АИТВ/ЖИТС-пен ауратын шетелдіктер емханаларға бара бастауы мүмкін

3058

Атының өзі үрейлі дертке шалдыққан шетел азаматтарына қарапайым емханалар мен ауруханаларда емделуіне рұқсат етіледі.  

АИТВ/ЖИТС-пен ауратын шетелдіктер емханаларға бара бастауы мүмкін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) атын естісе, адам шошитын ауру жұқтырған жатжұрттықтарға медициналық көмек алу мүмкіндіктері кеңейгенін жариялады. Осы алапат дертті абайсызда не қасақана тарату қаупі бар шетелдіктердің елімізге кіруіне еш шектеу қойылмаған. Салдарынан олар әр өңірде, әр қалада тайраңдап жүр. Енді мемлекет оларды қорғауға алмақ. Тиісінше, ондай шетелдіктерді қымбат емдеу шараларымен қамту ауыртпалығын мемлекет өз мойнына алып жатыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Шетелдікке АИТВ-мәртебесін дәрігерге де айтпауына рұқсат етілмек

"ӘМСҚ пациенттер құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жасауда. Бұл жұмыс тікелей азаматтар арасында, сондай-ақ пациенттердің белгілі бір санатының мүдделерін ілгерілететін ҮЕҰ-лармен бірге жүргізіледі. Қазір БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасының (ЮНЭЙДС) өкілдерімен бірлесіп, Қазақстанда тұратын, АИТВ/ЖИТС-і бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға кепілдендірілген тегін медкөмек және МӘМС жүйесінде көмек көрсету үшін жұмыс жүргізілуде", – деп хабарлады қор.

Қор мамандарының байламынша, бұл жердегі басты проблема – бойында жаман вирусы бар шетелдік азаматтардың отандық медұйымдарға жүгінбеуінде. Сөйтіп, олар емнен қағылыпты.

"АИТВ инфекциясын емдеу ЖИТС орталықтарында жүргізіледі. Сол себепті бұл пациенттер оларға қызмет көрсету осы типтегі мекемелердің қызметтерімен шектеледі деп қателеседі. Бірақ Қазақстанда оларға жалпы денсаулық сақтау желісіне, яғни аурухана-емханаларға да жүгінуіне мүмкіндік берілген. Басқа аурулар бойынша шұғыл медкөмек қажет болса да, көптеген адам өзінің АИТВ жұқтырған санатын жариялаудан қорқып, қарапайым емханалар мен ауруханаларға барғысы келмейді. Осыған байланысты пациенттерге түсініктеме берілді, мысалы, ота жасалмаса, емханалар мен ауруханаларда оларға мәртебесін хабарлаудың да қажеті жоқ екендігі айтылды. Сонымен қатар, дәрігерлік этика бар: тіпті білгеннің өзінде учаскелік дәрігерге және медбикеге пациент туралы ақпаратты таратуына тыйым салынады", – деді ӘМСҚ-тің ақпараттық-түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Ирина Подскочая.

Оның айтуынша, бұған қоса осы бағытта емханалар мен ауруханалардың өзінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде: қазақстандық медқызметкерлерге АИТВ жұқтырғандардың мәртебесін құпия жағдайда сақтау керектігі, ал егер пациенттердің жеке деректерін жария етсе, жазаға тартылатыны қатаң ескертілуде.

Жалпы, медсақтандыру қоры осы санаттағы шетелдіктердің жағдайын жақсартудың басқа да мәселелерін шешуде екен.

"Мысалы, АИТВ-мен ауыратын шетелдіктің ЖСН-і жоқ болса, оның да медкөмек алуына жағдай жасалады. Кейде біздің отандастарымыз жеке басын куәландыратын құжаттарсыз болады, өйткені олар туған кезде тиісті куәлік алмаған. Қазір олар медициналық көмек алуда қиындық көруде. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға медкөмек алудың мүмкіндіктері, сондай-ақ олардың да ТМККК шеңберінде бюджет есебінен тегін медкөмек алу үшін жеңілдікті категорияға қосыла алатыны туралы түсініктеме берілді", – деді Ирина Подскочая.

ӘМСҚ ЖИТС-ке қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықпен бірлесіп АИТВ-мен ауыратын және С гепатиті коинфекциясы бар шетелдік пациенттерді тұрғылықты жері бойынша емханаларға тіркеу шараларын қолға алыпты. Бұлар өзіне керекті қызметті сергелдеңге түспей, тез алуы үшін мұндай "сырқаттың маршруті" әзірленген. Бұл ақпарат ҮЕҰ өкілдеріне де таратылған. 

Қазақстандықтарды Ресей "персона нон грата" жариялауда

Жалпы, бұл санаттағы сырқаттар арасында Ресей азаматтары, соның ішінде солтүстік көршінің азаматтығын алғанымен, кетпей, сол бойы Қазақстанда қалғандар жетерлік.

Ал Ресей болса, АИТВ/ЖИТС індетіне шалдыққан қазақстандықтарды жолатпай жатыр. "Роспотребнадзордың" ұсынуымен МемДума 1995 жылы қабылдаған заң бойынша "ВИЧ-статусы" бар шетелдіктерге Ресей Федерациясына кіруіне тыйым салынған. Сондай-ақ егер шетелдік осы кеселді Ресейде жүріп жұқтырса, ол мәртебесі анықтала сала, өз еліне депортацияланады.

Рас, депутаттар 2015 жылы түзету енгізіп, Ресейде жақын туыстары тұратын сырқаттарға келуіне рұқсат еткен (федералдық заңының атауы: "О предупреждении распространения в Российской Федерации заболевания, вызываемого вирусом иммунодефицита человека (ВИЧ-инфекции)"). Бірақ бұл түзету де назарға алынбайтын көрінеді.

"Қазақстанның азаматымын. Отбасы мүшелерінің бәрі Ресейде тұрады. Мәскеуге ұшып барғанымда, РФ шекара қызметінің өкілдері Шереметьево халықаралық әуежайында ұстап алды. Олардың мәлімдеуінше, маған Ресей аумағына кіруге тыйым салыныпты. РФ Ішкі істер министрлігінің көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқармасының Ресейге кіруіне тыйым салынғандар тізімінен өзімді тексердім, бірақ таба алмадым. Соған қарамастан, мені Қазақстанға кері депортациялады", – дейді Владимир.

Елге оралған соң ол елордадағы Ресей елшілігіне жүгініп, мән-жайды анықтамақ болады. Кейін РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұқарамен байланыс орталығы хат жолдап, №114-ФЗ федералдық заңының 27-бабына сәйкес оның Ресей аумағына кіруіне тыйым салынғанын мәлімдеген. Бұл бап елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтірмеу, қоғамдық тәртіпті, Ресей халқының денсаулығын қорғау, соның ішінде АИТВ инфекциясының таралуына тосқауыл қою үшін кейбір адамды "персона нон грата" тұлғалардың тізіміне енгізуді қарастырады.

Шетелдіктерді АИТВ-тестілеуінен өтуге міндеттеген жөн

ЮНЭЙДС және БҰҰ Даму бағдарламасы әлемдегі 48 мемлекеттен АИТВ мәртебесі бар адамдардың қозғалысына қойылған шектеулерді жоюды сұрап, үндеу жариялады. Бұл елдер туристерді қоспағанда, өз аумағына жұмыс істеуге, тұруға не оқуға келушілерден АИТВ тестілеуінен өтіп, мәртебесін жариялауды талап етеді.

Бұған дейін осындай шектеу қолданып келген Литва, Беларусь пен Өзбекстан одан бас тартыпты. Ресей сол бойы қалдырды. Неге?

2021 жылы РФ Қаржы министрлігінің Қаржы ғылыми зерттеу институты АИТВ-ге қарсы күрестегі мемлекеттік саясатқа арналған әлеуметтік-экономикалық зерттеуін жариялады.

"Ресей тұрғындарының АИТВ-инфекциясымен ауыру деңгейінің жоғары болуына Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Украинадан келетін мигранттар санының көбеюі салдарынан қалыптасатын жасырын эпидемия ауқымының артуы ықпал етуде. Қолданыстағы заңнамалық шектеулер жағдайында шетелдік мигранттар өз статусын жасыруға мәжбүр", – делінген құжатта.

"Роспотребнадзор" дерегінше, Ресейдің ересек тұрғындарының 1,2%-ы АИТВ жұқтырған. Бір жыл ішінде 2,5 миллион шетелдік АИТВ тестілеуінен өткен. Оның ішінде көрші елдердің азаматтары арасынан 32 885 ВИЧ-инфекциясы бар адам табылыпты. Соның 70%-ы Украина, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары көрінеді.

Посткеңестік кеңістікте Қазақстан келімсектерді қабылдайтын ең ірі елдердің бірі. Бірақ республикада қанша шетелдіктің АИТВ/ЖИТС дертіне ие екені белгісіз. Қазақстандық ӘМСҚ пен ДСМ бұл ақпаратты қазақстандықтардан жасырып, құпияландырып, оны жариялайтын медицина өкілдері жазаға тартылады деп қорқытуда.

Демек, ең құрығанда елге келгелі тұрған шетелдіктерді алдын ала тестілеуді Қазақстанда да енгізсе, артық болмас еді. Әйтпесе, басымдықты түрде өз азаматтарымызды емдеуге күш салуға тиіс аурухана-емханаларымызға ауру шетелдіктер шектен тыс жүктеме түсіруі ғажап емес. Онда елде әлеуметтік кернеу туындап, Цой мырзаның астындағы орынтағы шайқалып кетуі әбден мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу