АХҚО іске қосылғалы не өзгерді

3514

Қаржы орталығы арқылы 4,4 млрд доллар инвестиция тартылды.

АХҚО іске қосылғалы не өзгерді

Оның 1,2 млрд доллары – портфелді инвестиция. Ол акционерлік капитал (321 млн доллар) мен қарыздық капиталдан (887 млн доллар) тұрады. Ал 3,2 млрд доллары – тікелей инвестиция.

АХҚО сенімді нормативті құқықтық базамен қамтамасыз етілгені мәлім. Ол 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Қазіргі кезде жалпы құқық негізіндегі пайдалану мен қаржылық реттеу бойынша шамамен 80 акт бар.

Бүгінде іскерлік ортада "Астана" халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметіне деген қызығушылық өсіп келеді. Олардың жұмысына Президент тағайындаған әлемдік деңгейдегі 10 судья мен 39 халықаралық арбитр тартылған болатын. Осы аралықта 15 сот шешімі шығарылып, 511 медиациялық және арбитрлік жұмыс атқарылды.

Бүгінде АХҚО-да әлемнің 53 елінен 833 компания тіркелген. 2025 жылға дейін көрсеткішті 2 мың компанияға жеткізу жоспарланған. Былтыр компанияларды тіркеу толықтай онлайн форматқа ауыстырылды. Ал тіркеу уақыты 7 күннен 1 күнге дейін қысқарды.

АХҚО экожүйесінде жоғары технологиялық АХҚО биржасы (Astana International Exchange – AIX) жұмыс істейді. 2018 жылдың қарашасында АХҚО биржасы ашылғаннан бері 320 млн доллар акционерлік капитал және 887 млн доллар қарыз капиталы тартылды. 10,2 млрд доллар көпшілік қарызы мен 9,6 млрд доллар жеке қарыз AIX листингінен өтті.

Қазіргі таңда АХҚО биржасында үлескерлік құрал листингі бар компаниялардың ("Қазатомөнеркәсіп", Polymetal, "Қазақстан Халық банкі", Ferro Alloy Resources Limited, Kcell, "Банк ЦентрКредит", Kaspi.kz) жалпы нарықтық капитализациясы 37 млрд долларға тең.

АХҚО биржасы тұрақты түрде ETF, ETN инвесторларына арналған қаржы құралдарының тізімін кеңейтіп келеді. Тау-кен компанияларының сегменті пайда болып, акционерлік капиталға Қазақстан мен Орталық Азияның орта бизнес компанияларына қолжетімділікті жеңілдету үшін өңірлік акция нарығы ашылды. Оған алғашқылардың бірі болып "Банк ЦентрКредит" тіркелді.

Бүгінде AIX ресми тізімінде 64 түрлі эмитент (98 шығарылым) бар. Биржаның сауда мүшелері – 18 қазақстандық және 11 шетелдік брокер. Олардың арасында CITIC, CICC, Shenwan Hongyuan (Қытай), Wood&Co (Чехия) және өзгелерін атап өтуге болады.

АХҚО биржасы FTSE Russell индексінің талаптарына сай сауда алаңы ретінде мойындалып, FTSE Frontier Index Series ("шекаралас нарықтар") ережесіне енгізілді. Сонымен қатар ETN саудасына TABYS мобильді қосымшасы жасалды. Ол жергілікті инвесторларға қарапайым және қолжетімді түрде инвестиция салуға мүмкіндік береді.

Қаржы орталығының алаңында исламдық қаржы саласында қызмет көрсететін шамамен 40 компания бар. Олардың арасында катарлық Al Rayan Bank-ты бөле-жара атауға болады. Ислам даму банкі, Qatar International Islamic Bank және өзге де ұйымдардың құнды қағаздарын шығару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ислам даму банкінің қолдауымен АХҚО мен Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамытудың жол картасы дайындалды. Бұл жоспар 2025 жылға дейін осы саланы дамытудың түрлі бағыттарын қамтиды (ислам банкингі, капитал нарығы, такафул мен ретакафул, исламдық әлеуметтік қаржы, исламдық қаржы технологиясы мен халал индустрия).

Global Islamic Finance Report (GIFR 2020) есебінше, исламдық қаржыны дамыту мен ілгерілетуде АХҚО-да қабылданған бастамалар Қазақстанды Islamic Finance Country Index рейтингінде 2019 жылғы 18-орыннан былтыр 14-орынға көтерді. Сонымен қатар Қазақстан Global Islamic Fintech (GIFT) Index (Исламдық қаржы технологиясы бойынша жаһандық есеп, 2021 жыл, наурыз) рейтингінде 27-орыннан көрінді. Аталған рейтингке сәйкес, Қазақстан ТМД елдері арасында исламдық қаржы технологиясы саласында көш бастап тұр.

Қазіргі таңда әлемнің 50-ден астам технологиялық, АКТ және қаржы технологиялары саласындағы компаниялары АХҚО юрисдикциясына тіркелді. Олардың арасында Amazon data Services Kazakhstan Limited, Minebest, Bitfury және өзгелері бар. Орталық Азия өңірінің қаржы технологиясы саласындағы стартаптарын қолдау бойынша14 жергілікті және халықаралық бағдарлама жұмыс істейді. 

Жасанды интеллект, блокчейн мен big data, ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша АХҚО алаңына әр елден қатысушыларды тарту жұмыстары жасалуда. Осы мақсатта алыс-жақын шетелден 36 негізгі ойыншымен келісімге қолқойылды.

Қазіргі таңда АХҚО-да 135 стартап тіркелген. Оларға қолдау көрсетіліп, инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар жасалады. Шетелдік және халықаралық серіктестермен бірлесіп стартаптарды дамыту мен кеңейтуге қолайлы орта қалыптастырылуда. 

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу