5G байланыстан Қазақстан әзірге дәметпесе де болады

1546

Сарапшылар оның себебін түсіндірді.

5G байланыстан Қазақстан әзірге дәметпесе де болады

Үкімет ата-баба өсиетінен алыс болып тұр. "Арық сөйлеп, семіз шығуды" білмейді. Содан кейде сөзі ісімен қабыспай жатады. Алдымен босқа мақтанып, әлі болмаған нәрсені дәріптеп, үлкен пиар жасайды, ал ары қарай ол бола ма, болмай ма, оған бас қатырмайды. Себебі, сұрау болатын уақыт келгенде, ол креслоға басқа шенеунік қонақтауы мүмкін.  

Сонымен Қазақстан халқы Үкіметтің биыл болашақтың байланысы саналатын 5 Джидің іске қосылуын күтті. Жылдың аяқталуына тура екі апта қалды. Үміт ақталмайтын түрі бар.

Биылғы 12 шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Қазақстан Республикасында 5G технологияларын енгізудің және жүзеге асырудың мерзімдері анықталғанын" жариялады.

"Қазақстанда 5G желілерін 2022 жылдың соңына қарай Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Шымкентте іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2023–2025 жылдарға қарай – барлық облыс орталықтарында қолданысқа беріледі", – деп сөз берді Бағдат Мусиннің командасы ақпарат құралдары арқылы.

Бұлай уәде беруге оларды әрине, ешкім қыстамады. Мұны естіген ел бөркін аспанға ата қуанып, ғаламат оқиғаның жақын қалғанына тамсанды. Әлеужеліде тақырыпты талқыға салып, жіліктеген жұрт бұл оқиға биылғы қандай мерекелік күнге орайластырылатынын болжап бақты. Биылғы барлық мерекелер бітті. Бес Джи жоқ.

Егер болғанда, бұл мысалы, тұңғыш рет ұлттық мейрам ретінде тойланған Республика күнінің де, басқаларының да ажарын айшықтап, тарихта қалдыратын еді. Өйткені 5G стандартымен жұмыс істеген шетелдік ғалымдар бұл желідегі деректерді беру жылдамдығын секундына 1 терабайтқа дейін "ұшырған". Яғни, осы желіде мысалы, 100 фильмді 3 секундта жүктеп алуға мүмкіндік туады.

Айтқандай, апта соңында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жабық есік жағдайында Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Алайда одан тараған ақпаратқа жүгінсек, Үкімет басшысы да, цифрлық министр де 5G туралы ләм-мим деп тіс жармапты.

Әлгіндей уәде бергенде, Цифрлық даму министрлігі елдегі ұялы байланыс операторларының тиісті жұмысты жүргізіп, тарихи қадамға дайындалғанын алға тартқан болатын. Тарата айтқанда, монополист "Қазақтелеком" АҚ елордадағы Халықаралық IT-стартаптар технопаркі аумағында 5G желісін пилоттық режимді іске қосып көріпті. Шымкентте базалық станцияны орнату орны ретінде "Shymkent Plaza" сауда орталығы белгіленген, жаңа технологияны тестілік сынауға даярлық жүргізілген.

"Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС Алматыда, "Kaisar Plaza" сауда кеңселік орталықта, Панфилов көшесі бойында және Медеу таулы спорт кешенінде пилоттық желіні іске қосыпты. "Кселл" Алматыдағы Арбат ауданында, яғни Н.Назарбаев пен Жібек жолы даңғылдарының қиылысында 5G технологиясын сынаған. "Кар-Тел" ЖШС де Алматыдағы NARXOZ University ауданы мен "Гранд Алатау" бизнес орталығы маңында бес Джиді тестілеуден өткізген.

Онда неге мұның бәрі сынақтан ары аса алмады? Неге мәлімделгендей, ел игілігіне айналмады?

Ай-ти маман, "Атамекен" ұлттық палатасының Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Болат Бәшеевтің түсіндіруінше, бұған бірнеше фактор ықпал етті.

"Әрбір технология – кез келген мемлекеттің, компанияның, ұйымның кемелденуінің, жетілуінің бір деңгейін, сатысын білдіреді. Технология енгізілуі үшін оған кең сұраныс болуы қажет. Қазақстанда қарапайым байланыстың өзі проблема. Өйткені территория ұлан-байтақ, ал халықтың орналасу тығыздығы төмен. Салдарынан байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобалардың көпшілігі өзін-өзі ақтамайды. Оның үстіне бірқатар операторлар бүгінде 5G енгізілуіне қарсыласуда. Себебі, олардың LTE технологияларын енгізуге қажетті жабдықтарға салған бұрынғы инвестициялары әзірге толық қайтарым берген жоқ. Ендеше қазір жаңа инвестициялар құю, өзіне міндеттемелер алу, жаңа шығыстар шығару – оларды шығынға отырғызады. Әрине, ертелі-кеш бес Джи бәрібір енгізіледі, бірақ ол ірі қалалардың маңын айналсоқтауы мүмкін", – деді ол.

Б.Бәшеев тағы бір жайтқа назар аудартты.

"5G-дің бір ерекшелігін ұмытпағанымыз жөн: ондағы ғаламат ұшқыр жылдамдық базалық станциялардың анағұрлым тығыз орналасуы арқасында қол жеткізіледі. Олай болса, бұл операторлардан базалық станцияларды қаптату үшін орасан зор ақша салуды талап етеді", – деді ол.

Мамандардың айтуынша, жаңа технологияларды енгізуге кедергілер мен шектеулер жетерлік. 

Нақтыласақ, бұған кадрлық әлеует, ІТ-мамандардың тапшылығы, өндірістің технологиялық даму деңгейлерінің арттап қалуы, қаржылық ресурстардың жеткіліксіздігі және басқасы қосылады. Өйткені бес Джи тек қарапайым абоненттер жылдам фильм жүктей алуы үшін қосылмайды ғой, ол барлық саланың бағын ашуы шарт. Бірақ мысалы, сол арқылы телемедицина дамуы үшін еліміздің орталығында ғана емес, шалғай елді мекендердегі ауруханалар тиісті жабдықтармен жабдықталуы керек. Сонда білікті хирург елордада отырып, шекара жақтағы пациентке күрделі операцияны жасауға интернет арқылы қатыса алады.

Бұл мәселелерге технология мен капиталдың қолжетімсіздігі, бәсекелестік деңгейінің шектелуі, заңнамалық реттеудің жоқтығы да кедергі. Басқаны айтпағанда, ұлттық заңнамада 5G ұғымына толыққанды анықтама берілмеген.

Бұл жерде Қазақстанда байланыс саласын монополистер астына басып алғанын, бәсеке қатаң шектелгенін де ескерген жөн.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бірінші орынбасары Рустам Ахметовтың айтуынша, ұялы байланыс операторлары нарығын монополиядан арылту қажет.

"Біріншіден, "Қазақтелеком" инфрақұрылымдық операторының құрамынан аралас нарық субъектілерін – ұялы операторларды бөліп алу керек. Екіншіден, тиімсіз пайдаланылған радиожиілік спектрін (РЖС) алып қою арқылы жаңа ойыншыларды енгізіп, кейіннен мемлекеттік ресурсты конкурс – аукцион арқылы тарату керек. Бұрын елде 4 оператор болғанда, қазақстандықтарда да тарифтерді таңдау мүмкіндігі болған еді. Қазір 2 компания ғана бар. Сондықтан адамдардың таңдауы шектелді. Бұл үрдісті өзгерту қажет", – деді антимонополиялық орган басшысының бірінші орынбасары Р.Ахметов.

ІТ-білім беру саласының сарапшысы, QWANT жобасының жетекшісі Бейбарыс Өмірбаев бұл технологияны енгізетін болса, одан ауылды қақпау керек деген пікірде. Әйтпесе, әлеуметтік теңсіздік пен кернеу күшеюі мүмкін.

"Ресми статистика бойынша, ауыл халқының цифрлық сауаттылығы деңгейі 82,2 %-ды құрайды. Ең төмені СҚО-да – 76,5 %. Бірақ бір маңызды жайтты түсінуге тиіспіз. Біздің халық жаңалықшыл, жаңа технологияларды игеруге бейімділігі жоғары. Сондықтан ауылдағы адамдарымыздың цифрлық біліктілігі мен машықтарының төмен болуына элементарлы, жақсы жылдамдықтағы интернеттің жоқтығы ықпал етіп отыр. Ендеше өңірлерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды жақсарту маңызды. Цифрлық теңсіздің барлық жас топтарында байқалады", – деді сарапшы.

Ал әлеуметтік саланы, мемлекеттік басқаруды 5G технологияларымен қамту бюджеттік қаржыландыруға тәуелді. 

Дағдарыс пен геосаяси күйзелістер қысқан күрделі кезеңде Үкіметке "бес Джи түгіл, бас қайғы" сияқты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу