Аграрлық салаға арналған 51 түрлі субсидиядан қайыр болмай тұр

4413

Биыл 16 млн гектар алқаптан 16 млн тонна астық жиналды дегенге сену қиын. Себебі өтіп бара жатқан жылда елімізде соңғы 30 жылда болмаған құрғақшылық болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Аграрлық салаға арналған 51 түрлі субсидиядан қайыр болмай тұр

Сенатор Ақылбек Күрішбаевтің сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің статистикалық дерегі бір-бірімен үйлеспейді. Ал әкімдердің есебі шынайы көрсеткішпен сәйкес келмейді. 

"Биыл дақылдардың өсу кезеңіндегі құрғақшылық өнімге өте қатты зиян келтірді. Батыс өңірлердің, Ақмола, әсіресе, Қостанай облыстарының бірқатар шаруашылықтарында егіннің бір бөлігі мүлдем күйіп кетті. Осыған байланысты астық өндірісімен айналысатын мамандар мен ғалымдар биылғыдай өте құрғақ ауа райы жағдайында гектарынан 10 центнерден, яғни орташа өнім алынғанына күмән келтіреді", – деді депутат. 

Оның айтуынша, біз ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің нақты көлемін білуге тиіспіз. 

"Статистика бойынша былтыр картоптың жалпы түсімі шамамен 4 млн тоннаны құрады. Оның 2,1 млн тоннасы немесе өндірістің жартысынан көбі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі болды. Теңгерім дұрыс болған жағдайда дәл осы көлемдегі картоп жыл соңына дейін жетер еді. Өздеріңізге мәлім, көктемде баға күрт көтеріліп, 4 айда елімізге картоп бұрынғыдан 67 есе көп импортталды", – деді Ақылбек Күрішбаев. 

Сенатордың сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің статистикасын қалыптастырудағы жүйелі проблемаларды көрсететін мысал көп. 

"Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі туралы есепті тек заңды тұлғалар ғана тапсырады. Ал шаруа қожалықтарынан және жеке қосалқы шаруашылықтардан бұл дерек таңдамалы әдіспен жиналады. Шаруа қожалықтарының тек 30%-ы, қосалқы шаруашылықтардың 2,5%-ы ғана есеп береді. Қалған 97,5%-ы есеп бермейді. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі әкімдер жинайтын әкімшілік ақпаратқа негізделіп айқындалады", – деді депутат. 

Ақылбек Күрішбаевтің пікірінше, әкімдердің ауыл шаруашылығының жай-күйі бойынша жинаған ақпаратының дұрыстығына қатысты жауапкершілігін күшейту қажет. 

"Статистика басшылары атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар өз рейтінгін арттыру мақсатында егін өнімділігіне қатысты деректі асырып көрсетеді. Бұрмаланған ақпарат "қисық айна" әсерін туғызып, мемлекеттік органдардың маңызды шешім қабылдауына, соның ішінде азық-түлік балансын реттеу жұмысына негіз болуы мүмкін", – деді депутат. 

Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Өйткені бұл бағытта сыбайлас жемқорлық жиі қылаң беріп жатыр. 

"Аграрлық саланы субсидиялауға 2022 жылы 303 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын ауыл шаруашылығында 15 түрлі субсидия болған, соңғы жылдары оның саны 51-ге дейін 3,5 есе өсті. Бірақ бұдан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі артқан жоқ", – деді депутат. 

Сенатордың сөзінше, аграрлық саланы субсидиялаудағы кемшіліктің жойылмауына бірнеше себеп негіз болып отыр. 

"Біріншіден, көптеген мемлекеттік қолдау түрлерінің мақсаты түпкілікті нәтижеге жетуге емес, аралық технологиялық процестерді орындауға бағытталған. Субсидия алушының жауапкершілігі жоқ. Өйткені ережеде жұмыс нәтижесінің нақты индикаторы анықталмаған. Екіншіден, субсидия бөлу ережесінде белгіленген сәйкестіктің көптеген критерийлердің түсініксіздігінен бағдарламаны әкімшілендіру барысында сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі. Үшіншіден, көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін субсидия қолжетімсіз. Субъектілердің, негізінен орта және ұсақ шаруашылықтардың 80%-ы мемлекеттік қолдау шарасының игілігін көрмейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бекітілген квота аясында да субсидия ала алмайды. Бұл – салаға инвестиция тартуға кедергі келтіреді", – деді депутат. 

Ақылбек Күрішбаев субсидия алудың негізгі критерийі ретінде еңбектің түпкілікті нәтижесі. Яғни өндіріп сатқан өнімнің көлемі негізге алынуға тиіс деп санайды. 

"Мұндай көрсеткішті бұрмалау – қиын, бақылау – оңай", – деді депутат. 

Сенатордың ойынша, инвестициялық субсидия алудың механизмін жетілдіру қажет. 

"Субсидия алушылар үшін жоспарлауды енгізген дұрыс. Бұл мемлекеттік қолдауды жүйелеп, қажетті бюджет қаражатының көлемін дәл есептеуге, инвестициялаудың неғұрлым өзекті бағыттарын қолдауға жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деді депутат. 

Ақылбек Күрішбаевтің сөзінше, "Қолдау" субсидия беру жүйесі техникалық жағынан жетілдірілмеген. 

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидия бөлудің өзіндік мемлекеттік жүйесі болуы керек және де ол бұл қызметті тегін көрсетуге тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігінде субсидиялау тетіктерін жетілдіру жұмысы басталды. Бұл жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу