның инвестициялық қоры" және "Textiles.kz" компаниялар тобы арасында келісім бекітілді. Берешек 13 жыл ішінде, 2027 жылға дейін жабылуы керек болған.  

ЖСО және МСО тарпа бас салды

"Соған қарамастан, 2016 жылғы 10 ақпанда қордың басқармасы жоба бойынша шарттарды өзгерту және 2012 жылғы сот шешіміне сәйкес атқарушылық өндірісті қайта жандандыру туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта "Меланж" және "Ютексті" сауықтыру рәсімдерінің күші жойылған. Сонымен қатар қор жеке сот орындаушысы М.Әбдібаймен келісімге отырды. Ол бойынша ЖСО "Textiles.kz" компаниялар тобының барлық мүлкін сатудан түсетін соманың 3%-ын алатын болыпты. Мұның қыруар ақша екеніне назар аудартқым келеді: ЖСО Әбдібай қордағы мемлекеттік қаражат есебінен 86 млн 928,9 мың теңге төлемге қол жеткізеді. Бұл сонда қалай? "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңына сәйкес, мөлшері 1000 АЕК-тен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алуды ЖСО-ларға тапсыруға тыйым салынған емес пе?!" – дейді "Меланж" президенті Шолпан Жарасова.

2016 жылғы 16 ақпанда тағы да сол ОҚО мамандандырылған соты отырыс өткізіп, оған "Textiles.kz" өкілдерін шақырмай, "Меланж" бен "Ютексті" сауықтыру рәсімін жоя салды. Негіздемесі, дәйектемесі салмақты: бұған кәсіпорындардың Сауықтыру жоспары бойынша төлемдер кестесін бұзуы себеп болыпты.

Жеке сот орындаушыларының мол табыс түсіретін дауды көрсе қан иісін сезген "қасқырға" айналатынын кәсіпкерлер жақсы біледі. Ол дереу атқару өндірісін ашып, "Меланж", "Ютекс" және "Ютекс KZ"-ның барлық мүлкін бұғаттайды. Бұған сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік сот орындаушысы (МСО) да қосылған. Өз кезегінде ол бұл істі Шымкенттің Абай ауданы бойынша МСО әріптесінен қабылдап алыпты.

Әйтсе де, "Textiles.kz" заңгерлері "Абай ауданы бойынша МСО атқару өндірісін қозғамаған" деген байламға келіп отыр: ондай өндірістің ашылғаны туралы материалдар мен мәліметтер қаланың сот актілерін атқару бөлімінің мұрағатына түспеген. Осыны негізге алған кәсіпорын бұл әрекеттерге келіспей, дауласып жатыр. Ол ЖСО-ның да, МСО-ның да атқару өндірісін ашуын заңсыз дейді.

Әрине, "Қазақстанның инвестициялық қорын" айыптау қиын: ол мемлекеттің мүддесін қорғауы керек. Оның үстіне жеті жылдан бері жетіліп кетпеген кәсіпорынның қазіргі күйзелісті шақта оңалуы күрделі болса керек.

Қалай болғанда, кезінде бір өзі "тоқыма кластерінің" қарлығашы саналған компания қазіргі кезде иіру, тоқу, тігу, өңдеу құрылғыларынан, зертханалық жабдықтарынан айырылып, жұрдай болды. Оның тіпті "Оңтүстік" АЭА аумағында, Шымкенттен 5 шақырым жерде орналасқан үлкен жер телімі де, Шымкенттің Некрасов көшесіндегі 0,8062 гектар ауданды жайлаған, цех пен қазандығы бар иіру-тоқу фабрикасының ғимараты да, сондай-ақ басқа да барлық жылжымайтын мүлкі, автокөліктері тегіс тартып алынды. Алайда осының өзі қарызды өтеуге жетпеуі ықтимал. Сондықтан мемлекеттік сот орындаушылары "Бомпи-Текс", "ATEX Services" ЖШС-ларына қатысты іс қозғауда.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу