7, 6 млрд теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1454

Нұр-Сұлтан қаласында 44 соғыс ардагері ғана бар.  

7, 6 млрд теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі

Биыл Жеңіс күнінде әскери парад өтпейді. Мереке бұқаралық сипатта тойланбайды. Алайда жеңісті жақындатқан және жеңіске жеткен жандардың барлығына лайықты құрмет көрсетіледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 сәуірдегі мәлімдемесінде: "Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі. Әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек береді", – деді. Ал мамыр айының алғашқы күнінде Ресейдің "Мир" телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан басшысы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 млн теңге тағайындалатынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалмайтынын тілге тиек етіп: "Соғыс ешбір қазақстандық отбасын айналып өткен жоқ. Сол себепті біз үшін 9 мамыр – Еске алу күні...", – деді.

Мемлекет басшысының мәлімдемесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нақты сандармен сөйлетті. Белгілі болғандай, Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысы бар қазақстандықтарға 7,6 млрд теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі.

"Жеңіске үлес қосқан Ұлы Отан соғысының (ҰОС) қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар (376 адам), ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен (109 040 адам), қоршауда болған Ленинград қаласында тұрған (87 адам), кәмелеттік жасқа толмаған кезінде концлагерь, гетто және басқа да мәжбүрлі түрде қамап ұстау жерлерінде тұтқында болған (289 адам), ҰОС кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлердің, партизандар мен астыртын әрекет етушілердің қайта тұрмысқа шықпаған жұбайлары (15 адам), қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері (4 866 адам) қаржылай көмек алады",  – деді хабарлады министрліктің ресми ресурсы.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктері Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуге үлес қосқан барлық санаттағы азаматқа қаржылай көмектің кепілдендірілген шекті мөлшерін бекітті.

Нәтижесінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне біржолғы материалдық көмек 500 мың теңге болып белгіленді.

"Қоршауда болған Ленинград қаласында тұрғандар мен концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына 50 мың, Екінші дүниежүзілік соғыстың қайтыс болған мүгедектерінің әйелдеріне, Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңге тағайындалды", – деп жазды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты.

Нұр-Сұлтан қаласында 44 соғыс ардагері бар екен. Әкімдік олардың әрқайсысына 1 млн теңгеден, яғни 44 млн теңге көлемінде көмек көрсетпекші.

"Соғыс ардагерлерінің жұбайларына, тыл еңбекккерлеріне және ардагерлерге теңестірілген азаматтарға бір реттік қаржылай көмек беріледі. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғалар 75 мың, (405 адам), соғыста қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелері, жесірлері және тыл еңбеккерлері 32 500 теңге (3 529 адам) алады", – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, өткен жылы астанада тұратын соғыс ардагерлеріне 519 мың теңгеден төленді. Былтыр олардың саны 71 адам болған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу