854 мың зейнеткер 43 272 теңгеге өмір сүріп отыр

4908

Зейнетақы жүйесі жаңғыратын болды. Бұл үшін 2030 жылға дейін қабылданған тұжырымдамаға өзгеріс пен толықтыру енгізіледі.  

854 мың зейнеткер 43 272 теңгеге өмір сүріп отыр

Осы жаңашылдық арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі кепілдік жүйесін жетілдіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы зейнетақы жүйесін жаңғырту үшін ұзақмерзімді тұжырымдама әзірледі. Құжатта 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы төлеміне көшу мәселесі қарастырылды.

Министрліктің хабарлауынша, ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің қазіргі 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту, зейнетақы жүйесіне қатысудың ең төменгі мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту және зейнетақы мөлшерінің шекті мөлшерін белгілеу талабын алып тастау көзделіп отыр. 

"Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы жүйесіне көшу зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруға, ең төменгі кепілдік жүйесін жетілдіруге сонымен қатар еңбек қатынасын ресмилендіруді ынталандыруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Нақтылай кетейік, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына 5% міндетті зейнетақы жарнасын аударуға міндеттеледі. Есесіне салық кодексі бойынша жұмыс берушілерге түсетін салық жүктемесі жеңілдетіледі. 

Жасыратыны жоқ, қазір еліміздегі зейнеткерлердің бір бөлігі кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. Дәлірек айтқанда, олар өлместің күйін кешіп жүр. Себебі ең төменгі зейнетақы – 43 272 теңгеге бір ай өмір сүру оңай емес. 

Мысалы, коммуналдық қызмет үшін қыста ең кемі – 10 мың, жазда – 5 мың теңге төлеу қажет. Жалғызбасты зейнеткерлер үнемдеу үшін үйлерінде жарықсыз, қараңғыда отырады. Олар зейнетақыларын ең арзан тамаққа жұмсайды. Себебі ақшаларын дәрі-дәрмек  алу үшін үнемдейді. 

Диетологтардың зерттеуінше, еліміздегі кейбір зейнеткерлер жейтін тамақтың құнары 1500 калорияға да жетпейді. Салыстыру үшін айтайық, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер әскери тұтқындарға күніне 2 500 калорияны құрайтын тамақ берген. 
Біле жүріңіз, қазіргі уақытта 854 мың адам ең төменгі зейнетақы алады. Бұдан бөлек елімізде зейнетақысы ең төменгі зейнетақы деңгейіне де жетпейтін зейнеткерлер бар. Олар жұмыс өтілі аз немесе жоқ болуының және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасамағанының салдарынан айына 25 мың теңге зейнетақы алып отыр. 

Біз Қазақстандағы зейнетақы мөлшерін бай Скандинавия елдеріндегі ең төменгі зейнетақы деңгейімен салыстырудан аулақпыз. Бірақ африкалық Кот-д Ивуармен қатар қоя аламыз. Күлесіз бе, жылайсыз ба, Кот-д Ивуардағы ең төменгі зейнетақы Қазақстандағы ең төменгі зейнетақыдан 4 мың теңгеге артық. 

Айтпақшы биыл зейнетақы 7%-ға өсті, ал инфляция 7,4%-ды құрады.

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу