Әйелге деген зорлық еліміздің оңтүстігі мен батысында қалыпты жағдайға айналып кеткен – сарапшы

1318

Соңғы 2,5 жылда елімізде отбасылық агрессорлардың қолынан 300 адам көз жұмған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Әйелге деген зорлық еліміздің оңтүстігі мен батысында қалыпты жағдайға айналып кеткен – сарапшы Фото: canva.com

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі елдің күн тәртібінен түспей келеді.

Өткен аптада бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін ұрып өлтірді деп күдікпен ұсталғаннан кейін бұл проблема одан сайын өзекті бола түсті.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қазан аралығында отбасылық-тұрмыстық салада 713 құқық бұзушылық жасалған. Оның ішінде 19-ы теріс қылық болса, 694-і қылмыс деп көрсетілген. Атап айтқанда, ауыр емес қылмыстар саны – 264, ауырлығы орташа – 41, ауыр – 273, аса ауыр – 116. Былтыр бұл салада барлығы 942 құқық бұзушылық тіркелді: 16 – теріс қылық, 926 – қылмыс. Бөліп көрсетер болсақ, ауыр емес қылмыстар саны – 366, ауырлығы орташа – 29, ауыр – 386, аса ауыр – 145.

Биылғы маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарына қатысты мәселе көтерген болатын. Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы 2,5 жылда отбасындағы зорлық-зомбылықтан 300 адам көз жұмған. Бұдан бөлек денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 дерегі тіркеліп, 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сарапшылар үйдегі зорлық-зомбылықтың тыйылмауын қолданыстағы заңнаманың олқылығынан деп айтады. 2017 жылға дейін мұндай құқық бұзушылықтар үшін Қылмыстық Кодекстің "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру" және "Ұрып-соғу" баптары бойынша қылмыс қозғалған. Бірақ 2017 жылғы 3 шілдедегі декриминализациялау туралы заңға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл мәселеде заңнаманы өзгерту жеткіліксіз екенін айтады. Спикердің айтуынша, мектептер мен университеттердегі тәрбие жұмыстарына үлкен мән берген жөн. Мәулен Әшімбаев көп нәрсе тәрбиеге байланысты екенін баса айтты.

Отбасындағы зорлық-зомбылыққа тоқтау бар ма? Билік зәбір көрген әйелдердің өміріне неге бей-жай қарап отыр? Бұл сауалдардың жауабын адвокат Құндыз Утебековадан анықтап білдік.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тоқтау бар ма? Ол үшін не істеуіміз керек?

– Біріншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату керек. Бүгінгі таңда денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер отбасы мүшесі отбасының басқа мүшесіне қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаса, мәселен, күйеуі әйелін, ата-ана баласын немесе балалары қарт ата-анасын ұратын болса, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық болып есептеледі. Жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу үшін жауапкершілікті қылмыс санатына жатқызу қажет. Бұдан басқа тараптардың татуласуына, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша басталған істі тоқтатуға жол беруге болмайды. Себебі қазір тараптар сот залында татуласқан кезде істі тоқтатуға болады. Мұндай мүмкіндікті жойып, заңда қарастырмау қажет. Сондай-ақ жауапкершіліктің басқа түрлерін де көздеген жөн.

– Билік зәбір көрген әйелдердің өміріне неге бей-жай қарап отыр? Зорлық-зомбылықты криминализациялауға неге асығар емес?

– Билік тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне немқұрайлы қарап отыр. Себебі билік басында отырғандардың дені ер адамдар. Негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ер адамдар кінәлі болып келеді. Олар өздерінің физикалық артықшылықтарын пайдаланып, жәбірленушіге дене немесе психологиялық жарақатты келтіруі мүмкін. Қоғамда, әсіресе ауылдық аймақтарда, елдің оңтүстігінде, батысында әйелге қатысты тұрмыстық зорлық қалыпты болып есептелетін менталитет қалыптасқан. Олар зорлық-зомбылыққа төтеп бере алмайды. Тек күйеуі ғана емес, оның туыстары да әйелдің құқығын бұзып, келіндерге қандай да бір моральдық зомбылық көрсетуі мүмкін. Мұнымен күресу керек. Қоғамда кез-келген зорлық-зомбылық түріне, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруымыз қажет.

– Агрессордан қысым көрген әйелдердің тағдыры туралы әлеуметтік желіде жазылған ақпараттан жиі естіп жатамыз. Әсіресе мұндай жағдайлар қоғамдық резонанс тудырған кезде ғана мәселе өзінің логикалық шешімін тауып жатады. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел не қыздың құқығы желілерде жазылған жазбалардан кейін ғана қорғалатындай әсер қалдырады…

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаның көңіл көншітпейтіні рас. Бұл ең әуелі "ұят" дейтін менталитетімізге, агрессордың отбасының қысымына байланысты. Мысалы, жәбірленуші зорлық-зомбылық кезінде полиция шақыратын болса, агрессордың отбасы оларды сотта татуласуға мәжбүрлеп, арызды қайтарып алуға итермелейді. Сол себепті агрессор жазасын алуы үшін қоғамдық резонанс арқылы ғана қандай да бір әділеттілікке қол жеткізуге болады. Бірақ неліктен отбасылық зорлық құрбандары әлеуметтік желілерге, блогерлерге немесе құқық қорғаушыларға жүгініп жатады? Себебі олар әділ сот төрелігіне қол жеткізе алмаған немесе өтініштерін кері қайтарып алуға мәжбүр болуы мүмкін. Түрлі жағдайлар болады. Сондықтан да мәселелері шешілмей, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінен қолдау таппағандықтан, тұрмыстық зомбылық құрбандары медиа ресурстарға, БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр. Алайда үнемі осындай тәсіл арқылы ғана әділеттілікке қол жеткізуге болмайды. Заң бәріне ортақ. Сол себепті де ол жұмыс істеуі тиіс.

– Қолданыстағы заңнамада қылмыс құрбанының құқығы деген түсінік бар ма? Отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны туралы жеке ақпарат жариялау қаншалықты заңды? Фейк болса, оған жауапкершілік көзделген бе?

– Кез келген құқық бұзушылық құрбанының немесе жәбірленушінің құқықтары Әкімшілік Кодексте, Қылмыстық кодексте көрсетілген. Мұнда жәбірленушіге қатысты физикалық зорлық-зомбылықтың белгілі бір түрлері бойынша жауапкершілік қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары туралы жеке ақпаратты жариялауға келсек, егер жәбірленушінің өзі немесе оның өкілі бұған келісім берсе, бұл заңды болып есептеледі. Ал егер жәбірленушінің немесе оның өкілінің келісімінсіз жалған ақпарат таралса және мұнда жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат болса, ол үшін азаматтық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

– Жалпы елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтан ешқандай әйел қорғалмаған деуге толық негіз бар. Бұл  жайт нені аңғартып отыр?

– Бұл біздегі заңдар әлсіз екенін, қоғам менталитеті тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша агрессорға қатысты басталған істі сотқа жеткізуге мүмкіндік бермейтінін білдіреді. Біздегі жаза қандай? Тек ескерту. Елімізде кез-келген әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғалмауы заңдардың отбасылық зомбылық құрбандарын қорғамайтынын көрсетіп отыр. Бұдан бөлек бізде экономикалық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік жоқ. Агрессор жәбірленушіні экономикалық, қаржылық тұрғыдан өзіне тәуелді болуға мәжбүр етіп, жасаған жаман істері үшін жазаланбайды. Егер де жәбірленуші полиция шақырып, агрессорды жазалауды талап ететін болса, ол күнкөріссіз қалады. Бұл өте қауіпті жағдай, мұнымен де күресу керек.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу