Абылай Мырзахметов: Салық кодексінің мазмұнын өзгерту қажет

2845

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы бизнес-қауымдастық ұстанымы тұрғысынан жаңа Салық кодексін әзірлеуді бастамақ. 

Абылай Мырзахметов: Салық кодексінің мазмұнын өзгерту қажет

ҚР Кәсіпкерлерінің "Атамекен" ұлттық палатасы салық мәселесіне қатысты қалыптасқан қоғамдық пікірталасты басшылыққа ала отырып, жаңа Салық кодексі жобасын кең талқылауға әзірлеу жұмысын бастамақшы.

Қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті азайту мәселесі үлкен қоғамда қызу пікірталас туғызды. Елдегі экономистер тобы шағын және орта бизнеске деген салықтық жүктеменің таяудағы өсу қатеріне байланысты бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл жердегі жекелеген мәселе еңбекақы қорына салынатын жүктеменің өсу мүмкіндігіне, салықтық заңнаманың әрдайым қиындауына және оны қадағалауда шығындардың өсуіне байланысты болып отыр.

ҚР Кәсіпкерлерінің "Атамекен" ұлттық палатасы бұл өтінішті қолдай отырып, мәселенің кәсіпкерлер үшін маңызды екенін ескеріп, бизнес ұстанымы тұрғысынан 2017 жылдың 1 мамырына қарай жаңа Салық кодексін әзірлеуге ұсыныс берді. Бұл үшін Ұлттық палатада ашық құраммен Сараптамалық топ құрылады. Сараптамалық топта жұмыс істеуге Ораз Жандосов, Рақым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Мұрат Темірханов, Меруерт Махмұтова, Мағбат Спанов, Жарас Ахметов, Ғалым Құсайынов, Расул Рысмамбетов, Әнуар Үшбаев, Дармен Сәдуақасов және басқа сарапшылар келісті. Сонымен бірге оның жұмысына Ұлттық палата сарапшылары, КҰП-тың бизнес қауымдастығында тіркелген өкілдер қатысады.

"Бізге ҚР Үкіметінің қолдауымен алғаш рет бизнес ұстанымы тұрғысынан маңызды құжат, Салық кодексін әзірлеу және талқылау мүмкіндігі туып отыр. Өкілетті органдармен қызу пікірталас болатыны сөзсіз. Біз олардың дәйектерін тыңдауға, сондай-ақ қоғамның ұстанымын түсінуге дайынбыз. Нәтижесінде сындарлы, үйлесімді құжат дайындалатын болады",– деп атап көрсетті КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов ОКҚ-да болған брифингте.

"Талап" қолданбалы зерттеу орталығы Қамқоршылар кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаев елдің салық заңын өте күрделі деп есептейді. Оның ақпары бойынша, қазір елде салықтың 13 түрі, басқа да міндетті аударылымның 16 түрі және бюджеттен тыс 7 аударым қолданылады. Жиынтығында салықтың 36 түрі мен басқа да міндетті төлемдер бар. "Салық заңының сонша күрделенгенін көріп отырмыз. Еліміздің экономикасында мұндай құрылымдық күрделену болады деп болжанған жоқ. Тіпті, 2001 жылы Салық кодексін жүйеге келтіргеннен кейін оның көлемі 3 есе артқан", – деді ол.

"Салық заңының мазмұнын өзгерту керек. Салық заңы кеңес беруші, көмекші, жеңілдік беруші болу керек", – деп атап көрсетті Абылай Мырзахметов.

Журналистердің сұрағына жауап беру кезінде Ұлттық палата басқармасының төрағасы жаңа Салық кодексін дайындау ісінде тек шетел  тәжірибесі ғана қолданылмайтынын, сондай-ақ елдің ерекшелігін ескере отырып, зерттеу жасалатындығын айтып кетті. "Сараптамалық жұмыс істеудің негізгі міндеті – зерттеу жүргізу. Тура кеше осы зерттеуді жүргізетін келешектегі демеушілерімен келіссөз жүргіздік. Еліміздің ерекшелігі нақты зерттелуі керек. Бізде әр түрлі салалық сектор, экономиканың барлық құрылымы бар. Бізде өздерін жеке кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтамасыз ететін шағын бизнестің сараланымы өте үлкен. Дәл осы салаға оңайлатылған түсінікті механизм қажет. Оларды ҚҚС есебіне алып, тосқауыл қойып, жұмыстарын қиындатудың керегі жоқ. Біздің жүргізген бір зерттеуіміз еліміздің көптеген азаматы өз бизнесін бастамақ болып, бірақ кедергілерден қорқатынын көрсетті", – деді ол.

Сонымен қатар Абылай Мырзахметов Салық кодексіндегі бір түзету салықтық аппеляцияға қатысты болатынын айтты. "Біз кәсіпкерлердің қайда шағымданатын білмей дал болған кезін көрдік. Сіздер ауданға шағымданасыз, олар облысқа сілтейді. Осымен іс тұйыққа тіреледі. Содан соң сотқа барасыздар. Ал статистика көрсеткендей, салық төлеушінің пайдасына шешілген сот шешімдері 10%-дан аспайды. Қазір бұл институт Салық кодексінде. Келесі жылы Мелекеттік кіріс комитетінен Қаржы министрлігіне берілетін болады. Тәуелсіз сарапшылардан тұратын осы салық комиссиясын "Атамекен" жасақтайтын болады", – деп түсіндірді ол.  

Сондай-ақ Абылай Мырзахметов жаңа кодекс жобасының мәтінін және негізгі тәсілдерді талқылау үшін Facebook әлеуметтік желісінде "Бизнеске тиімді салық кодексі" деген арнайы топ құрғанын айтты. Жақын арада жұртшылық талқысы үшін техникалық тапсырма жобасы жарияланатын болады. Оның айтуынша, кәсіпкерлер мен сарапшылар үшін www.palata.kz ресми сайты арқылы байланысудың барлық арнасы ашылған. Сондай-ақ, 59-79-60 нөмірлі байланысу-орталығы жұмыс істейді.

Абылай Мырзахметов барлық ниет білдірушіні сараптамалық топтың жұмысына қатысуға шақырды. "Еліміздің кез-келген тұрғыны өз ұсынысын бере алатындай етіп ашық жасаймыз", – деді ол.

"Мен жаңа салық кодексінің тұжырымдамасы шағын бизнес үшін қарапайым нормалардан тұратын болады да, үкімет өтініштерімізге құлақ асып, біздің ұсыныстарымыз қолдау табады деп үміттенемін", – деді Қазақстан кәсіпкерлері форумының атқарушы директоры Гүлнар Қуанғанова.

palata.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу