Адвокаттар елді алдап, ақша табуға көшкен бе?

4320

Қорғаушы қорлаушыға айналса, қоғамның құрдымға құлағаны.

Адвокаттар елді алдап, ақша табуға көшкен бе?

"Адвокатура институты – азаматтық қоғам сүйенген тіректің бірі" деген ұран жазылған Республикалық адвокаттар алқасының ресми интернет-ресурсында. Алайда осы тіректің кей тұсы шіри бастағандай.

Жұма күні, 29 қаңтарда әділет министрі Марат Бекетаевты қабылдағанда, Президент Қ.Тоқаев бизнес өкілдері мен азаматтарға құқықтық көмек көрсетуде проблема барына назар аудартқан. Өз кезегінде министр бүгінде адвокаттардың және заң жөніндегі кеңесшілердің қызметін реттеуге талап жасалып жатқанын әңгімеледі. Тиісті заңды Парламент қарауда. Реформа аясында осы сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, тәртібін күшейту мақсатында бірқатар бастамалар іске асырылмақ.

Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиевтің мәліметінше, 2020 жылы адвокаттар қатары 106 қорғаушыға толығыпты. Осылайша, қазіргі кезде елімізде жалпы саны 5 480 адвокат бар. Яғни, Қазақстанда 1 қорғаушыға 3,3 мың адамнан келеді. Сарапшылар мұны аз дейді.

"2017 жылы елімізде адвокаттық қызметпен айналысу лицензиясына 12 589 адам ие болды. Соның тек 4 683-і немесе небары 37%-ы іс жүзінде адвокат болып жұмыс істеген. Ол кезде 1 адвокатқа 3900 адамнан келетін. Содан бері жағдай айтарлықтай жақсара қоймады. Салыстыру үшін айтсақ, Италияда 1 адвокатқа – 250, Германияда – 500, Нидерландыда 900 адамнан келеді. Қазақстанда бүкіл халықты сапалы, білікті заңгерлік көмекпен қамту үшін қорғаушылар саны жеткіліксіз", – дейді белгілі адвокаттық кеңсенің серіктесі Орынғазы Жаболдинов.

Ол Италияның осы салада жетістікке жетуінің бір себебін атады.

"Италияда толыққанды адвокаттық монополия енгізілген: олар тек сотта өкілдік етумен, айыпталушыны не жәбірленушіні қолдаумен шектелмейді. Сонмен бірге заңгерлік кеңес-консультация беру де тек солардың монополиясына жатқызылған. Ал бізде адвокаттық монополия тек қылмыстық және әкімшілік істер бойынша қорғаумен ғана шектелген. Ал заң мамандығын бітірген кез келген адам заңгерлік көмек берумен айналыса алады, сондай-ақ азаматтық істер бойынша өкіл болуына да жол ашық", – дейді адвокат О.Жаболдинов.

Сондықтан бізде заңгерлік консультанттар институтын жою көзделуде. Ол сала адвокаттар құзырына берілмек.

Сонымен бірге адвокаттар мемлекеттен де ақша алады. Мысалы, әлеуметтік осал топтар, қорғаушы жалдауға ақшасы жоқ қылмыскерлер үшін мемлекет адвокат ұсынады. Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиевтің мәліметінше, кепілдендірілген заңгерлік көмек көрсету үшін қорғаушыларға 2020 жылы бюджеттен 1 миллиард 813 млн теңге төленіпті. Нәтижесінде, 125 мыңнан астам адам осындай көмек алды.

Дегенмен, қорғаушылардың қызметіне тұтынушылардың көңілі толмайды. Мысалы, Әлфира Қапарова алданғанына шағымданады.

"Отбасымызға адвокат қажет болды. Данияр деген шығысқазақстандық бұрынғы судья: "Ләззат Амантайқызы деген жақсы адвокат бар" деп ұсынды. Данияр заңгерлік көмек көрсеткені үшін 200 мың теңге сұрады. Біз Ләззатпен келісімге отырдық, сол үшін 300 мың теңге төлейтін болдық. Келісімде оның мөрі болмады, сондай-ақ төлеміміз үшін чек бермеді. Сот процесі кезінде адвокатымыз өз міндеттемесін лайықты

орындамады. Қоңырау шалсақ, жауап бермейтін болды, басқа істерден қолы босамай жатқанын айтып, біздің ісімізді зерттеуді кейінге қалдыра берді. Ләззаттың заңнан сауатсыз екенін кейін байқадық, тәжірибеде заңдарды қолдана алмайтынын да аңғартып алды", – дейді ол.

Ал пандемия басталғанда, ол адвокат онлайн жұмыс істей білмейтінін паш еткен. Соңғы кездесуде клиенттер Л.Амантайқызының қызметіне көңілдері толмайтынын баян етеді. Бұған жауап ретінде адвокат қалған 100 мың теңгені толық төлемейінше, ештеңе істемейтінін мәлімдеген.

"Сондай-ақ ол өзінің көмекшісі, экс-судья Даниярға да 100 мың теңге төлеуді талап етті. Өйткені ол жалдамалы пәтерде тұрады екен, содан ақысын уақытылы төлемегендіктен оны баспанасынан шығарып тастағалы жатқан көрінеді. Сұраған соманы тегіс алғаннан кейін адвокат Ләззат тіптен арсызданып, көкбеттеніп кетті. Жұмысы бастан асып жатқанын, біздің ісімізді жүргізуге мүмкіндігі жоғын ашық айтты. Біз талап етіп, қоймаған соң ол бірер өтінішті дайындап, Нұр-Сұлтан қаласының полиция басқармасындағы кездесуге келді. Бірақ істі аяғына жеткізбей, "басқа адвокат іздеңдер!" деп кетіп қалды. Біз Даниярға хабарластық, ол да: "бұдан былай мазаламаңдар!" деп шорт кесті. Дегенмен, біз жұмысқа қайта оралар деп үміт үзбедік. Бұл екеуінің өз әлеуметтік мәселелерін шешу үшін дәрменсіздігімізді, жастығымызды пайдаланып, ақшамызды иеленіп, алдап кеткенін кеш түсіндік", – дейді Ә.Қапарова.

Ол адвокат пен оның көмекшісінен қаражатын қайтарып алуға талап қылыпты, одан ештеңе шықпаған.

Әділет министрлігінің мәліметінше, адвокаттар алқасының төралқасы шағым бойынша тексеру жүргізуі керек. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының әділет департаменті аталған өтінішті ШҚО адвокаттар алқасы президиумының қарауына жіберіпті. Алайда тәжірибе көрсеткендей, алқалар көбіне адвокаттарды қолдап шығады, немесе қатаң жазаламайды, жария сөгумен шектеледі.

Мұндай шағымдар көп. Мысалы, Нұрлан Байбосын форумда қорғаушылардан түңілгенін жеткізді.

"Адвокат Жанар Д.-ның қорғауын тіпті жауыма да тілемес едім. Біріншіден, оның бағасы удай қымбат. Екіншіден, ақшамды алып, қайтармай қойды. Телефон соқсам, жауап бермейді. Ол үшін қарапайым адам – адам емес. Тіпті мал құрлы көрмейді", – дейді Н.Байбосын.

"Адвокат Сергей Валерьевичке жүгінбегендеріңіз жөн. Өте сауатсыз, тәрбиесіз адам. Кәсіби деңгейі төмен. Оның үстіне клиентіне шекеден қарайды, тіл тигізуден тартынбайды", – деп қапаланады Милана.

"Рустам деген заңгер микронесие мәселесін шешіп беремін деп, 40 мың теңгемді алды. 7 ай болды, жауап жоқ. Телефон шалсам, аққұла менімен сөйлеспейді. Басқа нөмірден хабарлассам, алады, мен екенімді біле сала, телефонын сөндіреді. Ақшамды қайтарғысы келмейді, кімге шағымданарымды білмеймін", – дейді Сәуле.

Қазақстандық мамандандырылған сайттар ақша алып, қорғаудан бас тартқан адвокаттарға қатысты шағымға толып тұр. Оның көбі былтыр және биыл жазылған. Соған қарағанда, қорғаушылар күйзеліс кезеңін пайдаланып, алаяқ жолмен ақша жасауға кіріскен бе деген күмән туады.

Бұл жерде адвокаттар қауымдастығын жаппай жамандау мақсат етіліп отырған жоқ. Елде өз ісін адал атқаратын білікті қорғаушылар жетеді. Сонымен бірге саладағы проблема да тау басынан құлаған қар

жентегіндей ұлғайып бара жатқанға ұқсайды. Статимен соғыстан басқаға мойын бұра алмай жатса керек, Марат Бекетаевтың ұжымы проблеманы шешуді кешеуілдетуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу