Көкшетауда ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан "БЛЭК" ЖШС ел нарығында ағаштан әшекейленіп ойылған жиһаздар мен қазақ халқының ұлттық нақыштағы тұрмыстық және жәдігерлік бұйымдарын жасауға бейімделген санаулы кәсіпорындардың бірі. Оның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы серіктестік директоры Роман Никитенко abctv.kz тiлшiсiне айтып берді.
Барлық бұйымдар – авторлық жұмыстар. Олар ағаштан әрі асқан шеберлікпен әзірленеді. Шеберлер өз құпиясын, жылдар бойы жинақталған тәжірибесі мен ағаш өңдеудегі білімін қолданады. Бастапқыда кәсіпорында бар-жоғы үш маман еңбек етсе, бүгінде елу адам жұмыс істейді.
"Бастапқы кезде ұлттық бұйымдар өте ме, өтпей ме деген ой мазалады. Бiрақ бiз ойлағандай емес, ұлттық нақыштағы дүниелерге жұрттың сұранысы ерекше болып шықты. Айналамызға шеберлер жинала бастады. Олардың қолынан шыққан дүниелердi сатып алдық. Сондай-ақ сатып алушылардың да талғам-талабын ескердiк. Жаңа бұйымдардың пiшiнiн сызып, жасалатын материалын көрсетiп, тапсырыстар беретiн болдық. Бiздiң дүкендегi картиналар, сәндiк табақтар – өзiнше бiр әлем. Түрлi әдiспен жасалған ұлттық бұйымдар тапсырыспен шекті мөлшерде жасалатындықтан, бағасы арзан емес, әрине. Десек те клиенттеріміз көптеп тапсырыс бередi",– дейді серіктестік директоры Роман Никитенко.
Астау, қымыз жиынтықтары, оюмен зерленген тостағандар, кебеже, интерьер заттары табиғи өнімнен жасалған соң, ыстыққа да, суыққа да төзімді. Дастарханға қойылатын бас табақ түрлі өлшемде жасалған. Оюмен қашалған соның бірі қойдың басын салуға лайықталған.
"Бізде 150-ге жуық бұйым шығарылады. Олардың арасында ұлттық оюмен өрнектелген қазақтың астауы, бесік, қымыз құятын астаулар мен дөңгелек үстелдер үлкен сұранысқа ие. Осында шыққан өнімді еліміздің кез келген өңірінен кездестіруге болады. Тіпті шет елден келген кейбір қонақтар жәдігер ретінде сатып алады. Елімізде ағаш бұйымдарын жасайтын кәсіпорындар баршылық. Бірақ біздің идеямызды көшіріп алып ағаш бұйымдар жасап сатқандар да кездесті. Сондықтан да өзіміз жасаған өнімді дәлелдеу үшін жасаған бұйымдарға міндетті түрде тауарлық белгі соғылады",– дейді Роман Никитенко.
Жан-жақтың бәрі толған ағаш, жаңқа. Құрал-сайманның неше түрі жатыр. Қабырғалардағы сөрелерде біткені бар, жартылай аяқталған ағаш бұйымдары: қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген ыдыс-аяқ, кәдесый, түрлі аспаптар дейсің бе, толып тұр. Осы бұйымның бәрін көкшетаулық ағаш шеберлері жасайды. Бүгінде кәсіпорын жылына 400 текше метр ағаш өңдеуге қауқарлы. Мұнда астаудың 50-ге тарта түрі жасалады. Кішкентай табақтан бастап 20 адамға арналған үлкен астау да бар. Әсіресе эксклюзивті домбыра қорабына тапсырыс берушілер саны артқан. Оны ұлттық қолөнердің қайталанбас үлгісі деуге де болады. Астаудың бәрі ерекше сәнмен әрленіп, қолмен қапсыра ұстайтын екі басы ұлттық өрнекпен әшекейленеді. Бұрын кез-келген қазақ үйінің төрінде тұрған ағаш сандықтар көздің жауын алады. Цехта жеке тапсырыстар бойынша да алуан түрлі жұмыстар атқарылады. Кәсіпорында "ағаш тілін" жетік меңгерген шеберлердің бірі – Руслан Аманжолов. Оның осында еңбек етіп жүргеніне он жылдан асқан. Жұмыс істейтін ағашы негізінен, қайың, шие, жаңғақ, қарағай. Қашаудың ондаған түрі мен балға және екі қолдың епсектілігі мен батылдығы, саусақтарының сезімталдығы арқасында дүниеге ғажап заттарды әкелуде. Руслан ешқашан өзінің туындыларын түсті бояумен боямайды екен. Мұны ол ағаштың табиғи түсінен артық ештеңе жоқ деп түсіндірді.
"Бір астауды жасауға бес-алты күн уақыт кетіп қалады. Қазақтар тойшыл халық қой. Етті астаудан жеген басқаша сезім сыйлайды. Жалпы бесік, сандық сынды дүниелерді сәндеп, әрлеу ушін он-он бес күндей уақыт кетеді. Ағаш саласында жүргеніме он жылдан асты. Бұйымдардың бір-бірін қайталамауын басты назарға аламыз. Ағашты қолға алғанда небір тың ойлар келеді. Ойдан ой туып, ағаш станокпен сүргіленіп, бір-біріне кіріктіріледі. Мәселен, бесік, домбыра қорабы, астаулар – сондай тың ойдың жемісі",– дейді ағаш шебері Руслан Аманжолов.
Қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған эксклюзивті ұлттық ыдыс-аяқтарына қызығушылар саны артуда. Расында, бүгінде тойларда астаумен ет тарту жақсы үрдіске айналды. Қазақы етке арналған үлкен астаулар расында әсем-ақ. Алайда тұтынушылардың көбі жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ағаш бұйымдарының бағасы тым қымбат екенін айтады.
"Ағаш бұйымдарының бірнеше түрін сатып алғым келген. Бірақ эксклюзивті ағаш бұйымдары тым қымбат тұрады екен. Бір астаудың құны 25 мың теңгеден басталып, 75 мың теңгеге жетеді. Қолдан жасалған эксклюзивті ыдыстарды сатып алуды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Меніңше, тапсырысты көбейтіп отырғандар мейрамханалар мен дәмханалар. Оның үстіне ағаш бұйымдар кез-келген жерде сатылмайды. Арзан импорттық өнім қаптап тұрғанда отандық ағаш өнімдері өтімді деп те айту қиын",– дейді Еңлік Тілемісова есімді қала тұрғыны.
Қазақтың ет тартатын астау-табағы, құрт езетін астауы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміш, саптыаяқ секілді барлық ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Кейінгі кездері ел ішінде осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастағаны қуантады. "Қазiр ұлттық дүниелер жасайтын зергер, шеберлер көп. Негiзi, ағаш ыдыстар экологиялық жағынан таза болып келедi. Қалай десек те ұлттық бұйымдарға сұраныс артып келеді. Сондықтан шеберлер де үлкен iзденiс үстінде. Осы орайда ұлттық бұйымдардың жарнамасын, насихатын арттыру арқылы әр қазақтың үйiнде тұратындай жағдай жасау керек",– дейді Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов.
Әсем Ұланқызы