"Абайсызда" ел ақшасын талан-тараж еткен шенеунік жазаланбауы керек пе

5494

Мемлекет басшысының бастамасы сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызды. 

"Абайсызда" ел ақшасын талан-тараж еткен шенеунік жазаланбауы керек пе

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңесте жария еткен идеясы әлеуметтік желіде дүмпу туғызып, сын легіне себеп болғаны жасырын емес.

 Президент не айтты?

Мемлекет басшысы ең алдымен, құзырлы органдарды коррупцияның алдын алу жұмыстарын күшейтуге шақырды. Ресми мәлімет бойынша былтыр әртүрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, 14 облыстық басқарма басшысы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жазаға тартылыпты. Бұдан бөлек 2020 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың наурызына дейінгі аралықта қарамағындағы қызметкері жемқорлық жасағаны үшін 20 саяси қызметшіге шара қолданылған. Негізі, бұл сан одан да көп болатын еді. Алайда заңдағы талапқа қарамастан, бірқатар министр мен әкім өз командасы мүшесінің жемқорлығы үшін отставкаға кетуден жалтарып кетті.

Сонымен бірге, Ақордадағы кеңесте тосындау тапсырма айтылыпты. 

"Егер мемлекеттік қызметші бюджет қаржысын жымқыруды немесе пара алып, баюды көздемей, шешім қабылдау кезінде қателікке жол берген болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек! Әйтпесе, мемлекеттік аппараттың берекесін кетіреміз. Сыбайлас жемқорлыққа саналы түрде барған шенеунік қана қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс", – деді Президент.

Ақордадағы жабық жиыннан сыртқа шыққан бұл цитата қоғамның бір бөлігін тіксінтті. Олар: "енді шенеуніктер ел қаржысын талан-тараж етсе, бірақ онысы жай ғана қателік деп танылса, онда жазаланбайтын болғаны ғой!" деп топшылады.

Ал сарапшылар мұның астарында басқа мәселе жатқанын айтады.

"Бажайлап қарасаңыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы керісінше, құзырлы органдарға жемқорлықпен күресті күшейтуді жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдын алу шараларымен пәрменді. Бірақ күрес күшейтілгенде, жазаға бастамашыл адал әкімдер мен мемқызметшілер ілігіп кетуі мүмкін. Сондай жағдай жаппай орын алса, жасампаздық танытамын деп, жазаға ұшыраған әріптестерін көрген өзге шенеунік аяғын тарта басатын болады, әлеуметтің мәселесін шешуге, мемлекетті өркендетуге бағытталған тың шешімдер ұсынып, жүзеге асыруға ұмтылмайтын болады. Онда адал мемлекеттік қызметшілер арасындағы белсенділікті құртып тынамыз", – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, тіпті тікелей құзырына кіретін мәселені шешпей, жоғарғы жақ не дер екен деп жаутаңдап отыратын шенеуніктер көбейді.

"Халық шағыммен жүгінсе, өңірлік басқармалардағы, меморгандардағы қызметкерлер бастығының демалыста екенін немесе мүлдем басшысыз қалғанын алға тартып, мәселені собалаңға салып жататыны жасырын емес. Үкіметке дербестік берілгенімен, министрлердің өзі кейде Президенттің шешім қабылдағанын күтіп отырады. Мұның бәрі елдің билікке деген сеніміне селкеу түсіреді, адамдарды ашындырады. Барлық жауапкершілікті жалғыз Президентке жүктеп қойып, қарап отыруға болмайды. Әрбір әкімқара мен шенді өз мойнына жауапкершілік алып, елді өркендетуде, халық мұқтаждығын өтеуде ілкімді ізденіс пен тегеурінді талпыныс танытуы қажет. Талпынбай табыс жоқ. Әрине, ол талпыныстың тиімділік әкелгені жөн. Егер ел қаржысы босқа шығын болса, құзырлы органдар ақ-қарасын анықтап барып жазалауы керек", – деді Б.Смағұл.

Қоғам қайраткері, бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов те бастамашыл адал қызметкерлерді қорғау керек деген пікірде.

"Мен мемлекеттік қызметті жақсы білемін, ішінде болдым ғой. Көбіне нақты бекітілген қатаң рәсімдерді бұзбай әрекет ету қандай күрделі болатынын түсінемін. Әсіресе, сені өзі жалдаған мемлекеттің әу бастан саған сенімсіздік танытатыны жаман. "Халық қаржысын ұрлайсың-ау" деп, сені жан-жақтан өте күрделі регламенттермен құрсаулап, шектеп тастайды, қалыптан шығып кеткен әрбір әрекетіңді тіркейді. Оның бәрі кейін бұзушылық ретінде бетіңе басылуы мүмкін. Тіпті өз бастамаңмен ілгерілеткен жобаң нәтижелі, жемісті аяқталса да, тіпті ол жоғары баға алса да, уақыт өте келе, тексерушілердің бірі мысалы, мерзімнің бұзылғаны не қабылданған шешім форматындағы әлдебір ауытқушылық үшін сені жазалау туралы бастама көтеруі мүмкін", – дейді М.Әбенов.

Бұл – халықаралық тәжірибе

Қоғам қайраткері, блогер, Ш,Уәлиханов атындағы Көкшетау мемуниверситетінің басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ Тоқаевтың "месседжін" жұрттың дұрыс түсінбеуіне оның командасы кінәлі деген ой айтты.

"Қоғам Қ.Тоқаевтың мемқызметтегі жемқорлық туралы сөздерін түсінбей қалғандықтан, осындай жағдай қалыптасты. Көптеген ньюсмейкерлер хайп жасап, аудиториясын бір сілкінтіп, кіжінтіп алды. Президенттің бұл мәлімдемесі халыққа тарап, "асүйлердегі еркін ойлылар" өз білгенінше түсіндіріп, ойды сан-саққа жүгіртті. Осы уақытта Президенттің баспасөз хатшысы қайда болды? Ол неге шефінің сөзіне жедел түсініктеме жасап, сұхбаттар бермейді? Шынында Президенттің сөзінде жаман ештеңе жоқ. Тек санасы бұзылғандар ғана Мемлекет басшысы коррупцияны жақтайды деп ойласа керек. Ал ол болса, "мыстан кемпірлерді жаппай аулау" басталып кетпесін деп сақтандырды", – дейді Ғ.Байтоқ.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтегілердің бастамашылық танытпауы кесірінен үлкен қаражатты талап ететін жобалар өте ұзақ келісімнен өтеді. Министрлер мен әкімдер Президентке дейінгі барлық биік лауазымды тұлғалардан қол жинап, ақ тер-көк тер болады.

"Мен бұрынғы бір вице-министрмен таныспын, ол қаржылық құжаттарға принципті түрде қол қоймайтын. Жарты жылдай істеп, жеке секторға, қаржылық сараптама мен консалтинг саласына кетіп қалды. Тоқаев рас айтады, мемқызметтегі әрбір қызметкерді халық әлеуетті жемқор деп санайды, бірақ шынында бәрі сондай емес", – деді ол.

Белгілі кәсіпкер, "Верный Капитал" инвестициялық тобының құрылтайшысы әрі бас директоры Ерлан Оспанов Президенттің айтып отырғаны дамыған елдердің тәжірибесі екенін алға тартты.

"Адамның қылмыстық ниеті дәлелденбейінше, оның әрекеті қылмыс болып таныла алмайды. Бұл – жалпыға бірдей халықаралық құқықтың негізгі қағидаты. Әйтпесе, Кремний алқабындағы басқарушылардың жартысы түрмеге тоғытылатын еді. Олар ілгерілететін жобалардың белгілі бір бөлігі қайтарым әкелмей, жарға жығылады, жабылады, акционерлердің ақшасы желге ұшады. Шенеуніктер де сол сияқты басқарушы. Оларға да күн сайын шешім қабылдау қажет. Жақсы болсын, жаман болсын, шешім қабылдамай іс өнбейді. Адам болған соң, қателеседі. Ендеше шенеуніктерді қателескені үшін емес, қасақана қылмыстық ниеттері үшін жазалаған жөн", – деді Е.Оспанов.

Жеке кәсіпкер Азамат Қонысбай басқа тәсілді ұсынды: "Шенеуніктер қайта-қайта қателесе бермеуі үшін ондайларды жұмыстан қуу керек. Егер шенеуніктің қателігі кесірінен мемлекетке шығын келсе, одан соны өтеуді талап ету керек", – дейді ол.

Алайда көп миллиондық шығынды өтеуге міндеттесе, өзге шенеуніктердің зәресі кетіп, қаржыға қатысты құжатқа қол қоюдан бәрі жаппай бас тарта бастауы мүмкін.

Бұл пікірталасқа қосылған заңгер, сот жүйесінің үздігі Ринат Мұхамедшин мемлекеттік қызметті Кремний алқабымен салыстыруға болмайтынына назар аудартты.

"Кремний алқабында негізінен, ғалымдар, өнертапқыштар, яғни шығармашылық адамдары жұмыс істейді. Ендеше бұлай салыстырған дұрыс емес. Ал шенеуніктердің жаза басуына келсек, әрбір жағдай жеке қаралуға тиіс. Өйткені шенеуніктің қателігі көбіне оның біліксіздігінің, кәсібіне қыры жоқтықтың салдары болып жатады. Ал мұны кешіре беруге болмайды, онымен батыл күрескен жөн. Сондай-ақ қателіктен келген салдарға талдау жасап, тексеру қорытындысында шара қолдану керек: не ескерту, не жұмыстан қуу, тіпті кейбір жағдайда шығынын өндірткен абзал. Адамдарды ешкім шенеунік бол деп қыстамайды, осы мансапқа өздері ұмтылады. Сондықтан іріктеу кезінде оларға біліксіз шешім үшін жауапкершілік барын таныстыру қажет", – деді ол.

Әрине, мұны біле сала, шегіншектейтіндер табылар. Бұл жақсы. Өйткені оның орнына лайықты, білікті, өз ісіне жауапты адамдар келеді.

Қалай болғанда, сарапшылардың ортақ пікірінше, ел басшылығы жемқорларды жазалаудан босатуды ұсынған жоқ. Мәселе бастамашыл мемқызметшілерді қорғау жайында болып отыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу