"+7 коды қалады": Ел билігі қазақстандықтарға берген уәдесінде тұрмады

1189

Қазақстанның телефон коды ауысатыны туралы хабар 2021 жылдан бері айтылды.

"+7 коды қалады": Ел билігі қазақстандықтарға берген уәдесінде тұрмады Фото: Диапазон

Жақында ел тұрғындарының қуанышы су сепкендей басылды. Себебі билік +997 кодынан бас тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Кеңес одағы ыдыраған уақыттан бастап осы күнге дейін Қазақстан мен Ресей "+7 халықаралық кодын пайдаланып келеді. 2006 жылы екі ел арасында "Дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағының нөмірленуін пайдалану туралы"келісім жасалған.

2021 жылғы қыркүйекте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізде  телефон коды өзгереді деген жақсы жаңалықпен бөлісті.

"Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады. (...) Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен  бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды резервке қойылды", - деп хабарлады ол.

Бұдан бөлек Қазақстанның 2025 жылдан бастап жаңа +997 телефон кодына толық көшетіні айтылды.

Биылғы наурызда да Бағдат Мусин +997-ге өту қиын емесін, бұл код резервке қойылғанын айтты. Сондай-ақ республикамыздың телефон коды +77 болып өзгеруі мүмкін екенін де жеткізді.

Қазақстанның жаңа кодқа көшпеуіне не себеп?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін пысықтауда жаңа кодқа көшуге болатыны, бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық проблемаға әкеп соқтыратыны айтылды.

"Отандық байланыс операторларының барлық абонентіне мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілерді және түрлі қосымшаларды алу үшін барлық сервисте өз деректерін жаңарту қажеттілігі туындайды. Өтпелі кезеңде сәтсіздіктер мен жағымсыз тәжірибелер ықтималдығы жоғары.Министрлік халықаралық телекоммуникация одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгертпей қалдыру туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады ведомство. 

Бұдан басқа ел билігінің көрші Ресеймен +7 кодын пайдалану бойынша жаңа келісім жасауды пысықтап жатқаны белгілі болды.

Бір қызығы Орталық Азияның өзге елдерінің бәрінде дербес халықаралық телефон коды бар. Мәселен, Тәжікстанда +992 болса, Түркіменстанда +993, Қырғызстанда +996, Өзбекстанда +998 деп басталады. Бұл мемлекеттер аталған кодтарды бұрыннан қолданып келеді. Жалпы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамында болған республикалар телефон кодын ауыстырды.

"+7 кодымен қалсақ, келешекте мүлдем байланыссыз қалуымыз мүмкін"

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, ұлттық телефон код – саяситәуелсіздікті анықтайтын фактордың бірі. 

"Себебі бұрынғы Кеңес одағы құрамына енген мемлекеттердің ішінде Қазақстан ғана Ресеймен +7 деген кодты қалдырған. Осының өзі халықаралық мәртебемізге кері әсерін тигізіп жатыр. Сонымен қатар әлем елдерінің Ресейге қатысты ұстанымын біліп отырған кезде, "Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ" деген позицияны ұстанған мемлекетпен бір ұлттық телефон кодты ұстанудың өзі біз үшін үлкен сын. Сол үшін де +997 кодына резерв тағып, оны соңына дейін жеткізуіміз керек", - деді ол редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Сарапшы бұл мәселеде барлығы мүдделі болуы қажет екенін баса айтты. 

"Егер де өзіміздің жеке кодымызды алатын болсақ, бұл біздің толыққанды тәуелсіз ел екенімізді растайтын бір фактор. Екіншіден, мұның тек қана саяси ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де кері әсері болуы мүмкін. Өйткені +7 кодымен қалатын болсақ, болашақта мүлдем байланыссыз қалуымыз да мүмкін. +997 кодын өзіміз игеріп, сол арқылы ұлттық қауіпсіздігіміздің тұрақтылығын қамтамасыз етуге де мүмкіндігіміз бар", - деп атап өтті спикер.

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, қаржылық мәселелер кедергі болып тұр деген позиция ұстану сылтау бола алмайды.

"Қазақстанның цифрлық дамуы да бұл процестің тезірек енуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, +7 дегенді мүлдем алып тастайық деп отырған жоқпыз ғой. Бұл кезең-кезеңімен жүреді. Яғни халықтың барлығы көшкен кезде бұл кодтан ауысуымызға әкеледі. Сол үшін қандай да бір қаржылық шығын әкеледі деп айта алмаймыз", - деп атап өтті экономист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу