Әйелдер мерекесі "неміс періштесін" қуанта ма

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3777

Меркель, Кремль және Батыс ынтыға күткен дауыс беру Германия тағдырын шешеді.

Әйелдер мерекесі "неміс періштесін" қуанта ма

Алдағы "Әйелдердің халықаралық мерекесі" қарсаңында немістердің "1-ші ханымы" Ангела Меркельге "жағымды әлде жағымсыз сыйлық сыйлай ма?" деп, бүкіл Батыс әлемі демін ішіне тарта күтіп отыр.

Бұл сыйлық герман басшылығының тағдырын шешіп кетуі ғажап емес.

Сарапшылар ұжымдық Еуропаның локомотиві саналатын Германияның тұйыққа тірелгенін айтады. Жалғыз өз халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдырын шешетін жаһандық істерге белсене араласып жүрген Меркель ханым соңғы кездері әлемдік аренадағы экспансиясын тоқтатып, ішкі мәселелерге бас қатыруға мәжбүр.

Себебі, ол бірнеше айдан бері Германияның жаңа үкіметін қалыптастыра алмай жатыр. Саясаттанушылар бұл дағдарыс канцлердің басын жұтуы ғажап еместігін айтады. Алайда бұған жауап ретінде Ангела Меркель ештеңеге қарамастан, 2021 жылға дейін канцлер ретінде жұмыс жасауға ниетті екенін мәлімдеді. Сондықтан осы жолда ол қолында барының бәрін бәске тікті. Бұдан не шыққаны нәзік болмыс иелерінің жаһандық мейрамы қарсаңында мәлім болады.

Германияның жаңа министрлер кабинетін қалыптастыруға қатысты хикая алты айдан бері жалғасуда. Алдыңғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткенімен, билеуші партия толық басымдыққа қол жеткізе алмаған-тын. Нәтижесінде, жаңа үкіметті қалыптастыру үшін оған басқа партиялармен коалиция құруға тура келуде. Ал бұл үшін олардың көңілінен шығып, сұранысын қанағаттандыратын ұсыныстар жасауы керек.

Содан өткен аптада Ангела Меркель социал-демократтарға бірден екі шешуші министрлікті – қаржы және сыртқы істер министрлері лауазымдарын ұсынды. Мұндай майшелпек орынтақтар тигеніне риза болған социал-демократтар коалициялық келісімге де қол қойған. Осымен түйін табысты шешілгендей болған. Енді бұл уағдаластықты серіктес партиялар – Меркельдің христиан демократтары (ХДС) және бавариялық христиан-социалистер одағы (ХСС) мақұлдауы қажет.

Алайда ең басты сын 4 наурызда өтетін социал-демократтардың жиыны болмақ. Бір ғажабы, бұл шешім съезде емес, жалпыпартиялық дауыс беруде шешілмек. Нәтижесінде, Германияның социал-демократиялық партиясының (ГСДП) 440 мың мүшесінің басым көпшілігі жақтап шықса ғана Меркель ханымның жаңа үкіметі өмірге келеді. Әйтпесе, жөргегінде "тұншықтырылады".    

Мамандар мұндағы мүмкіндікті "елуде елу" деп бағалайды. Өйткені биылғы қаңтардағы съезінде ГСДП билеуші партиямен келіссөздерді қайта бастау идеясын зордың күшімен, әзер мақұлдаған болатын. Себебі, өткен күздегі сайлау кезінде партия өз қолдаушыларына Ангела Меркельмен бірлескен жұмысты тоқтатуға уәде еткен еді. Сонымен бірге, қаңтардағы съезд делегаттарына қарағанда, ГСДП-ның қатардағы мүшелерінің Меркельдің ХДС партиясымен коалицияға көзқарасы өте нашар екені белгілі болып отыр. Енді жаңа үкіметтің тағдырын да сол қатардағы мүшелер шешпек.

Партияластарының коалицияға "ақ батасын" алуға тырысқан ГСДП басшысы Мартин Шульц тіпті өз орынтағын Андреа Налеске беруге шешім қабылдады. ГСДП-ның Бундестагтағы (парламенттегі) фракциясының басшысы, 47 жасар Налес мырза партияның солшыл қанатының қуатты қолдауына ие. Осы қадамы арқылы Мартин Шульц ХДС-ке қатаң көзқарастағы солшылдардың наразылығын жұмсартуға тырысуда. Сонда өз қызметін тәрк етіп, партияластарын Ангела Меркельдің ыңғайына иліктіргеннен Шульц мырзаның өзі не ұтпақ еді? Ол коалиция құрылса, вице-канцлерге және сыртқы істер министріне айналмақ. Бірақ оның бұл арманы күн сайын алыстап бара жатқандай.

Алдымен, бұл туралы хабарды ести сала, Германияның қазіргі сыртқы істер министрі, ГСДП-ның бұрынғы басшысы Зигмар Габриэль өкпелеп қалды. Өйткені ол онсыз да бір жыл бұрын Мартин Шульцке социал-демократтар партиясының лидері орынтағын өз еркімен босатып берген болатын. Бұл ретте ол "сол тұста еуропарламенттің төрағасы қызметін атқарған Шульц мырза ГСДП-ны сайлауда жеңіске жеткізеді" деп үміттенген.

Бірақ Мартин Шульц сенімді ақтамады: партия ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихындағы ең нашар нәтижеге қол жеткізді. Енді ол СІМ басшысы лауазымына көз сұғын қадап, Габриэль жолдасын алдап кеткелі тұр. Зигмар Габриэль ХДС-пен коалиция құрылса, өзінің салмақты министрлік креслосыз қалатынын түсінеді. 

Мұның ақыры дау-жанжалға соқтырды. Габриэль Шульцке деген қара қазандай өкпесін жұртшылық алдына, ақпарат құралдары арқылы ақтарып салды. Осыдан кейін Мартин Шульц "партиялық бірлік үшін" СІМ басшысы лауазымынан бас тартатынын жариялады. Рас, коалиция туралы дауыс беру қарсаңында қос лагерьге жарылған партияда әзірге бірлік туралы айту қиын. Оның үстіне тіпті партия жетекшілігіндегі азаматтар да министрлік лауазымдарды бөлісуде өзара ымыра мен мәмілеге келе алмауда. 

Бұл жерде ГСДП мүшелерінің үлкен бір бөлігінің не себепті Ангела Меркельмен тізе қосқысы келмей тұрғанына тоқтала кеткен жөн. Канцлер ханымның саясаты жүздеген мың босқындардың Германияға лап қоюына әкелген болатын. Жергілікті қоғамға кірігуге көп құлық танытпайтын босқындардың қаптауы қарапайым немістердің наразылығын тудыруда. Бұл сайып келгенде, билеуші партияның және оның серіктестерінің сайлауда кем қолдау алуына соқтырды. Осыдан кейін Ангела Меркель босқындарды қабылдау тәртіптерін қатайтып, саясатын түзетті.  

Егер алда социал-демократтардың көбі қарсы дауыс беріп, коалициядан бас тартса, Меркель ханымға өз партияластары алдында да көп ақталуға тура келмек: ол өз серіктестерін ГСДП үшін қомақты үлес беруге көндірді. Ал енді сонысымен де қызықтыра, коалиция құруға көндіре алмаса, беделіне нұқсан келуі ықтимал.

Егер 4 наурызда Андреа Налес тізгінін өз қолына алған ГСДП Меркель-Шульц келісіміне қарсы дауыс берсе, билеуші ХДС пен ХСС партияларына екі жол ғана қалады. Біріншісі бойынша олар "азшылықтың үкіметін" қалыптастырады. Екінші нұсқа бойынша жаңа сайлауға барулары керек. Бұл жағдайда жаңа сайлау сәуір айының 22-сінде өтуге тиіс. Дегенмен, жаңа сайлауды ұйымдастыру олар үшін қолай емес көрінеді: сауалнама бойынша онда Ангела Меркель тағы да дауыстар жоғалтуы ықтимал. Егер солай болса, билеуші партия өз басшысын ауыстыру мәселесін күн тәртібіне шығармақ. Яғни, бұл Меркель ханымның кетуін білдіреді.

Бірақ 2021 жылға дейін кетпейтінін Ангела Меркель ZDF телеарнасындағы Berlin direkt бағдарламасына берген сұхбатында анық білдірді.

"Мен өз кандидатурамды төрт жылдық мерзімге ұсынғанмын. Осы төрт жылда нақты міндеттерді жүзеге асыру бойынша уәде бердім. Ал мен уәдемді орындайтын адамдардың қатарынанмын!" – деді Ангела Меркель.  

Әйтсе де, саясаттанушылар "азшылықтың үкіметін" құру да тұйықтан шығарар жол еместігіне назар аудартады. Онда ГСДП ірі оппозициялық партияға айналады. Ал канцлер парламенттік көпшілік түріндегі тірексіз жұмыс жасауға мәжбүр болады. Салдарынан, кез келген мемлекеттік маңызды мәселелер бойынша дауыс беру жүрген сайын Ангела Меркелге не социал-демократтар, не "жасылдар", не либерал-демократтар арасынан қолдайтын дауыс іздеуге тура келеді.

Мұндай үкімет әрине, орнықты бола алмайды. Германияның әлемдегі және еуроодақтағы позициясын әлсіретуге жұмыс жасайтын азшылық үкіметінің ары қарай әрекет етуін келесі сайлауда неміс сайлаушылары мен элитасы қаламайтынын анық білдіруі мүмкін.

Сондықтан Германияның билеуші партиясына күлімдеген көктемнің алғашқы айының басында социал-демократтардың ел тағдырына ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, іс басындағы лидермен бірауыздылық танытуын күту қалады. 

Қорыта айтқанда, ГСДП жиынының шешімін ресейлік саясаттанушылар да ынтыға күтіп отырғаныны назар аудартады. Себебі, Ангела Меркельмен коалициялық келісімге қарсы дауыс берілсе, бұл Кремльмен достық қарым-қатынастағы оңшыл-популистердің жеңісін және күш алуын білдіреді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу