"371 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған": Үкімет пен аудит бұл санның қайдан шыққанын айтты

332

Аудиторлар бюджеттің орындалуына қатысты екі ақпарат әзірлейтіні айтылды.  

"371 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған": Үкімет пен аудит бұл санның қайдан шыққанын айтты Фото: informburo.kz

Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата бюджетте тиімсіз пайдаланылған қаражат туралы екі түрлі сан көрсетіп отыр. Мұны депутаттар да байқады. Құзырлы орган өкілдері осы мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"371 млрд теңге тиімсіз пайдаланылды дейді. Ол ақша қайда кетті? Сіздерде бәрі жасырын. Неге публикаға айтылмайды? 371 млрд теңге ол мына өңірде тиімсіз пайдаланылды, мынаған кетті не болмаса жұмсалмай қалды дегендей. Екіншіден, бізде 2024 жылы 3,6 трлн теңге бюджет тапшылығы бар. Ол жылдан жылға өсіп отыр. Қаржы министрлігі экономика министрлігімен жоспарлаған кезде айтуы керек қой. Қазақтар "көрпеңе қарай көсіл" деп айтады. 3,6 трлн деген масқара ғой. Осыған тиянақты есеп жасап, жетпейтін бағдарламаны қысқарту керек. Халыққа бірінші азық-түлік керек, оның қарны тоқ болуы керек, әскерді күшейту керек. Осы екі салаға басымдық беру керек де, қалған мәселенің бәрін қысқарту керек", - деді депутат Жигули Дайрабаев. 

Әріптесінің ойын депутат Татьяна Савельева жалғап, бюджетте тиімсіз пайдаланылған қаражат туралы мәселе көтерді.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков осы мәселеге қатысты түсінік берді.

"224,6 млрд теңгесі немесе 60 пайызы мемлекеттік аудит шараларынан болған кемшіліктерді табу бойынша шыққан. 9,1 млрд теңге – біздің квазимемлекеттік кәсіпорындардың жұмсалмаған қаржысы. 92 млрд теңге – игерілмеудің сомасы. Ең көп игерілмеген қаражат Еңбек, қаржы, төтенше жағдай министрліктері. Оның бәрі есепте көрсетілген. 45,9 млрд теңге – бюджеттік кредиттер және трансферттер бойынша игерілмеген сома. Осының бәрін қосқанда 371 млрд теңге болады", - деді вице-министр.

Жоғары аудиторлық палата бюджеттің орындалуына қатысты екі ақпарат әзірлейтіні белгілі болды.

"Бірінші ақпарат 2024 жылғы бюджетті тексеру барысында анықталған сома. Бұл қазір ғана әріптесім айтқан 371 млрд теңге. Екіншіден, біз бұдан басқа бюджетке аудит жасау кезінде өткен кезеңдерді де қамтимыз. Ол 2024 жылы жүргізілген 27 аудиттің қорытындысымен 862 млрд теңге бұзушылық шыққан. Оның ішінде тиімсізі де бар, қаржы бұзушылықтары да бар. Сондықтан айырмашылық осында. Бірақ бұл екі цифра да біздің есепті қорытындыда бар", - деді ЖАП өкілі Нұрлан Нұржанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу