33 жылдық белес: Қазақстан армиясы қалай күшейді

346

Осыдан тура 33 жыл бұрын, 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылып, еліміздің дербес әскері пайда болды. 

33 жылдық белес: Қазақстан армиясы қалай күшейді Фото: aqorda.kz

Сол себепті 7 мамыр мемлекет тарихындағы ерекше дата ретінде есте қалып, көп ұзамай "Отан қорғаушылар күні" аталды. Қазір ол мемлекеттік мереке дәрежесіне жетіп, ерекше тойланатын болды. Осы аралықта Қарулы Күштеріміз қандай жетістіктерге жетті, жоғары деңгейде жасақтала алды ма?

Әлемдік аренадағы бедел

Әріге ұзамай-ақ қояйық, былтырдың өзінде армиямыз 850-ден астам іс-шара, оның ішінде 30-дан астам халықаралық оқу-жаттығу мен жарыс өткізіпті. Әсіресе, қорғаныс саласында шетелдіктермен бірлескен жаттығулар көбейгені назар аудартады. 2024 жылы 15 маңызды халықаралық шарт жасасты.

Елімізге Армения, Қытай, Тәжікстан, Словакия, Сербия және Түркияның Қорғаныс министрлері келді. Өз министріміз Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Ресей, Түркия және Сербия сияқты бірнеше шет мемлекетке барды. Оның аясында әскердің дамуы, білім беру, әскери-техника – бәрі қамтылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма беріп, әскери қызметшілеріміз БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын көбейтті. Еліміздің бітімгерлері 2024 жылдан бастап БҰҰ-ның алты бірдей миссиясына қатысуда. Оның ішінде Ливанда үш штаб офицері, Таяу Шығыста екі әскери бақылаушы, Батыс Сахарада алты әскери бақылаушы, Орталық Африка Республикасында екі штаб офицері және Конго Демократиялық Республикасында екі әскери бақылаушы миссия атқарып жүр.

Тұңғыш дербес ұлттық бітімгерлік контингенті "БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясының резерв ротасы ретінде орналастырылды. Бұл әскери қызметшілер БҰҰ-ның өз бетінше өрістету мандатын алған алғашқы қазақстандық миссия. Голан жоталарында 139 әскери қызметші мен 4 штабтық офицерден тұратын әскери контингент қызмет атқарады. Жыл бойы олар Бітімгерлік операциялар орталығының базасында дайындықтан өтті. Тілді үйреніп, халықаралық гуманитарлық құқықты игеруде. Әскери қызметшілер терроризмге қарсы дайындық және экстремизмге қарсы әрекет ету курстарынан өтті.

Жалпы алғанда, былтыр қазақстандық әскери қызметшілер былтыр 31 халықаралық оқу-жаттығуға қатысыпты. Қарулы Күштер арасында 75 мың жауынгерлік даярлық іс-шарасы өткізілді. Осылайша, даярлық жоспары 99,9%-ға орындалды. Бұл әскерлерді дайындаудың жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.

Оның ішінде 3 мыңнан астам жауынгерлік атыс, 35 мың практикалық атыс және 1 мың тактикалық оқу-жаттығу жүзеге асырылды. Ал десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері 15 мың рет парашютпен секірсе, әскери ұшқыштар авиациялық зақымдау құралдарын 300-ден аса жауынгерлік қолдану арқылы 10 мыңнан астам ұшу ауысымын орындады. Сөйтіп, Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінде ұшу құрамын дайындау жоғары қарқынға ие боп отыр.

Бұған қоса, әскери-теңіз күштерінің кемелері Каспий теңізіне 200-ден аса жорық жасады. Кемедегі жауынгерлік жаттығулардың қарқындылығы 61%-ға артқан. Теңізде операциялар жүргізуге, теңіз шекараларын қорғауға және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға байланысты жауынгерлік тапсырмаларды пысықтауға ерекше назар аударылыпты.

Әскер жаңа бағыттарды меңгеруде

2024 жылы Қазақстан армиясы 100-ден астам заманауи жауынгерлік машина, авиациялық және басқа да техникалар сатып алды. Олардың ішінде, 53 "Арлан" БКМ (Қазақстан), 45 бірлік COBRA II БКМ (Түркия), А-400М ауыр жүк әскери-көліктік ұшағы (Испания), "Шапшаң" көліктік-десанттық қайығы (Қазақстан) бар.

Қосымша қаржыландыру аясында былтыр желтоқсан айында Испаниядан ауыр қару-жарақ пен техниканы қоса алғанда, жүктердің үлкен партияларын тасымалдау үшін маңызды A-400M әскери көлік ұшағы келді. Сол сияқты Ақтауда "Шапшаң" жылдам көліктік-десанттық қайығы пайдалануға берілді. Диверсияға қарсы көлік теңізде және өзен сағаларында операциялар жүргізуге, жабдықталмаған жағалауға десант тасымалдауға және түсіруге, медициналық эвакуациялауға және апатқа ұшырағандарға көмек көрсетуге арналған.

Қазақстан армиясының қаруындағы 85 бірлік әскери техникаға, оның ішінде 8 армиялық авиация тікұшағы мен 5 радиолокациялық стансаға, күрделі жөндеу және жаңғырту жүргізілді. Модернизация сауытты қару-жараққа да, байланыс құралдарына да, радиолокацияға және басқа да қару-жарақ түрлеріне әсер етті. Қолданыстағы жүйелердің қызмет ету мерзімі ұзарып қана қоймай, талаптарға сәйкес функционалдығы жақсартылды.

Армиямыздың арсеналында қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары: "Бук-М2Э", "Тор-М2К" зениттік зымыран кешендері, "Роса-РБ" "Платформа" радиолокациялық стансалары, "Нұр" Отандық РЛС тұр.

Ерекше атап өтер жайт, былтыр Қазақстан армиясының құрамында және әскери бөлімдерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері құрылды. Қазір қару-жарақ құрамында барлаушы-соққыш ұшқышсыз ұшу аппараты (Wing Loong) және барлау ұшқышсыз ұшу аппараты (Skylark) бар. Түркияның қазіргі ұшқышсыз ұшу аппараты ANKA да тәжірибелік әскери сынақтардан сәтті өтіп, қару-жараққа алынды.

Әскердің біліктілігін жетілдіру, тәжірибе алмасу жағы да назардан тыс қалмады. Өткен жылы 500-ден астам әскери қызметші шетелдік әскери жоғары оқу орындары мен оқу орталықтарына оқуға жіберілді. Екіжақты ынтымақтастық аясында Қазақстан армиясының 190 әскери қызметшісі АҚШ, Түркия, Италия, Польша, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Корея, Пәкістан және Үндістанда курстық дайындықтан өткен.

Білім беру бағдарламасы аясында алғаш рет Қазақстан Ұлттық қорғаныс университетінің "Қарулы күштер Бас штабы академиясы" факультетінің магистратурасында Корея, Иран және Пәкістанның 4 әскери қызметшісі білім алды. Франция мен Үндістан қарулы күштерінің екі офицері оқуын жалғастыруда. Сонымен қатар, Ұлттық қорғаныс университетінде 550 әскери қызметші 14 бағыт бойынша біліктілікті арттыру курстарын бітірді.

Бұл айтылғандардың бәрі әскеріміздің бір жыл аралықта атқарған жұмысының бір бөлігі ғана. Көбіне көріне бермейтін, бірақ ел тәуелсіздігін нығайтып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тынымсыз еңбек етіп жатқан армияны әр кез құрметтеген абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу