4,5 млрд теңгеге тұрғызылған ғимарат жеке компанияға берілмек

1970

Отын-энергетикалық кешен мамандарын дайындайтын оқу орталығын енді ERG компаниясы басқарады.

4,5 млрд теңгеге тұрғызылған ғимарат жеке компанияға берілмек

Екібастұз қаласындағы аталмыш оқу орнының іргетасы 2006 жылы қаланған болатын. Жоспар бойынша, ол 2008 жылы пайдалануға берілуі тиіс-тін. Алайда құрылысына 4,5 млрд теңге жұмсалған ғимарат қолданысқа тапсырылмай жатып-ақ түкке жарамсыз болып қалды. Жерасты суы басып, бұл жер кезбелердің мекеніне айналды. Сөйтіп 10 жыл бойы құрылысқа тапсырыс беруші – ҚР Білім және ғылым министрлігі де, Екібастұз қаласының әкімдігі де назарға ілмеді. Осы уақыт аралығында тұрғындар терезелерді, есіктерді – қолға ілінгеннің барлығын ұрлап әкетіп, қаңыраған қабырғалар ғана қалды.
Ал биыл облыс әкімдігі аймақта отын-энергетика кешенінің мамандарына сұраныстың жоғары екенін түсініп, бұл орталықты қайта қалпына келтіруді қолға алды. Құрылысты жалғастыру үшін мемлекеттік қазынадан 1 млрд теңге бөлініп, жаңа мердігер компания әуелде жобада болмаған дренаждық жүйені салды. Соның нәтижесінде жертөлені басқан су кетті. Компания өкілдерінің айтуынша, енді судан келер қауіп жоқ. Ал құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін тағы 1,8 млрд теңге қаражат қажет. Күні кеше облыстық мәслихат сессиясында қосымша 1 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Осы жылдың соңында тиісті жұмыстар аяқталған соң, бұл оқу орны ERG компаниясының иелігіне берілмек. Бұдан былай бюджеттік қаржыға салынып, жабдықталған оқу орнын кәсіпорын басқарады. Осылайша, облыс басшылығы инвестиция тартып, бюджеттік шығындар көлемін едәуір азайтпақ ниетте. Алдын ала келісім жасалып та үлгеріпті. Оқу орнына басшылық ететін кәсіпорынға жаңа білім бағдарламасы бойынша мамандарды дайындап, олардың техникалық ағылшын тілін меңгеруіне басымдық беру талап етіліп отыр.
Айта кетелік, 700 орындық отын-энергетикалық кешен мамандарын дайындайтын орталық 15 корпустан тұрады және 40 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.
10 жыл бойы қараусыз қалған орталық осы жылы пайдалануға берілсе, кадр мәселесі шешілмек. Бүгінде Павлодар облысында аталмыш сала мамандары тапшы. Бозшакөл тау–кен байыту орнындағы қызметкерлердің тең жартысы Қарағанды облысынан келіп жұмыс істейді. Сонымен қатар, Украина, Өзбекстан мен Қырғызстаннан мамандар шақырылады.

Ақтоты Қабдықайыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу