Еліміздегі Respublica, AMANAT және "Қазақстан халық партиясының" бір топ депутаты азаматтардың жекелеген санаты үшін зейнет жасын төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жазылған депутаттық сауалда мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған азаматтардың еңбек құқықтарын әлеуметтік қолдау мен реттеуде, әсіресе зейнетақымен қамтамасыз ету және мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігінде айтарлықтай олқылықтар бар екені айтылған.
Жаңа реформа кімдерге әсер етуі мүмкін?
Қазір Қазақстанда ерлер үшін зейнетке шығу жасы 63 болса, әйелдер үшін 61 жас деп белгіленген, 2031 жылға қарай әйелдер үшін оны 63 жасқа дейін арттыру жоспарланған. Зиянды өндірістерде істейтін жұмыскерлер сияқты белгілі бір санаттар үшін зейнетке ерте шығу жеңілдіктері қарастырылған, бірақ бұл мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына қолданылмайды.
Мүгедектігі бар адамдар әсіресе қартайған шағында айтарлықтай қиындықтармен бетпе-бет келеді, бұл уақытта созылмалы аурулар мен функционалдық бұзылулар еңбек қызметін жалғастыруды едәуір қиындатады. Осындай шектеулерді ескере келе, ерте зейнетке шығу арқылы бұл азаматтар өзінің денсаулығына көңіл бөліп, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар күн сайын физикалық және эмоционалдық күйзеліске ұшырайды. Мұндай балаларға күтім жасау уақыт пен қаражатты талап етеді, көп жағдайда ол отбасының орташа табысынан асып түсіп, қаржылық қиындыққа әкеп соғады.
Азаматтардың жекелеген санатына көрсетілетін қолдауды жақсарту бойынша ұсынылатын шаралар
Қолдау деңгейін арттыру мақсатында келесі бастамаларды қарастыру ұсынылып отыр:
1. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін зейнетке шығу жасын 53 жасқа дейін төмендету. Бұл олардың денсаулығына жіті көңіл бөліп, лайықты демалысқа ертерек шығуға мүмкіндік береді.
2. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін зейнет жасын төмендету және қосымша демалыс енгізу. Осылайша олар балаларының күтіміне уақыт бөліп, физикалық және психоэмоционалдық ресурстарын қалпына келтіре алады.
Зейнеткерлік жасты төмендету және қосымша жеңілдіктер беру жөніндегі бастамалар инклюзивті қоғам құруға және көптеген қазақстандық үшін өмір сүру сапасын жақсартуға тың серпін бере алады. Бұл шараларды жүзеге асыру ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауды ынталандыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайту арқылы қоғамдағы ахуалға оң ықпал етеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде осы жылдың басында мүгедектігі бар 724,9 мың адам тіркелген. Соңғы 10 жылда олардың саны 15%-дан астамға артты. Азаматтардың осы санатының басым бөлігі Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының, Алматы қаласының аумағында тұрады.