Адасқан алтын қазушыларды GPS-пен тауып алады

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
6934

Былтыр 1 миллион 617 мың 228 грамм алтын өндірген "Ақбақайдың" алтын зауыты биыл 520 метрлік тереңдікті бағындырмақшы.

Адасқан алтын қазушыларды GPS-пен тауып алады

Атағы алысқа кеткен "Ақбақай" өндіріс орнының көлемі 28 шақырым аумақты құраса, ондағы "Ақбақай" және "Бескемпір" кен орындары ашық әдіспен жұмыс істейді. Ашық әдіс бүгінде әлемде ең көп қолданылатын тәсіл саналады.  

Атақты геолог Дубек Дүйсенбеков Бетпақдаладан 1960 жылы алтын кен орнын ашады. Осылайша, аңыз болған тұлпарға арнап шығарылған "Ақбақай" әнінің атын жаңа кен орнына беруді ұйғарады. Кейіннен барлау жұмыстары нәтижесінде "Ақбақай" кен орнынан бөлек "Бескемпір", "Ақсақал", "Жайдарман", "Думан-Шуақ" "Светинское", "Қаракөз", "Аңдысай", "Көкпар", "Ашок", "Әлтай қазған", "Карьерное" және "Кенжем" кен орындары анықталған.

"Ақбақайдың" алтыны 1975 жылдан бастап өндіріле бастаған. Алғашында жылына шамамен 50 мың тонна кен қазылса, 2000 жылдарға дейін кен өндіру қуаты бір миллион тоннаға жеткізілген. Кәсіпорын жұмысын одан әрі дамыту үшін инновациялық технологиялар енгізіліп, 20 жылдан астам уақыт бойы өндіріс қуаты 150 мың тоннадан аспайтын бұрынғы фабрика қайта жаңартылды.

Қазіргі таңда 1 мыңнан аса адамды сапалы жұмыспен қамтып, өткен жылы мемлекет қазынасына 4 922 397 теңге салық төлеген өндіріс орны толыққанда жаңа технологиямен жабдықталған. Кен өндіру жұмыстары үшін Канаданың Manrock Development, Швецияның Atlas Copco, Канаданың Can Ros сынды әлемдік озық өндірушілерінің жабдықтары, яғни үңгілеу, тазалау, жерасты тастарын тиеу, тасымалдау, пневматикалық бұрғылау аспабы, білдек, тескіш аспаптары сатып алынған. Ал бұрғылау жұмыстарын швециялық Т1D, S1D модельді Boomer техникасы атқарады.

Өткен жылы кен орны тағы бір соны технологиямен толықтырылды. Бұл жолы кен қазушылар адасып қалған жағдайда оны іздеп тауып алатын GPS жүйесі орнатылған. Төтенше жағдай орын алып, жұмысшылармен байланыс үзілген жағдайда, бұл құрылғы таптырмас құрал болып тұр. Жобаның жалпы құны 700 мың доллардан асады. Сондай-ақ, канадалық GeoSight компаниясының минералды ресурстарды ойып алғаннан кейінгі жерасты қуысын үш өлшемді сканерлеу жүйесін де атап өтуге болады. Ол мүлде қолжетімсіз, пайдаланылған учаскелердегі шығын мен құнарсыз аймақтар параметрлерін нақты жобалап, анықтауға мүмкіндік береді екен.

Ал кен орнынан қазып алынған 1 тонна шикізаттан 3-5 грамм ғана алтын алынатынын айта кетейік.

Елбасымыздың тапсырмалары бойынша елімізде алдағы 2017-2018 жылдары алтын өндіру көлемі 60-70 тоннаға дейін өсуі қажет болса, өткен жылғы көрсеткіш 30-40 тоннаны құраған. Демек, алтын өндірісін одан әрі дамыта түсу міндеті барлық кен орындарында қарқынды жүргізіле беруге тиіс.        

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу